Тау үстінде тутұғыр, тутұғырда Туым тұр!

(Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы толғаныс)

Тәуелсіздігіміз мәңгілік, егемендігіміз  еңселі, кешкен ғұмыр, сүрген өміріміз берекелі де мерекелі болуы үшін әрқайсымыз  тер төгіп, қал-қадерімізше өз үлесімізді қосуымыз керек! Бұған шүбә бар ма?! Алайда, мен, өзім не үлес қоса алар екем? Не қауқарым, не қайратым немесе не жабдығым, не қайлам бар? Иә, бары қолымдағы қаламым екен. Менің балалар әдебиетіне ден қоюым, әңгіме, ертегілер мен мысалдар жаза бастауым осы ойдан басталған еді. Қасиетті қазағымның асыл мұраларын, мазмұнға толы мақал-мәтелдерін, сыры терең салт-дәстүрлерін сол шығармаларым арқылы балаларға там-тұмдап жеткізе бергім, жастай саналарына сіңіре бергім келді.

Тағы бір қатты толғантатын мәселе балдырғандардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін ардақтай, құрметтей білуі. Өйткені, олар егемен елде, төбемізде көк байрағымыз желбіреп, төрде елтаңбамыз жарқырап, әуеде  әнұранымыз шырқалып тұрғанда туды. Сондықтан, оларға ылғи да, өмір бойы солай болып тұрғандай болып көрінер-ау, олардың қадір-қасиетін жете түсіне бермейді-ау, деп уайымдаймын.

Жасыратыны жоқ, есіме өткен күндер түседі. Бала күнімізде қызыл ту ұстап, қызыл галстук тағып, барабанымызды қағып, белгісіз бағытқа маңып бара жатпап па едік? Ненің байыбына бардық? Басқаға үйретті, бұра тартты. Намаз оқыған кәріге «ескіліктің сарқыншағы, надандықтың нышаны» деп, мүсіркей  қарадық. Мақамдап, мақалдап қазақша сөйлегендер ауыл-үйден аса алмай қалды. Техникалық жоғары білім алу үшін «аға тілге» жүйрік болмасаң, жолың кесілді дей бер. Ауылда өскен қазақ баласы көбіне оқулықтары бұрмаланып жазылған, тарихы тілдей кітапқа сыйған гуманитарлық білім беретін факультеттерден табылатын. Атеизм, Кеңестер Одағы коммунистік партиясының тарихы, кемелденген коммунизм деген сабақтардың беделі үстем болатын. Дініміз тұншығып, тіліміз тұсалып, қалпымыздан айырылып бара жатқанымыз шын еді. Құмартып, көз тіккен көкжиегіміз басқа бағыттан қол бұлғайтын.

Сөйтіп, тамырымыздан айырылып, қалпымыздан адасып, айдалаға бет түзеп тұрғанда табылған, есімізді жиғызып, еңсемізді тіктеген тәуелсіздігіміз емес пе?! Тек, аштықты да, қуғын-сүргін қырғынды да сан мәрте көріп, қанша тентіресе де бұл қазақ тектілігінен айырылмапты. Апыр-ай!.. Әлиханы, Ахметі, Сәкені, Міржақыпы, тағы басқа асылдарынан айырылса да, олардың көкірегінде кеткен армандарынан айырылмапты! Талып жеткен тәуелсіздік таңына қуана алды, қалпын тауып, алға қарышты қадам баса алды, қазағым!

Алғаш өзіміздің әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз желбірегенде, елтаңбамыз белгіленгенде, қалай шаттанып едік, шіркін?! Сол сезімді, сол әсерді, сол қастерлі сәттерді балғын бөбектерге айтып, жеткізуіміз керек! Ол тарихты жас ұрпақ біліп, бас ие білгендері жөн! Өз туың көкте ойнап, өз әнұраның шарықтағанға не жетуші еді, жалғанда?!

Содан ба, Тәуелсіздік қадірін терең ұғынғаннан ба, біздің әрбір мемлекеттік рәмізіміз ерекше! Терең мазмұн мен мағынаға толы! Қарасаң, қуаныштан жанарыңа жас үйірер елтаңбаң – әне! Сонау заманнан қолына қайқы қылышын алып, еркіндік үшін алысқан сағы сынбас қайсар жұртыңның арман-мұраты орындалғанын көрмейсің бе?! Оның ертеңге деген қалтқысыз сенімі, еш кіршіксіз пиғылы, киелі қара шаңырағының амандығын ойлаған ақ ниеті, қанатты тұлпардай арманшыл, еркін жаратылысы, «Жұлдызым –, жоғары!» дер, келер күндерге деген құлшынысы сөйлеп, демеп тұрған жоқ па сені?!

Елтаңба авторларының бірі – халқының ой-ниетін өрнектеуге  жан-тәнімен құштар болған Жандарбек Мәлібековпен жолығып, оның тебіреністі әңгімесін де тыңдап едік-ау! Екінші авторы мына іргедегі Сырымбетте дүниеге келген сонау өткен тарихи тұлғалардың сарқыты Шот-Аман Уәлихан! Қай-қайсысы жайында болсын, сөйлеп бір кеткің келеді!

Кең-байтақ, шексіз аспандай көгілдір түсті, сол шайдай ашық аспандай әлем ортасынан орын тепкен арайлы күн, оның астында қалықтаған қыран бүркіт қанатын еркін қаққан ғажайып ту сенің туың! Сабына таман ұлттық ою, өз ұлтыңның өрнегін көресің. Өз туың көзіңе оттай басылады! Аспанның ашықтығын, көңілдің адалдығын, қиялдың шексіздігін көксеген қазағыңның ой-арманы биігіңде желмен ойнайды! Әрқайсымызға осыншама ыстық, осыншама жақын, осыншама түсінікті тудың авторы Шәкен Ниязбеков.

Ал, әнұранымыз ше?! Оны білмейтін, оған қосыла кетпейтін жан бар ма?! Сөзін жазған қазақтың талантты ақыны Жұмекен Нәжімеденов пен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған ғажайып композитор Шәмші Қалдаяқов. Өнер туындылары туралы «Жүректен шықса ғана жүрекке жетеді» деп жатамыз. Міне, бұл туынды шын мәнісінде жүректен шыққан, үлкен ой, тебіреністен туған дүние! Сөзі мен әні үндескен, әрі жеңіл де қарапайым, әрі мағынасы тұңғиық терең шығарма! Бейне бір қазағың шабыттана, шарықтата шырқасын, кеудесіндегі Отанына деген махаббат пен ілтипатты төксін деп табиғаттың өзі жаратқандай!

Мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілер дейтін болсақ, біздің әрбір рәмізіміз ерекше ынтамен, шексіз құрметпен, риясыз шынайылықпен дүниеге келген шығармалар екендігін сезінеміз. Оны ұқпау, сезінбеу, сірә, мүмкін емес. Сондықтан да, ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығымен 1996 жылдың 24 қаңтарында белгіленген бұл рәміздер халқымыздың жүрегінен орын алып, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олардың орындалу сапасы, орналастырылуы, өңіп-тозбауы, әрқашан талапқа сай қалпында болуы қадағаланады. Қазақстанның әр тұрғыны мемлекеттік рәміздерді қадірлеп-қастерлеу керектігін біледі.

Қазақстанның әр өңірі, әр қаласы тутұғырын ең бір көрнекті, ең бір салтанатты жерге орналастыруға тырысады. Осы ретте Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы тутұғырдың қала жанындағы Бұқпа тауының биігіне орнатылуы өте сәтті шешім болды. 2021 жылдың 27 тамызы күні Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында ол нысанды облыс әкімі Ермек Маржықпаев ашқан болатын. Содан бері мемлекеттік ту 100 метр биікте желбіреп тұр!

…Жақында, мектептерде биылғы оқу жылы қортындыланып, соңғы қоңырау қағылды. Осы өңірдегі ең тарихи, жүз жылдық тарихы бар №3 мектептің 8-ші «ә» сыныбын үздік бітірген немерем Айсананы Бұқпа таудың басында желмен ойнап, асқақ желбіреген көк байрағымызға апардым. Табыссын, тұшынсын, жігері жанылсын деген мақсат.

–Туымыз қандай биікте тұр! Не деген керемет көрініс?! – деп қуанышын жасыра алмай тебіренді немерем.

–Міне, қазағыңның туы әркез осылай биікте, асқақ желбіреп тұруы үшін сендер ана тілдеріңді жақсы біліп, үздік оқып, білімді болып, туған Отанды гүлдендіру үшін аянбай тер төгулерің керек! – дедім мен оған.

Тау басындағы тутұғыр түбінде айтқан бұл сөзім, барлық балғын бөбектерге арнаған сөзім, аталық аманат-тілегім  еді. Еліміздің болашағы жастар, бүгінгі балалар. Ендеше, бар білгенімізді балаларға айтудан, үйретуден, оларға үлгі болудан жалықпайық! Тәуелсіз еліміз аман болып, көк байрағымыз желбірей берсін!

                                                                     Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

                                       ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар