Даму көрсеткіштері бойынша алдыңғы орында

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шортанды ауданының әкімі Бауыржан Мәлғаждаров Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында аймақта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы брифинг өткізді.  

–Біздің аудан экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыста алдыңғы орында. Нақтырақ айтсақ, ауданға түскен инвестиция көлемі 118,6 пайызды, өнеркәсіп өндірісі 192,3 пайызды, ауыл шаруашылығы өндірісі – 101,6 пайызды, сауда 104,8 пайызды құрады, құрылыс-жөндеу жұмыстары 2 есеге дейін өсіп, тұрғын үйді пайдалануға беру 106,5 пайызға жетті. Еңбекақы төлеудің шынайы өсім индексі айтарлықтай өсіп, аудан облыс бойынша жалақы төлеуден бірінші орынға шықтық. Орташа еңбекақы 222,6 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 60,7 мың теңгеге өсті, –деді Бауыржан Мәлғаждаров.

Аймақтың экономикалық өсім көрсеткіштері бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына оң ықпалын тигізіпті. 2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша жергілікті бюджетке 489,6 миллион теңге салық түсіпті, бұл жоспардың 123,4 пайызын құрайды. Инвестициялық салымдар жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Жалпы, жыл басынан бері ауданда тіркелген жұмыссыздар саны 109 адамды құраған, халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасуға көмек сұрап 134 адам жүгінген, сөйтіп, барлығы 158 адам жұмысқа орналастырылған.

Аудан әкімі аймақтың даму көрсеткіштерін баяндай келе, негізгі кәсіпорындардың жұмысына тоқталды. Жолымбет кентінде «Алтын Алмас» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының кен өндіру комбинаты жылына 1 миллион тоннаға дейін кен өндіреді.

–Астана маңында орналасқанын ескерсек, біздің ауданның құрылыс саласында перспективасы зор. Жобалық қуаты жылына 2 миллион кірпіш шығаруға қауқарлы  «Бозайғыр» зауыты бар. Сонымен бірге, Бектау ауылында қосымша 25 жұмыс орны құрылатын «КирпКаз» серіктестігін жаңғырту жүргізілуде, –дейді аудан әкімі

«ХПП Төңкеріс» серіктестігінің диірмен кешені тәулігіне 200 тоннаға дейін ұн тарта алады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Брифингте аудан басшысы өңірдегі өзекті мәселелерді де алға тартты. Мысалы, аймақтың 5 елді мекенінде интернетті қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр.

Аудан орталығын жаз маусымында сумен қамтамасыз ету де  өзекті мәселе. Биыл кенттегі жазғы су құбырын күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатта облыс қазынасынан 30 миллион теңге бөлінген көрінеді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар