Төреғали Төрәлінің жаңа концерті

Көгілдір көктемнің маужыраған мамыр айында «Жер жәннаты Көкшетау» деп ән шырқауға келген Төреғали Төрәлінің жаңа ән кеші «Көкшетау» мәдениет сарайында болып өтті.

«Сақтаған салтын аяулы халқыма, күмбірлі күй мен өнерін сүйген халқыма ән сыйлайын деп келдім» деп басталды Төреғалидің концерті. «Мың өліп, мың тірілген қазақпыз ғой, коронавирустың салдарынан сахнаға шықпағанымызға көп болып қалды», – дей келе, Көкшенің өнерсүйер қауымына тамылжытып  ән салуға келгенін айтты.

Төреғали Төрәлі 1992 жылы Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Ол Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжін «актерлік шеберлік» мамандығы бойынша тәмамдаған. Балалық күнінен бастап айтыскер ақын болуды армандаған. Кішкентайынан өлеңге де, әнге де жақын болып өскендіктен болар, кейінірек эстрадаға қарай ойысты.

Бұл кеште «Мен романтик емеспін», «Менің толқыным», «Біртүрлі қыз», «Іздеме» әндері керемет шырқалды. Концерттің орта кезінде әншінің әкесі Төреәлі Төлепов ән кезегін алды. Ол да «Әке мен бала» әнін орындап, Төреғалидың бала кезіндегі қызықтарын еске алды. Төреғали Төреәлінің бірге оқыған досы Есен Жүсіповпен дуэт болып, «Достар әні», «Сағындың ба, мені?» әндерін шырқауы да тыңдарман жүрегінде жақсы әсер қалдырды.

Әнші өз реперуарындағы әндерінің көпшілігін айтыскер ақын Қайнар Алагөзовке жаздырыпты. Қазір «Іздеме», «Қазақ қызға үйленем», «Алло», «Бол жанымда» әндері халық арасына кең таралып, кейбірі тіпті ел жадында жатталып үлгерді. Төреғалидың репертуарында өзі сөзін жазған «Ботам-ай» әні де бар. Міне, концерт осылайша сәтті өтіп, көпшілік «шырқа, Төреғали!» деп тарқасқаны анық.

Қарлығаш Қарпықбаева.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар