Мал шаруашылығын дамытуда бетбұрыс бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Ерейментау ауданы негізінен, мал шаруашылығы, егіншілік, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша дамып келеді. Аудан халқының саны 28 436 адам. Өңір 1 аудандық дәрежедегі қала және 9 ауылдық округке бөлінген. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 7,5 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, бұл 2021 жылдың сәйкес  кезеңімен салыстырғанда 137,7 пайызды құрады. Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлес салмағы 1,7 пайыз. Яғни, төмен.

Электр энергиясының негізгі көлемін «Бірінші жел электр станциясы» серіктестігі мен «Голден Энэрджи Корп» серіктестігі береді. Тау-кен өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2,7 миллиард теңге, аудан бойынша үлес салмағы 36,0 пайыз. Нақты көлем индексі 128,6 пайыз болды. Өсім 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мыс кенін өндіру көлемін 1,6 есеге ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1,5 миллиард теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы, орман, балық шаруашылықтарының жалпы өнімінің көлемі 7,2 миллиард теңгені құрап, 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында мал мен құстың барлық түрлерінен 3,8 мың тонна  ет, 1 295,8 мың дана жұмыртқа өндіріліп, сатылды. Қазір ауданда 70,6 мың бас ірі қара бар болса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,5 пайыз. Ауданда мал шаруашылығын дамытуға, үлкен бетбұрыс бар. Осы құлшыныс көп кешікпей өз жемісін береді деп күтілуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,3 миллиард теңге көлемінде болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,5 пайызды құрады.

Биылғы жылы екі 45 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Оның біреуі несиелік пәтерлер, екіншісін кезекте тұрған тұрғындар алды. Жалпы, құрылыс жұмыстарының көлемі 282,9 миллион теңгені немесе сәйкес кезеңмен салыстырғанда 140,4 пайызды құрады. Ағымдағы жылы Ерейментау қаласының сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғыртуға, магистральдық желілерге қайта қосуға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін трансферттер есебінен 421,9 миллион теңге бөлінді. Ерейментау қаласының жолдарын орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 50,0 миллион теңге қарастырылған. Сілеті, Жаңажол ауылдарының су желілері жаңартылып, жөнделмекші.

Ауданда 2006 шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Жыл басынан бері бөлшек тауар айналымының көлемі 1,0 миллиард теңгені құрады. Осындай мәліметтерді айта келіп, Абай Еламанұлы салық, әлеуметтік сала мен мәдениет саласындағы жұмыстарға тоқталып, журналистердің сұрақтарына орай, бүгінгі таңдағы көктемгі егіс жұмыстарының барысы, мал шаруашылығының дамуы, жайылым жерлер мәселесі, Көбейтұз көлінің жағдайы, туризм саласындағы жоспарлар, тағы басқа мәселелер жөнінен айтып берді. Айта кетер болсақ, көпшіліктің қызығушылығын туғызған Көбейтұз көлін Экология министрлігі зерттеп, оның суының адам ағзасына зияндылығын анықтаған. Сондықтан, көл жағасына ескерту тақта орнатылған. Келушілер көл жағасында суретке түсіп қана қайтуда.

                                         Серік САПАРҰЛЫ,

                                         «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар