Өнерлі әулеттің өнегелі жолы

Қорғалжын – Сарыарқа төскейінде жатқан жыр мен күйдің мекені. Әңгімеміз осы елдің тумасы Мүгілсім ҚамариденқызыҚұдабековажайында болмақ. 1986 жылы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, Қорғалжын мектеп-гимназиясында еңбек жолын бастады. «Ұстаздық еткен жалықпас» дегендей, шәкіттерін білім нәрімен сусындатып, 28 жыл еліне аянбай қызмет еткен, жоғарғы дәрежелі ұлағатты ұстаз.

2008 жылы балаларының жоғарғы оқу орындарына түсуіне байланысты Қосшы елді мекеніне көшіп келіп, ұстаздық мамандығын Р.Қошқарбаев атындағы орта мектебінде бастауыш сыныпқа дәріс берумен жалғастырды. Жинаған мол тәжірибесімен, білгірлігімен де, жаңа ұжымда өзін оң қырынан көрсете білді. Мүгілсім өнерден де қара жаяу емес еді. Жас кезінде мектеп қабырғасында жүріп, сырнай мен өлең айту, әнші болу арманы болатын. Ұстаздық ете жүріп, өз өнерін шәкірттерінің бойына сіңіре білді. Мектепте өткізілетін қандай да бір іс-шаралар, түрлі тақырыпта өткізілетін концерттік кештер, Мүгілсімнің ұйымдастыруымен өтетін.

Мүгілсімнің сырнайда ойнап шырқаған әндері-ай! Кімді де болса тамсандырып, жүрегіне жылу сыйлайды. Әсіресе, Қорғалжын туралы жергілікті сазгерлердің әнін сырнаймен орындағанда, туған жеріне деген махаббатын, сағыныш сезімін жан-дүниеңді тебірентіп жеткізе біледі. Өнерін өрлетіп, ұстаздар ұжымында мол құрметке ие болған жан. Облыстық, аудандық білім бөлімдерінен және мәдениет орталығынан алған марапаттары қаншама десейші.

Әншілік өнер Мүгілсімге нағашы атасынан дарыған. Атасы БейсенбайТокбалин соғысқа дейінгі жылдары ағаштан ою ойып, түйін түйген ұста. Оның жасаған бұйымдары астау, тостаған, кесе, қасық осы күнге дейін көп үйлерде сақтаулы. Әрі әнші, әрі күйші, өте өнерлі жан еді. Сұрапыл соғыс басталғанда киелі қара домбырасын өзімен бірге ала кеткен. Окопта отырып сазды әнімен күмбірлете күйін тартқанда, жауынгерлердің рухын көтеріп, шабыттандырып, көңіл күйлерін бір көтеріп тастайтын. Соғысқа бірге аттанып, тірі қайтқан жерлестері айтып отыратын. Ол соғыстан оралмады. Ерлікпен қаза болды деген артынан қаралы қағаз келді.

Кешегі атақты күйші Дәулет Мықтыбаев, әнші Кенжебек Күмісбеков осы Қорғалжын ауданы Құмкөл ауылының тумалары. Бертін келе Ащыкөл-Тұщыкөлді мекен еткен, махаббат символына айналған Мариям Жагорқызы да осы киелі Қорғалжын жерінен. Мүгілсімнің анасы Ұмсынай әже жезтаңдай қоңыр дауысты әнші болған. Бірде қайынсіңлісі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқып жүргенде елден азық-түлік сарқыт алып барыпты.

Жатақханадағы қыздар апа өлең айтып беріңізші деп қолқа салса керек. Сонда әжеміз халық әні Қаратауды орындап берген екен. Мұны естіген мұғалімдер ұжымы концерт залында ән шырқауын сұрапты. Тамылжытып салған әні бәрін таң қалдырса керек. Сол өлеңдері магнитофон таспасында әлі күнге дейін сақтаулы көрінеді. Ұмсынай әжейдің апасы Үміт апай да мықты әнші. Бүкіл Соналы ауылының қандай да бір тойы болса, Үміт апайсыз өтпеген. Апайдың үлкен қызы Балташ баянды керемет тартып, ән салады. Інілері Мұхаметқали, Мұхаметжан, Қажығали болса, шеттерінен әнші.

Нағашысы Халел де көп жылдар бойы өнер саласында қызмет етіп келеді. Мүгілсімнің жолдасы Серік Құдабековкөп жылдар Қорғалжын мектебінде ұстаздық еткен, қазір зейнеткер. Серік те өнерден алыс емес. Гитара, домбырада ән салады. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, сегіз немере сүйіп отырған шуақты отбасы. 35 жыл еліне қажырлы еңбек етіп, қазір зейнеткер. Әртүрлі қызмет саласында жүрген шәкірттері апайымен күні бүгінге дейін қарым қатынаста. Қандай да бір мерекелер болса құттықтап, бағалы сыйлықтарымен кіріп шығады. Биыл мүшел тойы 61 жасқа толды. Өтіп кетсе де, туған күнімен құттықтап, осы азын-аулақ жылы лебізімді білдіруді өзіме парыз санадым.

Асылбек РАМАЗАНҰЛЫ,

зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар