Сіңірген дән тербеліп өссін десеңіз…

Өткен жылғы қуаңшылық диқандар қауымын бұрынғыдан да ыждаһатты болуға шақырғандай. Табиғаттың қатал сынына төтеп берудің барлық жағдайы қарастырылуда. Қар тоқтатылып, ылғал жабылып, тыңайтқыштар жетіп тұрса, әрі тұқым өзіне қолайлы дәл қажет уақытында құнарлы да ылғалды жерге сіңірілсе өнім де болады.

Алайда, сол табиғат мінезінің құбылуын, әр жылдың өзгешелігі мен ерекшелігін  дәп басуды, қателеспеуді айтыңыз. Аталған жұмыстардың қай-қайсысын да  дер кезінде бастап, дер кезінде аяқтаудың маңызы бар. Қатар отырған шаруашылықтар да, аламан  бәйгеде аттың басын біреуі ерте, біреуі кеш жіберер шабандоздардай табиғат тамырын дәл басуға тырысып бағуда.

Міне, осы күндері «Сандықтау агро» серіктестігінің агрономы Алексей Суменко да осы қауырт шаруаның басы-қасында жүр. Өз шаруашылығы күзден бері атқарған шаруаларына көңілі толатындай-ақ. Енді, дәл осы шешуші шақта қателеспеуді көздейді. Ең бастысы, уақытты тиімді пайдалану. Оның айтуынша,жерде бір метр тереңдікке дейін ылғал бар. Оның үстіне топырақтың тұқым түсер тереңдігі талапқа сай ескеріліпті. Соған орай, шаруашылық диқандары қауырт қимылға кіріскен. Дала жұмыстары екі ауысыммен тоқтаусыз жүруде. Алқапта өнімділігі жоғары 3 кешен еңбек көрігін қыздыруда. Агроном шаруашылықтың машина-трактор паркін жаңартуға дұрыс көңіл бөлгеніне қуанышты. Өткен жылы ғана алынған Канадада жасалған «Бурго» кешенінің  біраз жұмысты өндіре атқарарына сенімді. Қазірдің өзінде 3 мың гектарға жуық жерге дән сіңірілген. Оның мың гектары жұмсақ бидай тұқымы болса, қалғаны майлы дақылдар.

Жалпы, аудан диқандары 324 795 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын екпек. Бұл өткен жылғыдан 790,3 гектарға көбірек. 50,9 мың тонна қажет тұқым дайын тұр. Сапасы тексерілген. Оған күдік жоқ. 1900 тонна аммофос және 33000 литр лингогумата, 896 тонна карбалид, 1142 тонна тағы да басқа құнарлы тыңайтқыш алынған.Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2,1 есе өсіп, 12,3 миллиард теңгеге жетіпті. 52 трактор, 57 комбайн, 17 егіс кешені алынған.

Егін жайынан тәжірибесі толыққан агроном Алексей Суменко соңғы уақытта өңірде қатты желдің қайта-қайта соғып, жер бетіндегі құнарлы топырақты көкке көтеруіне де алаңдаулы. Мұндай топырақты дауыл көк шүйгінді Арқа өңіріне, Көкше маңайына жат құбылыс еді. Енді қайта-қайта қайталанып тұр. Жаңбыр азайып, жер құрғап, жел жер бетін үрлеп әкете берсе, жаңа бір қиындықтар алдан шығуы әбден мүмкін. Мәселен, егістік алқапта қара шірінді азайып кетті. Диқандар   сондай жер сапасына лайық дән тұқымдарын ғана егу қажет болады. «Сандықтау агро» өңір табиғатының сондай өзгерістерін ескере отырып, болашақта суармалы егіске көшу жоспарын да ойластыруда. Ауыспалы егіс жайын да естен шығармай, іске асыру жер құнарын сақтаудың бір жолы болмақ.

«Малдың жайын баққан біледі» демекші, жылма-жыл егін өсіріп, оны баптап-күтіп жүрген диқандар жер-ананың да тылсым сырларына жетік. Өйткені, істің мән-жайын біліп, орнымен әрекет еткенде ғана ойдағыдай өнімге қол жеткізуге болады.

                                                   Серік САПАРҰЛЫ,

                                «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар