Тарихи қадам

Кең-байтақ қазақ елінде  2022 жылдың 5 маусым күні референдум өткен күн – бұл тарихи күн! Бұл жаңаруға, әділетті қоғам орнатуға ниеттенген күн! Конституциялық реформа еліміздің болашағын жаңаша айқындайтын тарихи қадам.

Қазақстан Республикасының  Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  конституциялық  реформа жасау арқылы  қазақ елін жаңа бағытпен, жаңа мақсатпен, жаңа ой-ниетпен, адалдық пен әділдік жолымен дамытуға бет алғаны анық!

«Маған халқымның ертең емес, бүгін жақсы өмір сүргені керек», «Маған басы артық биліктің қажеті жоқ», «Менде өз халқым мен еліме адал қызмет етуден өзге мүдде жоқ» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқандары Мемлекет басшысының туған елі мен халқының мүддесін бәрінен жоғары қойып отырғаны деп білемін. Кешегі «қаңтар оқиғасы» кезінде өз өміріне төнген қатерге қарамастан, Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалған Президентіміздің тәуелсіздік мүддесіне адал екендігіне еш күмән болмауы керек.

Ойдағымыз болды! Қазақ елі бойынша референдум ойдағыдай өтті деуге негіз бар. Республиканың Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жасаған қорытындысы бойынша  қазақстандықтардың 77,8 пайызы референдумды қолдап дауыс берді.

Референдум қарсаңында «АMANAT» партиясының жанындағы республикалық  штаб мүшесі ретінде Қорғалжын ауданында, Қосшы қаласында және Көкшетау қаласының түрлі мекемелерінде көптеген кездесулер өткіздім.  Ақмолалықтар тарапынан осы референдумды қолдайтын ниетті сол кездесулер барысында аңдап едім. Солай болды да! Ақмола-Көкшетау өңірінің халқы жоғары белсенділік танытып, референдум күні дәл бір мерекедегідей көңіл-күйде болды.

Біздің облыста 718 учаскі жұмыс істеді. Референдум барысын қадағалайтын бақылаушылар да болды. Мысалы, біздің өңірде 11 халықаралық ұйымдардың 209 бақылаушысы жүрді. Қазір сол бақылаушылардың  бәрі де заң бұрмаланушылығына жол берілмегендігін айтып жатыр. Өңірде референдумның асқан зор ұйымшылдықпен өтуінің мәселесі облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ұдайы назарында болды. Әкім учаскелердің дайындығын көзбен көріп, комиссия мүшелерімен, қалың жұртшылықпен әрдайым ой бөлісіп, пікір алмасумен болды. Сол игі де мақсатты істің нәтижесінде ақмолалықтардың референдумды қолдау белсенділіктері жоғары болды.

Референдум өткен 5 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында «Жаңа Қазақстан» онлайн марафоны өтті, соған қатыстым. Осы марафон барысында барлық Қазақстан халқының көтеріңкі көңіл-күйін аңдадым. Жүздерінен қуаныш лебі айқын сезіледі. Ол қуанышты болашаққа деген сенім деп қабылдадым. Марафон барысында бірнеше телеарналар мен әлеуметтік желілердің тілшілерінің қойған сауалдарына да жауап беріп, әр сөзімде Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын сақтау қажеттігін айтып отырдым. Иә, бізді жақсы болашақ күтіп тұр! Өз басым соған сенемін!

 Жабал Ерғалиев,

«AMANAT» партиясы жанындағы референдум жөніндегі республикалық  қоғамдық штабтың мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар