Химия саласына еңбегі сіңген ғалым

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Көкшетау облысы Зеренді ауданы Кеңөткел ауылының тумасы, химия ғылымдарының докторы, профессор Әуезхан Кәріпханұлы Тәшеновты еске алуға арналған «Химия ғылымының және химия білімінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті.

Оның жұмысына Басқарма мүшесі,  университеттің әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы, жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Неля Шапекова, Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласындағы фармацевтика институты талдамалы химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, доцент М.Фатхуллаева, Өзбекстан Ұлттық университеті талдамалы химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор З.Сманова және тағы басқа да белгілі ғалымдар қатысты.

Шақырылған қонақтар және конференцияға қатысушылар алдында пленарлық отырыста Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің химия және биотехнология кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұргүл Нұрмұханбетова «Мектеп және университет: ғылыми ынтымақтастық көкжиегі» атты тақырыпта баяндама жасады. Бұл оқу орнымен Әуезхан Тәшенов көп жылдар бойы ғылыми байланыста болып келді. Сондай-ақ, пленарлық отырыста Нұр-Сұлтан қаласынан Қ.Мұхамедханов атындағы  №90 гимназияның директоры Ахметжан Аятжан, аталған қаладағы №4 химия мектебінің мұғалімі, халық ағарту ісінің еңбек сіңірген қайраткері, еңбек ардагері Д.Аймағанбет, А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының профессоры, химия ғылымдарының докторы Т.Жұмаділов, ядролық физика институтының инженері Александр Зиберт, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, химия ғылымдарының кандидаты Г.Байсалова баяндамалар жасады.

Пленарлық отырыстан кейін ғылыми конференция өз жұмысын секциялық мәжілістерде жалғастырды. Жалпы, конференция жұмысына 185 баяндама ұсынылды. Қазақстанның көптеген қалаларынан, сол сияқты, шет елдерден 300-ден астам ғалым мен мектеп мұғалімі қатысты.

Конференциядан кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы №48 мектепте Әуезхан Тәшенов атындағы химия пәнін оқыту кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Қонақтарды мектептің домбырашылар оркестрі қарсы алды.

Осы арада мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру және оқу орындарының өзімен тығыз байланыс орнату мақсатында Әуезхан Кәріпханұлының 1997 жылдан бастап университеттің химия кафедрасы мен астана мектептері арасында белсенді жұмыстар жүргізгендігін айта кеткеніміз абзал. Кафедра зертханаларында оқушылар химиялық зерттеулер жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Сол қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын осы кафедра қабырғасында қала оқушылары үшін химия олимпиадасы өткізіліп отырады. Әуезхан Кәріпханұлы  жиырма жыл бойы қалалық химия олимпиадасы қазылар алқасының төрағасы бола жүріп, бұл тақырыптық олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне әрдайым күш-жігерін аянбады. Сол дәстүр мұнда әлі жалғасып келеді. Кафедра оқытушылары жыл сайын химия олимпиадаларының экспериментальді турын дайындап, өткізуде. Бұған қоса, олар ұлттық бірыңғай тестілеудің өзекті мәселелері бойынша семинарлар өткізіп, есептердің шешілуіне, химиялық сынақтардың өткізілуіне көмектеседі. Жылда мектептердің мұғалімдері үшін Химик күніне орайластырылып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады. Қала оқушыларының алдында Әуезхан Кәріпхановтың өзі «Атомның құрылымы. Химиялық байланыс» тақырыбына лекциялар оқитын. Бұл мектепте химия білімінің қалыптастыруда әрі маңызды, әрі өзекті  тақырыптардың бірінен саналады.

Халықаралық ғылыми конференцияда мектеп аудиториясының ашылу салтанатын мектеп директоры Зәуре Садықова жүргізді. Ал, дәстүрлі лентаны қию құрметі Өзбекстаннан келген қонағымызға, Ташкент фармацевтика институтының талдамалы химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, доцент М.Фатхуллаева мен Әуезхан Кәріпханұлының шәкірті, қоғам қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Абзал Талтеновқа көрсетілді.

Білім аудиториясының ашылу салтанатында А.Талтенов, А.Ахметжан, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, химия ғылымдарының кандидаты Ж.Жақыпова, Көкшетау қаласынан келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО кезіндегі мұғалімдердің соңғы Бүкілодақтық жетінші съезінің делегаты Сабира Манатова, еңбек ардагері Аманжол Ахметжанов және қостанайлық Бимырза Нұрсейітова, Разия Ержанова  сөз алды.

Қонақтардың назарына №48 мектептің оқушылары дайындаған химиялық эксперимент жөніндегі оқу сабағы, сондай-ақ, жас домбырашылардың өнері ұсынылды. Бұдан кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Әуезхан Тәшенов атындағы оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Онда аудитория лентасын кесу рәсімі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Қасымхан Құсайыновқа және еңбек ардагері Аманжол Ахметжановқа ұсынылды.

Бұл жолы жиналғандар алдында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Рысқұл Ойнаров, профессор, техника ғылымдарының докторы Шерім Төлегенов, кафедра меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әбілмәжін Адамов, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әбдірәш Ақылбеков, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Сәрсенбаев, техникағылымдарының докторы, доцент Абдолла Ахмедиянов сөз алды.

Туған бауырының құрметіне елордамызда өткен салтанатты шараға өкінішке орай, бұл күнде марқұм болып кеткен інісі, белгілі журналист, республикалық «Казахстанская правда» газетінің Ақмола облысы бойынша бұрынғы меншікті тілшісі Шыңғыс Кәріпханұлы Тәшенов және басқа да туған-туыстары қатысты.

Химия саласында еліміздің білікті бір ғалым маманы бола білгенӘуезхан Тәшеновтың, енді міне, бауыры Шыңғыс әріптесіміздің де жарқын бейнелері оларды білген барлық адамдардың есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,

ардагер журналист.

Суретті түсірген автор.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар