Ұлы даланың ұлағаты

Бурабай баурайындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжінде «Ұлы дала ұландары» тақырыбындағы  көшпелі  көрме ұйымдастырылды. 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай өткізілген көрме Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» экскурсиялық жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Ілкідегі ел қорғаған еңселі ерлер «тұлпар аунаған жерден түк қалады» деп тегін айтпаса керек. Ерен ерлік те, көзсіз батырлық та өнеге-үлгімен сабақтаспақ. Ерлерге шын жарасатын ерлік іс те азаматтардың тұла бойындағы алпыс екі тамырда атой салған елжандылық, ұлтжандылық сезімдерімен өріс жаймақ. Ұлы даланың батырлары институтынан бастау алған Алаш жауынгерлерінің алапат ерлік істері сан ғасырлық тылсым тарихты тегіс қамтып, толайым бейнелейді екен. Тарихи жадты сақтау, оның мұрасын бүгінгі ұрпақтың зердесіне қотарып құю басты міндеттің бірі болса керек.

–Қарулы Күштердің жоғары қолбасшысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, еліміздің әскері тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігіміздің мызғымас тірегіне айналып үлгерді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, – қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Қарулы Күштерді одан әрі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформа жүргізілуде. Бүгінгі шараны Щучинск қаласындағы әскери колледжде өткізуіміздің тәрбиелік және патриоттық мәні де зор.

Өз кезегінде колледж бастығы Ербол Нұржанов әскери қызметшілердің тарих тағылымымен астасқан іс-шарадан үлкен әсер алғандығын, бүгінгі күні байтақ далада күн кешкен бағзы заман баһадүрлерінің тұлпарының дүбірі естіліп тұрғандай сезімде екендігін жеткізді. Әрі сол тарихтың тағылымы бүгінгі күнмен сабақтасып, жас толқынның бойына қыруар рухани нәр құйып, кемелдендіре түсетіндігін жеткізді.

Көрмеге қойылған есте жоқ ескі кезеңде дала ерлері тұтынған қару-жарақ, киім-кешек үлгілері ғаламат әсер етеді екен. «Қазақ халқының жауынгерлік мұрасы.  Ер қаруы – бес қару» аудиториясында Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы қорғаған батыр бабаларымыздың әжетіне жаратқан көне қару үлгілері көрерменнің қызығушылығын туғызды. Ұлы Отан соғысы кезінде жауға тойтарыс берген қарудың кейбір түрлері де бар екен. Асылында, ер адам қолына қамшы ұстап, қару-жарақты көруге құмар болып тұрады емес пе?! «Қару-жарақ әлемі. Кольттан Калашниковқа дейін» аудиториясында нешетүрлі қару-жарақтың үлгілері топтастырылған.

–Ел ішіне шығып, осындай көрме ұйымдастыру өте ұтымды, – дейді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күляйша Ақтаева, – көне тарихтың көмбесін ақтарып, бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне жаратумен қатар,  ел басына күн туған шақта ел қорғаған ерлердің абыройлы есімдерін құрметтеу өте маңызды. Біздің көшпелі көрмеде «Ұлы Отан соғысы батырлары» бөлімі бар. Осы бөлімде қазақстандық жауынгерлердің өшпес ерліктерін жарқыратып көрсететін материалдар жинақталыпты. Майдан даласында біздің жерлестеріміздің 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атанса, Т.Бигелдинов, С.Луганский, Л.Беда және И.Павлов екі мәрте батыр атанды. М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанова тәрізді асыл жандардың ерліктері ел есінде мәңгілік жүреді емес пе? Әрі осы бір ерлік іс жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін әдемі тағылым.

Тағы бір бөлімде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қалыптасу тарихы бейнеленген. Көрменің арнайы бір бөлімі Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледж кіретін еліміздің әскери білім беру жүйесіне арналып отыр.

–Бүгін колледждегі білім алушылар ерекше оқиғаға куә болып отыр, – дейді колледж бастығының сержанттық құраммен жұмыс істеу бойынша орынбасары Ғалымжан Тәукебаев, – осындай өнегенің өрімдерін жас толқын сүйегіне сіңіріп, көкірегіне құйып алса, кемелдене түспей ме?!

Үш жүздің басын қосқан Абылай атамыз жаз жайлаған ата қоныста өткізілген өнегелі шараның әсерімен жас ұланның тұлғасы да Оқжетпестей асқақтап, биіктеп бара жатқандай. Өйткені, олардың жас жанына баһадүр бабалардың асқақ рухы құйылып, арман-мұраты биіктетіп тұр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Бурабай ауданы.

 1,582 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар