Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетаудағы №6 орта мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, өмірдің жаңа белесіне қадам басқалы тұрған жас түлектерге оң сапар тіледі. Салтанатты шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері, ата-аналар мен түлектер және мектеп оқушылары қатысты.
Жиын барысында өңір басшысы Ермек Маржықпаев педагогикалық ұжымға, оқушылар мен олардың ата-аналарына жылы лебізін білдірді. Биылғы 2021-2022 оқу жылында Ақмола облысында 4617 түлек орта мектепті тәмамдайды. Олардың 550-і «Алтын белгі» мен үздік аттестат үміткерлері екен.
–Құрметті түлектер,сіздер, өмірдің жаңа бір белесіне қадам басқалы тұрсыздар! Балалықпен қоштасып, болашаққа нық қадам басатын елеулі күн бүгін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Жастардың болашағы үшін елімізді барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта Сіздер де,Отанымыздың қарыштап дамуына үлес қосатын азамат болады деп сенемін.
Ел тәуелсіздігін алған 30 жыл ішінде білім саласының дамуына зор көңіл бөлінуде. Ақмола облысында да ілкімді істер жүйелі атқаралып келеді. Осы жылдар аралығында біздің өңірде 30 балабақша ашылып, 55 мектеп ғимараты мен оған жапсарлас қосымша құрылыс нысандары пайдалануға берілді. Өткен жылы №6 мектеп-лицейініңғимаратына жапсарлас салынған бастауыш мектептің ғимараты да осы еселі еңбектің жемісі екендігі анық. Алдағы оқу жылында тағы да 14 білім беру нысанын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Биыл Ақмола облысында 4617 түлек мектеп бітіреді. Олардың 550-і «Алтын белгі» мен үздік аттестат иегері болудан үмітті. Солардың арасында Көкшетау қаласындағы осы №6 мектеп-лицейінің түлегі Дильназ Әкімбекова да бар. Алдағы уақытта да жолдарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын!,– деді өңір басшысы.
Көкшетау қаласындағы №6 орта мектеп-лицейінің оқушылары қалалық, облыстық, республикалық білім жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарында. Мәселен, осы мектеп-лицейдің биылғы түлегі, триатлоннан бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, биатлоннан әлем чемпионы атанған Максим Шмулич бір білім ордасының ғана емес, біртұтас елдің абыройын асқақтатып жүрген жас өрендігін атап өтсек дейміз. Аружан Арынова, Зарина Сызанова, Ажар Шабиден, Андрей Гречко, Данил Бондаренко сияқты мектептің мақтанышына айналған оқушылардың да еңбегі орасан.
Мерекелік шарада педагогикалық еңбек ардагері Балыш Байбазарова құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымға ақжарма тілегін білдіріп, мектеп түлектеріне ақ жол тіледі. Салтанатты жиын барысында ата-аналар атынан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнагүл Елемесқызы сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына алғыс білдірді. Жиында мектептің бірінші сынып оқушылары үлкен өмірге жолдама алған түлектерге арнап, өлең оқыды.
Салтанатты шара соңында түлектер де ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылықтың алдында өз өнерлерін ортаға салды. Биылғы оқу жылында аталмыш мектеп-лицейді 75 түлек тәмамдап отыр. Жиын барысында әр сыныптың мен деген маңдайалды бір-бір түлегі ортаға шығып, мектеп ұжымына, жиналған қауымға ыстық ықылас, жылы лебіздерін білдіре келе, барлығы бірге аспанға ақ шар ұшырды. Түлектер вальс билеп, соңғы қоңырау соғылды. Соңғы қоңырау соғу құрметіне триатлоннан бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, биатлоннан әлем чемпионы Максим Шмулич мен бірінші сынып оқушысы, болашағынан зор үміт күттіретін талабы мол талантты жауқазын Адия Жандарбекова ие болды.
…Сыңғырлап соққан күміс қоңырау үні көкөрім жастарды үлкен өмір сапарына жетелеп бара жатқандай. Иә, жолың болсын, сәт сапар, жас түлек!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.