Ақмола облысының прокуроры Айдос МАЙЛЫБАЕВ: «Жерге қатысты халықтың талап-тілектерін өте мұқият қарауға кірістік»

Ақмола облысы Қазақстанның іргелі аграрлық өңірлерінің бірі болып табылады. Өңір халқының басым  бөлігі осы агроөнеркәсіп саласында еңбек етіп, астық өсіреді, мал шаруашылығымен айналысады. Әрине, шаруаларға өз кәсібімен толыққанды шұғылдану үшін жер қажет. Қазақ елінің жері қаншалықты кең болса да, соңғы жылдары осы жердің жетіспей жатқандығы жайлы пікірлер көбейіп, тіпті дау-дамайлар да орын алып жатқаны жасырын емес.

Қазіргі жер дауының мәселесі бір күнде туа қалмағаны да анық. Ол ұзақ жылдардан бері қордаланып келген мәселе. Қазір бір уақытта, яғни, осы кезеңде пайда болып отырған жерге қатысты  шаруалардың шағымдарын қарау нақтылы қадамдар мен шешімдерді қажет етіп отыр. Және де  жерге қатысты басты мәселелердің тағы бірі, бүгінгі күні  шаруалардың қолдарындағы жерлер қаншалықты тиімді пайдаланылуда, игерілмей жатқан жерлердің көлемі қандай екендігін нақтылай білумен бірге, пайшылардың жерлерге шартты үлестеріне қатысты дауларды заңмен қалай реттеуге болады деген мәселе мені де қатты толғандырады. Бұл орайда, құқық қорғау органдары қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Соны білмек оймен жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде  Ақмола облысы прокуратурасында осы жер төңірегіндегі мәселелерге  байланысты  өткізілген жиналысқа да қатыстым.

Сол жиналыстан соң облыс прокуроры Айдос Серікханұлы Майлыбаевпен сұхбаттасып, халықты, соның ішінде ауыл адамдарын толғандырып жүрген мәселелер бойынша бірнеше сауалдар қойып, ой бөлісіп едім. Соны  назарларыңызға ұсынып отырмын.

– Айдос Серікханұлы, бүгінгі күні осы жер қатынастары мәселелері бойынша прокуратура тарапынан қандай проблемалардың бар екендігін анықтап отырсыздар?

А.С.Майлыбаев: – Бүгінгі күні прокурорлар негізінен пайшылардың жер бойынша дауларына қатысты мәселелермен жиі ұшырасып отыр. Пайшылардың мәселелерін егжей-тегжейлі зерделей келіп, олардың, яғни, пайшылардың рұқсатынсыз фирмалар шаруалардың жерге деген шартты үлестерін банктерге үлкен несиелер алу үшін кепілдікке өткізіп жіберу фактілерін анықтадық. Кейіннен өз пайшыларының жерлерін осы кепілдікке салған жекелеген фирмалар несиелер бойынша өз қарыздарын төлемей, кепілдікке салынған жерлерді үшінші тұлғаларға (инвесторларға) сатып жіберген. Басқа жағдайда, адал емес кей кәсіпкерлер тіпті пайшыларды серіктестіктерінің құрамынан заңсыз шығарып жіберіп, олардың жер үлестерін өздеріне алып қалған. Нәтижесінде ауыл тұрғындары дивиденттер алу мүмкіндігінен айрылған.

Пайшыларға қатысты ең көп тараған проблема – олардың серіктестік құрамынан шыға алмауы болып келеді. Яғни, пайшылар серіктестік құрамынан шығып, шаруашылықты өз еркімен жүргізгісі келеді, алайда, серіктестік басшылары серіктестіктен шығу мүмкіндігін беретін жалпы жиналыстар өткізбей, өз бетінше шығу жолын кесіп отыр.

– Прокурор мырза, мен де пайшыларға қатысты қалыптасып отырған қазіргі өзекті мәселелерді ажырата алатындай  қалыптасқан түсінігім бойынша, ендігі арада пайшылардың проблемаларын жан-жақты, жеке-жеке әрі мұқият қарау қажет дейсіз ғой?

А.С. Майлыбаев: – Дәл солай! Қазіргі уақытта Ақмола облысы прокуратурасы осы пайшыларға қатысты кешенді тексерістер жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні проблемалық серіктестіктердің және олардың құрамындағы пайшылардың нақты тізімін анықтадық. Оларды, яғни, тізімді талаптарының мазмұнына қарай бөлек-бөлек топтастырдық. Бұл жерде мына жайды дұрыс түсініп алу керек. Кейбір жағдайда пайшылардың проблемалары сонау 2000-шы жылдардың басында пайда болған. Оларға қатысты құжаттар  уақыттың өтуіне байланысты мұрағаттарда сақталмаған болып шықты. Бұл әрине, қиындықтар тудырып отыр. Дегенмен, прокурорлар сол уақыттағы куәгерлермен сөйлесу, жан-жақтан болуы мүмкін мекемелерден құжаттарды жинау арқылы, нақты болған жағдайлардың шындығын қалпына келтіруге тырысуда.

– Айдос Серікханұлы, шаруаларды толғандырып, тіпті, алаңдатып отырған жер мәселесінде орын алып келген заңсыздықтарды қалпына келтіруді қолға алған екенсіздер, прокурорлар енді осы мәселенің нақтылы шешімін тауып, нүктесін қояды деп халық үміттенеді. Бұл бағытта табыстар тілеймін.

Енді менің сұрайын дегенім, адал емес кей кәсіпкерлер пайшыларды серіктестік құрамынан шығарып жіберіп, олардың үлестерін өздері алып алған дедіңіз. Сол бойынша қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?

А.С.Майлыбаев: – Ең алдымен,  біз бұл бағыттағы жұмыстағы  проблеманың екінші жағын ұмытпауымыз керек. Жекелеген жағдайларда адал емес кәсіпкерлердің кесірінен, адал, заңды жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерге топырақ шашпауымыз керек. Ең бастысы, біз заңдылықты қамтамасыз етуіміз керек.  Бұл мәселе өте мұқият қараумен істің егжей-тегжейін терең зерделеуді талап етеді. Бастысы осы проблеманың ақ-қарасын нақты ажыратқанымыз дұрыс. Қазір, бас  салып  кәсіпкерлерден жер үлестерін алып, пайшыларға таратып берейік деп,  ұрандатып дау шығарып жүргендер де аз емес. Бұл жерде барлық тараптарға да қолайлы жағдайларды ойластыру басты міндет. Өзіңіз білесіз, алауыздық, дау-дамай болған жерде береке де болмайды. Неғұрлым, жанашыр кәсіпкерлердің «тастары өрге домалап», табыстары молайып жатса, соғұрлым пайшылардың да дивиденттер арқылы алатын табыстары көбейеді. Сондықтан, екі жақтың, да мүддесін ескеріп, адал кәсіпкерлерге мейлінше қолдау, көмек көрсету қажет деп санаймын. Бәрі дұрысталады, қалпына келеді, тек халқымыз түсіністікпен осы кемшіліктерді реттеуге көмектессе, біз ашықпыз.

– Дұрыс айтасыз, Айдос Серікханұлы. Барлық істің мән-жайын анықтап, «ақты ақ», «қараны қара» дейтін жалғыз қадағалаушы орган ол, прокуратура ғой. Сондықтан, бұл проблемалардың шешімін немесе шешу жолдарын табарсыз деп сенеміз. Тағы бір сұрағым бар, қазіргі күні жүріп жатқан прокурорлық тексерістердің алдын-ала болса да нәтижелерімен бөлісесіз бе?

А.С.Майлыбаев: – Әрине, жер қатынастарына қатысты проблемалар бойынша соңғы жылдары облыс прокуратурасы біршама жұмыстарды нақты қолға алып жүргізуде. Былтыр және осы жылы прокурорлардың актілерімен жер иеленушілерге заңсыз берілген немесе олармен пайдаланылмай жатқан 253 мың гектар жайылымдық жер анықталып, бүгінгі күні оның 100 мың гектары мемлекетке қайтарылды. Қалғаны игеріле бастады, әйтпесе жерден айырылатын еді. Осы жылғы наурыз айынан бері пайшыларды серіктестік құрамынан заңсыз шығару бойынша 6 қылмыстық іс тергелуде. Мысалы, бір серіктестік 129 пайшыларының үлестерін алаяқтық жолмен алдымен 7 пайшыға бергізіп, кейіннен олардың да үлесін бір ғана тұлғаның еншісіне өткізіп алады. Қазіргі уақытта алаяқтық бойынша қылмыстық іс тергелуде. Осыған ұқсас фактілер бойынша да бірнеше қылмыстық істер тергеліп жатыр. Істердің мән-жайы тергеу құпиясына байланысты жариялануға жатпайды. Оны білесіз!

Тағы бір мысал, прокурорлардың араласуынан кейін ғана бір серіктестіктің құрамынан шыға алмай жүрген 80-ге жуық пайшы өздеріне тиесілі 2,5 мыңнан астам гектар жерімен бөлініп шықты. Шортанды ауданында осыған дейін он жыл бойы небәрі 8600 теңге пайлық төлемдер алып жүрген пайшыларға біздің араласуымыздан кейін он есеге дейін төлемдер ұлғайтылды.

Оң нәтижелермен қатар, бірқатар қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, бірқатар пайшылар жалпы жиналыс хаттамаларын, сот арқылы шағымдану мерзімдерін өткізіп алған. Пайшылардың жерді кепілге қоюға келісімінің міндетті түрде болуын қамтамасыз ету жөнінде де сұрақтар көтердік. Осындай проблемалар бойынша тиісті ұсыныстар әзірледік.

Елорда маңында, Бурабай ауданында заңсыз берілген жерлер де анықталды. Оларды қайтару үшін сотқа талап-арыздар енгізіліп, отыздан аса азаматтық іс қаралуда. Мұндай жұмыс барлық аудандарда жүргізілуде.

Жер мәселесі тікелей Мемлекет басшысының, Бас Прокурордың, ең бастысы, халықтың бақылауында екендігін ескеріп, бұл бағыттағы жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараудамыз. Нәтижелері туралы міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізіп отырамыз.

– Айдос Серікханұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Жұмыстарыңызда табыстар тілеймін. Қолға алған істеріңіз халық үшін, жалпы мемлекет үшін тиімді болатынына сенімдіміз.

 Әңгімелескен

Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар