«Менің Туым – менің Қазақстаным»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған «Менің Туым – менің Қазақстаным!» атты патриоттық акциясына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан жерлестеріміз бұл күні Алғыс хаттармен марапатталып, Бразилияда өткен сурдлимпиаданың қола жүлдегері Алдияр Балташев пен Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне облыс әкімі атынан қаржылай сертификаттар табыс етілді.

Осыдан тура 30 жыл бұрын алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанымыздың жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл еліміздің тарихында Ту, Елтаңба және Әнұранымыздың күні ретінде сақталады. Көкшетау қаласының орталығындағы амфитеатр алаңында өткен акция мемлекеттік рәміздерімізді жастар мен жөспірімдерге насихаттап, оның қадір-қасиетін түсінуге, құрметтеп, әрқашан биікте ұстауға бағытталды. Әсіресе, жастарға спортшыларымыздың әлемдік додаларда көк туымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқандағы тебіреністі сәттерін өз ауыздарынан естіртудің үлкен мән-маңызы бар.

Мемлекеттік Әнұранды шырқаумен басталған акцияда облыс әкімі барша жиналған қауымды құттықтап, сөз сөйледі.

–Мемлекеттік рәміздер Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің басты символдары. Олар еліміздің егемендігі мен бітұтастығын бейнелейтін берік негіздерінің бірі. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда еліміздің басты нышандарын белгілеп алдық. Біздің мемлекеттік рәміздеріміз барлық іс-шаралардың негізгі атрибуттары болып табылады. Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін әркім әрқалай танытады. Мәселен, спортшылар әлемдік додаларда ел намысын қорғап, көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды аспандатады. Ғалымдарымыз жаңалықтар ашып, еліміздің білім жолындағы жетістіктерін паш етеді, ал,  диқаншылар алтын астықты қамбаға толтырады, – дей келе, облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістіктерінің бірқатарына тоқталды. Бұдан соң, 2016 жылғы бокстан әлем чемпионы Дина Жоламанмен бірлесіп, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына жаңадан қосылып жатқан қала мектептерінің үздік оқушыларына ұйымның галстуктарын салтанатты түрде тағып берді және ұйым мүшелерінің антын қабылдап алды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, оның берік нығаюына біздің жерлестеріміздің қосқан сүбелі үлесі зор. Осы орайда, облыс әкімі өңірдің дамуына аянбай еңбек етіп, қоғамдық және шығармашылық жұмыстарда өздерінің кәсіби білім-біліктерімен көзге түскен, отансүйгіштіктерімен, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін іспен көрсеткен жерлестерімізге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Олардың ішінде Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген ардагері Болат Жанәділов, «Ел жастар» жастар театрының жетекшісі, талантты актер және «Замандас», «Толағай» жобаларының авторы Ерден Нұрмұхамет, 11 айлық балаға аса ауыр операция жасап, өмірін сақтап қалған Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-хирургы Қайрат Рамазанов, бір жыл бұрын өзен суына батып бара жатқан 8 жасар қызды және оның мұғалімін құтқарып қалған атбасарлық Талғат Докумбаев және мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған түрлі байқауларға қатысып, ерекшеленген жастар бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекеттік рәміздерімізді әлемдік спорт додаларында танытып, көк байрағымызды желбіретіп жүрген спортшыларымыз да бұл салтанатты шарада облыс әкімінің қолынан сый-сыяпаттарын алды. Жақында Стамбулда өткен әлем біріншілігінде  әйелдер арасындағы бокстан қола жүлдегерлер атанған Дина Жоламан мен Карина Ибрагимоваға 2 миллион теңгенің сертификаттары, олардың бапкері, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы Александр Высоцкийге 1,5 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен бірге, осы жылдың мамыр айында Бразилияда өткен жазғы сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен қола жүлдегер атанған  Қазақстан Республикасының спорт шебері,  жерлесіміз Алдияр Балташевке пәтер алуға сертификат берілді, ал оның жаттықтырушысы, «Мерген» мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының жетекшісі Ерсана Қапаров 1,5 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар