Хайретдин болғанбай және түркістан автономиясы

Хайретдин Болғанбай –халықаралық деңгейдегі қайраткер. Ол белгілі себеппен Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясына қатысты істерге атсалысқан. Осындай ерекше ісі большевизмге қарсы тұрған Орталық Азия халықтарының күресіне белсене қатысуынан да көрінеді. Бұл туралы башқұрт зиялысы, эмигрант Зәки Уәлиди Тоған мен эмигрант Мұстафа Шоқай естеліктерінде жазады. Алғашқы Түркістан автономиясы түрік халқына ортақ болатын.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ большевиктер Орта Азияның бір бөлігі мен Қазақстанның оңтүстігінде Түркістан автономиясын құруды қолға ала бастады. Болашақ автономия қандай болуы керек? Бұл сауал жас мемлекетті құрушыларды ғана емес, сол аймақта тұратын, еңбек ететін көзі қарақты Алаш балаларының да көкейінде тұрды, бейжай қалдыра алмады. Солардың бірі – Хайретдин Болғанбай еді. Аталмыш мақала осы мәселені өткір сөз етеді. «Түркістанның автономиялы болуы ондағы барлық халықтардың ең қасиетті тілектері екені белгілі. Өзгерістің басынан бері қара халық өзінің бұл тілегін әр жерлерде-ақ қақсап айтып келеді. Сол себепті үнінің жарыққа шығып, іске айналуына тілектес болмайтын жан жоқ.

Бірақ, большевиктердің жұртқа үндеу қылып отырған бұл автономиясы мен шын халық тілегі автономиясының арасы жер мен көктей. Халықтың бүгінге шейін тілеп келген автономиясы – жұрттың өз тізгіні өзінде болып, өзінің тіршілігіне шеттен ешкімнің араласпауы мағынасында. Халық бұл тілегін жарыққа шығаруға бұл күнге шейін ыждаһат қылып келді, әлі де болса, ыждаһат қылады», – деп жазады көптің көкейінде жүрген автономия туралы пікірін Хайретдин атам.

Иә, Х.Ә.Болғанбай Түркістан тұтастығына қызмет етті. Ол «Қазақ» газетіне 1917 жылы 2 желтоқсанда жолдап, 18 желтоқсанда жариялаған «Телеграм. Түркістан автономиясы» атты хабарламасында: «27 нойабырда Қоқантта уалаят мұсылман сиезі болды. Жерлі «Түркістан автономиясы» жарияланды. Халық шаттықпен қарсы алып тұр. Уақытша ұлт мәжілісі – жаңа үкімет сайланды. Ғинуарда Түркістанның ушередителни сабраниасы шақырылады. Үкіметтің уақытша тұратын орны – Қоқант» деп жазды.

Шағын ғана хабарламада қаншама дерек, елеулі тұжырым айқындалған. «Халық шаттықпен қарсы алып тұр» – елдік арманның, мұраттың жанғаны. Орындалғаны. Бәлкім Түркістанның, бәлкім Қазақстанның бағы ашылады. Қос жерде қазаққа қатысты қос автономияның тездетіп жариялануының қилы-қилы тарихы, тарам-тарам жолы бар. Бүгін де осы ниетті бұра тартпай, тұтастықта түсіне білуіміз керек.

«Бірлік туы» газетіне 1918 жылы 30 наурызда «Бортаң» деген псевдонимімен жазған «Өзгерістің бір тәулігі» атты мақаласын оқиық: «Әктәбірден кейін мемлекет ішінде талан-тараж бұрынғыдан да жаман күшейді. Жалпы халықпен байлар арасындағы өшпенділік шектен асты. Русияның көп шахарлары олардың хүкіметі танымаған соң бәрін бәлшеуиктер ішінде бір уақыттың өзінде әлде неше жерлерде соғыстар болып жатты. Бәлшеуик бүліншілігі басталысымен-ақ Русиядағы тегі бөтен жұрттардың бәрі іргелерін бөлек салып, өз бастарының қамын қарастыруға кірісті. Соның үшін олардың бәрі өз алдына афтономиялар алған етіп, өз тізгіндерін өздері ұстамақ болды. Баста бәлшеуиктердің өздері де әр жұрт өз тізгінін өзі алсын деген жарлық шашқан еді. Соңынан ол жарлықты екінші мағынаға бұрып, афтономия алған жұрттардың да істеріне қол сұқпақ болды. Сонымен бәлшеуиктер оларға да қарсы соғыс ашты. Ақырында қару күшімен жұрттың бәрін қамыстай жапырып, жаңа жасалған афтономиялардың күлін көкке ұшырды…».

Міне, шындық! Төңкерістің бүкіл ақиқаты, Алаштың амалсыз тығырыққа тірелген бүкіл трагедиясы осы дәйексөзде тұнып тұр.

Ал, Түркістан автономиясының немесе мұхтариятының шындығы бұдан да ауыр еді. Большевиктер бүкіл әскер күшті Қоқанға төгеді. Бала-шаға, қария, әйел заты демей, барлық жан баласын он бір күн, он бір түн қынадай қырады. Мұны Хайретдин Болғанбай («Бортаң») «Бірлік туына» (15.03.1918) «Тұла бойлары қан сасиды» деп жазады. Әрине, большевиктерді сипаттап отыр. Қайраткер ә дегеннен: «31-ші ғинуардан 10-шы феуралға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті. Ол күндер Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер!» деп трагедиядан ақпар беруден бастайды.

«Тоқаңдай күнәсі жоқ есепсіз мұсылман халқының қаны судай шашылып, жаңа ғана қылтиып өсіп келе жатқан бостандық гүлінің адам пішінді жыртқыштар табанында тапталған күндер – ол күндер. …Япырмай, осы сықылды үлкен масқара, зор сұмдық күндерін де Түркістан халқы  бір уақыт ұмыта ма екен? Жоқ, мың қабат жоқ! Неше бүтін сүйегіне құлдық сіңіп, тамырына ірің толса да, бұл күндерді ұмыта қоймас! …Тым болмаса, неше мыңдаған сәбилердің кінәсіз ыстық қандары мен кірсіз таза рухтары ұмыттырмас. Тым болмаса өмірінде бетауыздарын күннен басқа көрмеген мұсылман әйелдерінің сүттен аппақ намыстары бұл күндерді ұмыттырмас», –  деп жазады еңірегенде етегіне жас толған Хайретдин. Кірпігіңді жасқа шылап оқып отырып Хайретдин атам жазғандай емес, ол күндердің сол кезде-ақ ұмытылғанына жаның ауырады. Ол күндердің азасын Хайретдин атам сияқты ерлердің алып кеткенін ойлап, жүрегіңе қан толады. Қаламгер жазбасының мына жолдарын бейжай оқу мүмкін емес: «Сорлы Түркістан! Сен кеше бостандық болды, теңдік күн туды деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Ресейдің үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырыңды еске алдың ғой. Жоқ, босқа алданғансың! Шеттен келген буменен өлген теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын! Сырттан – Ресейден, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды. Сен әлі тоңсың, күнің ыстық болса да саған әлі бостандық қызуы кірген жоқ. Енді мына көз алдыңда судай аққан кінәсіз қандар сенің бойыңа жылу жүгіртсе, сонда ғана жылынасың. Сонда ғана Темірлер мен Бабырларды көресің… Аһ, айнала қан сасиды!.. Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын. Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда, қалың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады …түсіме енеді».

Дәл осылай ақиқатты намысты жанып айту, бейнемен де, тура суретпен де жеткізу – әрі өжеттік, әрі «ар ісінің» жөні. Ақын Мағжанның «бір кемі жоқ, бір теңі жоқ» деуінің астары да, сыры да осында болса керек.

Х.Ә.Болғанбай осы жолдар арқылы бір жағынан ұлт намысын қоздыра, арын шабақтайды, екінші жағынан  қараңғылық пен надандықтың құшағынан әлі шыға қоймаған қалың қазақты өз уысынан шығарғысы келмеген, большевиктердің зұлымдығы мен озбырлығын, қатыгездігін әшкерелейді. Мақалада большевиктерді адам пішінді жыртқыштарға теңеп, маңдайларына қарғыстың қара таңбасын басады.

«Әр ұлттың, әр халықтың автономия құруына, өз бекіністерін өз қолдарына алуына біз қарсы емеспіз» – дей келіп, артынан ондай ұлттар теңдігі мен автономия жолындағы айрықша белсенді күрескерлерді анықтап, «ұлтшылдық» айдарын тағып, Қоқанда істегендей бүкіл халықты қыру большевиктердің аярлық саясаты еді. Мұны «Өзгерістің бір жыл тәулігі»  деген мақаласында Х. Болғанбай – «Бортаң» тағы дәлелдей түседі.

Хайретдин Болғанбай Түркістанның тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тігіп, қалам мен қаруды қатар алып, жан аямай күреске түскенін аңғарамыз.  Түркістанның тәуелсіздігі үшін жанын құрбан еткен Хайретдин Болғанбай түбі бір түрік халықтарының тұтастығын ойлаған үлкен жүректі азамат, жәдитшіл қайраткер болғанын айғақтайды.

Достық КӘМЕЛОВ,

экономист-саясаттанушы,  Х.Ә.Болғанбай атындағы саяси репрессиялар  кұрбандары республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, жиен немересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар