Қазақстандықтардың 79,4 пайызы Ата заңға енгізілетін өзгертулерді қолдады – Exit poll

– Exit poll нәтижесінде қазақстандықтардың 79,4 пайызы Конституцияға енгізілетін түзетулер мен өзгертулерді қолдап дауыс берді. Бұл жайында «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Татьяна Башарина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі сайлау учаскелерінің шыға берісінде Exit poll өткізді. Сауалнама алу 375 учаскеде, оның ішінде 225 қалалық және 150 ауылдық референдум учаскесінде жүргізілді. 15 мыңнан адамнан сауалнама алынды. Зерттеу қорытындысының қателігі 2,7 пайызды құрайды. Демократия институты Exit poll бірінші рет өткізіп отырған жоқ. Ол Қазақстанда 2007 жылдан бергі сайлау науқандары кезінде бейімделген әдістеме арқылы жүргізілді», – деді бірлестік директоры КТК телеарнасының тікелей эфирінен.

Оның атап өтуінше, сайлау учаскелерінің шыға берісінде дауыс берушілерге бірлестіктің сауалнама алушылары «Сіз Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап әлде қарсы дауыс бердіңіз бе?» деген сұрақ қойған. Сонымен қатар сұхбат алушылар дауыс берушілердің белсенділігін де тіркеген.

«Exit poll қорытындысы бойынша референдумға қатысу 66,3 пайызды құрады. Жақтап дауыс бергендер – 79,4, ал қарсы болғандар – 20,6 пайыз», – деді Татьяна Башарина.

Бұдан бұрын хабарланғандай, референдум барысында ел тұрғындары Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты өз дауыстарын берді.

5 маусымда астана уақытымен сағат 21.00-де еліміздің барлық өңіріндегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды. ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Ата заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты өткізілген республикалық референдумда 8 030 739 азамат бюллетень алғанын айтты.

Осыдан тура бір ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар