Мемлекеттік тудың авторы

Шәкен Ниязбеков жайлы эссе-толғау

Осыдан оншақты жыл бұрын, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында астаналық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтың 70 жасқа толуы құрметіне орай, елорда төрінде жоғары оқу орын студенттерімен келелі кездесу өтті. Осы бас қосуға модераторлық жасау міндеті ғайыптан бізге жүктелгендіктен, қонақпен алдын ала тілдесіп, ол кісінің өмір-тарихына қаныққан едік. Бүгінгі таңда ардагер аға өмірде жоқ. Бірақ, аты мемлекеттік тудың авторы ретінде тарихта қалды.

Талабы таудай тума тұлға

Алғаш көргенде аңдағаным, Шәкен аға арнасы кең, ағысы білінбейтін үлкен дария сияқты екен. Ешқашан еліп етпейді. Әуелі жер бауырлай көтеріліп, асықпай екпіндеп, қалықтай көтеріліп, қияға қиялай тартатын қырандар секілді, әңгімесін баяу бастады:

– Негізі менің туған жылым теріс жазылып кеткен. Шындығында, 1935 жылы шала туыппын. Тіпті кірпігім де қимылдамайды екен. Содан ағайын-туғандар «мына шала туған шақалақ сірә адам болмас» бір күні шетінеп кетер деп, метірке алуға асықпапты. Құдайдың қуатымен тірі қалыппын. Жасым үшке толғанда ағайындарымыз: «ойбай-ау, мына бала өлмейді екен, енді бұған куәлік алайық!» деп, адам санатына қосыпты. Оның сыртында, бес жасқа толғанға дейін өздігінен жүре алмайтын «мешел бала» атанған жайымыз тағы бар. Міне, білгің келсе, менің өмір-тарихым осылай басталады қарағым…

Жарықтық, терең күрсінді. Себебі, 12 жасында әке-шешеден бірдей айырылып, тұл жетім қалыпты. Жалғыз қарындасын жетелеп, детдомды паналаған. Оқуды орысша бастапты. Әдеті жыбырлап, сурет сала береді екен. Бір күні интернатта бірге оқтын Виссарион Ли дейтін кәріс досы:

– Шәкен, екеуіміз Ленинградқа барып сурет салу мектебіне оқысақ қайтеді, қалай қарайсың? – дейді.

Ағамыз «мақұл» дейді. Сөйтіп, В.И.Мухин атындағы көркемөнер училищесіне қабылданып, оны 1958 жылы үздік бітірген соң оқуын Ленинградтағы Суретшілер және дизайнерлер академиясында жалғастырады. Осында табан аудармай алты жыл оқыпты.

Шәкен Оңласынұлы тек суретші ғана емес, талабы таудай тума талант. «Волга» жеңіл автокөлігін тұңғыш құрастырған бес өнертапқыштың бірі. Оны бүгін екінің бірі біле бермейді.  Сонымен қатар, геральдика жасаудың шебері. 1982 жылы Одақ көлемінде өткен плакат түрлерін жасау байқауында бас жүлде алған. Алматы қаласы гербісінің авторы. Академияда оқып жүрген жылдары «Глобус» теледидарының дизайнын жасап, әлемді таң қалдырған.

– Бұл электрониканың техникалық базасы әлі қалыптаспаған заман-тын. Дүние жүзіндегі барлық телевизор атаулы лампа арқылы жұмыс істейтін. Лампаларды алмастыру арқылы телевизордың экранын үлкейтетін әдіс ойлап табу туралы халықаралық конкурс жарияланды. Бәйгеге қатысушыларға жартылай өткізгіш схемасын қолдануды шарт етіп қойды. Сонымен, мен үй ішінде айналып тұратын телевизор ойлап таптым. Оған «глобус» деп ат қойдым. Құрылғы айналмалы қондырғыға орнатылды. Үйдің кез-келген бұрышында отырып, пультті басып қалсаңыз экран өзінен-өзі айналып сізге қарап тұра қалады, – дейді ағамыз.

Қызық болғанда таланты қазақтың  бұл жаңалығын жапондар ұрлап алыпты. Содан халықаралық сот болады. Сот: «сен жаңалығыңды жапондарға ұрлап саттың» деп Шәкеңе жаза жүктеуге шақ қалғанда, мың болғыр жапондар ұрлығын мойындап, ағамыз аман қалған екен.

Ту қалай жасалды?

– Бір күні жұмыста отыр едім. Президент аппаратында істейтін Ербол Шәймерденов дейтін азамат хабарласты:

–Шәке, осылай да, осылай Мемлекеттік Тудың конкурсы жарияланып жатыр, қатысыңыз, – деді. –Мен барлық ісімді жиып қойып, ту жасауға кірістім, – дейді Шәкен аға.

Сөйтіп, ағамыз ең әуелі әлемдегі барлық мемлекеттердің туын қарап шығыпты. Содан өзіне үш шарт қойыпты: біріншіден, туда қазақ халқының дүниетанымына тән белгілер болуы керек. Екіншіден, дүние жүзіндегі ешбір елдің туына ұқсамайтын ерекше түс пен түр (форма) қажет. Үшінші шарт – тудың саяси маңызы күрделі емес, ашық, нақты сипатты бейнелейтін түсінікті болғаны жөн.

Реті келгенде біз: «Жоғарыда өзіңіз айтқан үш шарт Тудан толық көрініс тапты ма?» деп сұрадық. Шәкен ағамыз:

– Тапты. Біріншісі, оның – түсі. Екіншісі – ортадағы Күн мен Қыран. Үшіншісі – Қошқар мүйіз ою. Тудың түсі көк болған себебі,  бұл түс – адалдықтың, тазалықтың, бейбітшіліктің белгісі. Ал Күн күллі – тіршілік көзі. Сондықтан, салдым. Тудың жобасын талқылау барысында, күннің орнына мұсылманның айқасқан «сегіз бұрышын» салу қажет деген пікірлер де айтылды. Мен оларға «оны Әзірбайжан туыстар алып қойды, сенбесеңіздер туына қараңдар» деймін. Келесі біреулер: «шаңырақ қалып қойыпты» деді. Мен: «шаңырақты қырғыз бауырларымыз алып қойды» деймін. Одан кейін «шаңырақ Елтаңбада тұр, сол жетпей ме» деген уәж айттым. Ал, Қыран құсқа ешкім қарсы келген жоқ. Бәрі бірауыздан қолдады. «Қыран құсты не себептен салдыңыз?» деген сұраққа: «1269 жылы Италиядан шығып қазақ даласын көктей өткен венециялық саяхатшы Марко Поло өз еңбегінде: «далалықтардың әрбір үйінде бір-бірден бүркіт бар» деп жазған, оның сыртында Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы, деп жауап бердім.

Осы орайда, Мемлекет Туын жасау конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылғанын білеміз. Қаншама талқылаулар болды. Ту қабылданатын күннен бір тәулік бұрын ағамыз жасаған барлық эскиздерін арқалап, саяжайына барып, тудың макетін, күнді және бүркіттің қанаттарын қолдан қиып, оюын жасап шығыпты. Жұмысты таңғы сағат төртте бітіріп, қаттап-бүктеп қағаз жәшікке салып қойып, көз шырымын алуға қисайыпты. Ояна келсе, күн баяғыда көтеріліп кеткен. Келсе, конкурсты ұйымдастыру комиссиясының хатшысы Ербол Шәймерденұлы «Неге кешіктіңіз?» деп ренжіпті. «Ұйықтап қалдым» дейтін емес, ағамыз үндемей тұра береді. Ұйықтап қалудың салдарынан комиссияға ең соңында кірген екен.

«Туымды жазып көрсеттім. Марқұм Өмірбек Жолдасбеков: «Біздің іздеп таба алмай отырған ту осы емес пе?!» деп орнынан атып тұрды. Басқалары да шулап кетті» дейді Шәкең.

Осылай конкурстан жоғары баға алған Ш.Ниязбеков жұмысын арқалап Жоғары Кеңеске барады. Ол жерде аздаған өзгеріс енеді. Тудағы оюлар алғашында өсімдік пішіндес, әрі бояуы қызыл түсті болған екен. Оюдың түсі сарыға өзгеріп, өсімдік пішін қазіргі тудағы «қошқар мүйіз» бейнесіне ауысыпты. Сөйтіп, Туымыз дүниеге келген екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар