Тарихы Ерейменнің тарау-тарау

(Қанжығалы елінің Ерейментау жерін қыстап-жайлағанына биыл – 285 жыл толды)

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, есімізді жиып, еңсемізді көтеріп, өткен тарихымызды түгендеп жатырмыз. Бұл Қазақ елінің барлық аймағына тән жағдай. Оның себебі, кешегі кеңес уақытында өз тарихымызды өзіміз танып-білуге мүмкіншілік болмады. Соның есесін енді толтырып жатқан жайымыз бар.

Өкінішке орай, арамызда әлі күнге дейін кеңестік стереотиптен арылмаған, өлке тарихына, ру мен тайпа тарихына мұрныны шүйіріп қарайтын надандар жоқ емес. Олардың айтатындары: «Осы ру деген не керек, руға бөлініп не керек, бұл ескінің қалдығы т.с.с.» – дейді.

Өкінішке орай, бұндай адамдар ру мен тайпа тарихы деген бір бөлек, ұлт тарихы деген бір бөлек деп түсінеді. Бірақ тіпті олай емес.

Бұндай космополиттерге айтарымыз: «Ұлттың тарихы, қазақтың тарихы деген – рулар мен тайпалардың тарихы. Ру мен тайпа деген – адамдардан құралады. Тарихты жасайтын сол адамдар. Егер біздің арғы дәуірлердегі ата-бабаларымыз болмаса, ұлттың тарихы да болмас еді.

Ал ұлттың тарихы, Қазақтың тарихы – әр өлкенің, әр аймақтың тарихынан құралады. Егер Қазақ тарихы үлкен бір кітап десек, Ерейментау жерінің тарихы соның алып тастауға болмайтын үлкен бір тарауы секілді.

Енді осы жазбаға себеп болып отырған «Қанжығалы елі Ереймен тауларын қашан, қай мезгілден бастап қоныстаныпты» дегенге әңгімеге келелік. Құдайға шүкір, Ерейментау жері мен онда жасап өткен тарихи тұлғалар жайлы жазып кеткен адамдар аз емес. Бүгінде Ғалымжан Мұқатұлының, Сәкен халфе Ғылманидың, Өмірбек Тұқпиұлының, Аманжол Әлжанұлының, Нығмет Ғабдырахманұлының т.б. адамдардың қалдырып кеткен деректері жетерлік. Біздер қашанда сол жазбаларды негізге аламыз.

Осындай өлке тарихынан аса құнды деректер жазып кеткен адамның бірі – Өмірбек Тұқпиұлы. Бұл кісі1889 жылы туып, 1975 жылы 86 жасында өмірден озған. Осы адам Қанжығалы ұрпақтарының Ерейментау өңіріне қалай келіп қоныстанғаны туралы қолжазба қалдырып кеткен. Бұл әрине, ойдан шығарылған әңгіме емес. Атадан балаға ауысып, сонау Бөгенбай заманынан бүгінге жеткен деректер.

 Енді сол туралы…

Өмірбек Тұқпиұлының араб әліпбиімен жазған қолжазбасын өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Благодатное ауылында тұрған (қазіргі Олжабай батыр ауылы) Әміржан Мауин деген адам бүгінгі кирилл харпіне көшіріпті. Сол кезде аудандық партия комитетінде қызмет істеген Серік Сыздықов ағамыз  осы жазбаны машинкаға бастырып, талай жылдар сақтаған екен. Кейін біздің қолымызға тиді.

 Енді осы тарихи деректің шындығын айтсақ

«1960 жылы Ерейменді қыстап-жайлағанымызға 223 жыл болды» – дейді Өмірбек Тұқпиұлы өз жазбасында. Сонда бұл 1737 жылға келіп тұр. Қарап отырсақ, Өмірбек атамыздың дерегі бұрыннан қалыптасқан тарихи айналымда жүрген уақытпен бірдей екен.

Және Өмірбек ақсақал: «Мен бұл әңгімені бала күнімде Төренің ауылындағы Сәкей атты жездемнің үйінде жасы сексеннен асқан Кенжалы деген қарттан естіп едім», – деп жазады.

Енді өздеріңіз санап, салыстырып көріңіздер. Өмірбек атамыз 1889 жылы туған дедік. Сонда бұл әңгімені бала күнінде естісе, ол шамамен 1890-ыншы жылдардың ішінде (тіпті 1900-інші жылдардың басы делік) деуге болады.

Ал әңгіме айтушы Кежалы қарт сол кезде сексеннен асқан адам болса, онда ол бір мың сегіз жүзінші жылдардың басында өмірге келген деп білеміз. Яғни Кенжалы қария осы хикаятты Бөгенбай заманын көзімен көрген адамдардың өз аузынан естігені айдан анық. Сондықтан бұл дерек ешқандай алып-қоспасы  жоқ, тарихта болған оқиға деп сеніммен айта аламыз!

ХҮІІІ ғасырдың 20-40 жылдары Сыр бойынан ауа көшкен Момын Арғынның бір тармағы Қанжығалы-Тобықты елдері Торғай, Ырғыз, Кеңгір, Сарысу өзендерінің бойларын жайлап, араға жылдар салып, Арқа жеріне жеткенін тарихтан білеміз. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өз деректерінде: «Қанжығалылар әуелде Баянаулаға келіп бір қыстап, келесі жылы жердің тарлығына байланысты жоғары, Ерейменге қарай жылжиды» – дейді. Бір қызығы, Тұқпидың Өмірбегінің жазбалары да осы Мәшһүр деректерімен үндес. Оңтүстік өңірден бері жылжыған елдің алдын Бөгенбай батыр бастап, артын Жантай батыр жиыстырып, қанжығалылар Арқа жеріне келіп, Ертіске дейін жеткенін айтады.Сосын қайтадан күнбатысқа қарай бұрылып, Ереймен тауларына ат басын тірейді. Ол уақытта Ерейменнің тауларын Уса Серен бастаған 10 мың үйлі жоңғарлар жайлап жатқан екен. Бөгенбай бастаған батырлар күндіз-түні ұрыс салып, осы қалың қалмақты Ерейменнің оңтүстігіндегі, оңтүстік-батысындағы теріс қыстаулар – Құмантау, Балтақара, одан әрі Аюлы-Нияздың Қаракөліне дейін аударып тастайды.

Өмірбек атамыз бен Мәшһүр-Жүсіптің дерегі ұқсас деп отырғанымыз, Өмекең өз жазбаларында «қанжығалылар Ерейменге шығыс жағынан, яғни, Баянаула-Ертіс жағынан келіп кіріпті» – дейді. Бұл қазіргі Бозтал, Өлеңті ауылдары тұрған аймақ.

«Ерейменнің осы шығыс бетін жаудан босатқасын, Қанжығалы батырлары өзара қоныс бөліседі. Бөгенбай батыр өзі Қоржынкөл, Қаратау төңірегіндегі жерлерге ие болыпты. Ал Бозымнан тараған жеті ру  өзара сөйлесіп, ынтымақпен бөліс жасайық дегенде, Жантайдың ағасы Можы батыр: «Үш атадан үш адам ат жарыстырайық, қай атымыз озғанымыз таңдаулы жерді қоныс қылып алайық» – дейді. Осыған келісіп, Қылшар-Қойсары Бегей би, Можы батыр, тағы бір адам Өлеңті өзенінен бері қарай шапқанда, Можының аты бірінші келіп, екі егіз биігі бар Тұмсық тауына бұрын жетеді. Әдетте қолынан бүркітін түсірмейтін кісі екен, Тұмсық тауының басына бүркітін қондырып, Жуантөбенің басына шығып кісесін қалдырып, Сұран тауының басына шідерін тастап, өзі Кәрітаудың басына шығып тұрыпты. Ереймен тауларының малға жайлы, қыстан қысылмай күйлі шығатын жерлері осы қыстаулар. Ал жеті рудың басқа адамдары да кең құлаш жайып, Ерейменнің оңтүстік, оңтүстік-шығыс бетіндегі басқа жерлерден еркінше қоныс алады», –  деп жазады Өмірбек қария.

Бір таңқаларлығы, арада үш ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол қоныс-қыстаулар әлі солай аталады, сау-саламат тұр. Сол батырлардың ұрпақтары әлі де осы қасиетті Ерейментау өңірін, сол қоныс-қыстауларды жайлап отыр.

Биыл аманшылық болса, осы датаны ел болып атап өтпек ойымыз бар. Қазақстанның әр аймағында (Қызылорда, Тараз, Шмыкен, Алматы, Қостанай, Көкшетау, Кереку т.б.) тұратын қандас бауырларымыз да келмек.

Мақсатамыз – бір малдың қанын шығарып, сол бабаларымыздың асыл рухтарына арнап дұға бағыштау. Себебі, бір замандарда ел мен жердің бостандығы үшін қаны мен терін бірдей төккен батыр бабалардың есімдері бұл күндері ұмытылып барады. Тіпті жүздеген жылдар бойы аттары аталмай кеткендері де бар. Сондықтан ел болып Құран-хатым түсіріп, аттарын атасақ, аруақтары бір аунап түсер еді.

PS: Айта кететін бір жайт. Осы жазбаны оқығасын, кейбір кертартпалар (скептиктер): «Ой, ол кезде кім жыл санапты, бұл өтірік дерек, осындайды қою керек» – деуі әбден мүмкін.

Ондайларға айтарамыз: «Иә, Қанжығалы елінің бұл жерге келіп қоныстанғанына 285 жыл емес, мүмкін 284 немесе 286 жыл болған шығар. Мәселе онда емес. Мәселе, ғасырлар бойы аттары аталмай кеткен бабаларымыздың есімдерін жаңғыртып, олардың ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Себебі, мәңгілік ештеңе жоқ. Уақыты келгенде, бұл өмірден біз де кетеміз. Біз кеткесін, бұл деректерді іздейтін де адам болмауы мүмкін.

Жантай батыр оқиғасы

Жоғарыдағы әңгімеде, Қанжығалы батырлары жоңғар ауылдарын теріс қыстауларға қарай,Құмантау, Аюлы – Нияздың Қаракөліне дейін қуып тастады деген едік.

Сөйтіп, мал-жанына өріс тарылып, қысымшылық көрген  қалмақтар Абылай ханға кісі салып, оның баласы Қасым төрені қонаққа шақырып, қыз құмарлау немеге қалмақ бегінің қызы Әйніш сұлуды көрсетелік, алам десе әйелдікке берелік, сөйтіп Қасым арқылы қазаққа дегенімізді істетерміз деп шешеді. Абылай хан Уса Сереннің бұл ұсынысына көп ойланып, ақыры жанына бірнеше кісі ертіп, баласы Қасым төрені қалмақтарға қыз көруге жібереді. Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанында осы оқиғаға Қасым төренің  шешесі Топыш сұлудың да ықпал еткені айтылады. (Топыш – қалмақ қызы). Ол баласын Усаның ауылына қонаққа жіберуге Абылай ханды көндірмекке былай дейді:

Ей, сұлтан, абыройың жұрттан асқан,

Бағың мен тағыңа елде жоқ таласқан.

Құмартып шақыртқанға жібермесең,

Демей ме біреу сені асып-тасқан.

Жарың боп, қосағың ем қолқа салған,

Бір сапар жолдас ақым беліме алған.

Жіберші естияр көп нөкер қосып,

Тәуекел, көрсін қызды Қасым задаң.

Бұл тарихта болған оқиға, себебі, Қасымға еріп қалмақтарға барған адамдардың ішінде Үмбетей де болған және ол жөнінде өз дастанында былай деп жырлайды:

Қонаққа Қарауылдан шешен Қанай,

Сүйіндіктен баспа, қу би Төлебай.

Уақтан батыр Сары бірге аттанып,

Жырауды Үмбетейдей қосты болмай.

Қанжығалы елінде Бөгенбайдың ағасы Көлбайдан тарайтын Молдажан Жадайұлы деген ақын болған. Осы Молдажанның «Бөгенбай батырдың бір жорығы» атты дастанында біраз оқиғалар баяндалады. Бір ғажабы, Үмбетей мен Молдажан ақынның дастандары бір-бірімен үндес, мазмұндас.

Молдажан ақын былай дейді. Орта жүз елі Сыр бойынан бері ауып келе жатқанда, Жеті Момын балалары – Қанжығалы, Атығай, Қарауыл ішіне жік түседі. Оған себеп, Әбілқайыр хан бұларға кісі салып, менің қол астыма келіңдер, жер берем, Қарауыл Жәпек батырды өздеріңе басшы етіп тағайындаймын дейді. Сөйтіп бұл сөзге алданған Атығай, Қарауыл балалары, араларында Жәпек батыр, Қанай би бар, солай қарай кетпек болады. Осындай себептен Қанжығалы ішіне де алауыздық кіріп, Жетіру-Қанжығалы, Бозым ұрпақтары да Атығай-Қарауылмен бірге Кіші жүз ішіне қарай кетпек болады. Бұлардың арасында Үмбетей жырау да бар.

Бөгенбай батыр оларға: «Тоқтап сабыр етіңдер, ол жақ орысқа жақын, түбі күні орыстың табанының астында қаласыңдар. Қалмақ деген өзіміз секілді көшпелі жұрт, бір жеңіледі қайтсе де» – деп тоқтау айтады. Бірақ аналар құлақ аса қоймайды. Сөзін өткізе алмаған Бөгенбай батыр назаланып, өзіне қараған ауылдарымен төмен түсіп, Сарысудың бойына қарай келеді.

Айта кететін бір жайт, Қанжығалы-Бозым ішінен шыққан Нияз Жантай батыр өле-өлгенше Бөгенбаймен идеялас, пікірлес болған адам. Ел екі айырылғанда, Жантай өз бауырлары бозымдарға ермей, туыс-туғандарын ертіп, Бөгенбаймен бірге кетеді. Сол кезде Бөгенбайдың жанында Айдабол Төлебай мерген де бірге болыпты деп жырлайды Үмбетей мен Молдажан. Себебі, Бөгенбай мен Төлебай да дос-жар, пікірлес адамдар болса керек. Және Төлебай батырдың сүйегі Ереймен жерінде жатыр деген де сөз бар. (Төлебайдан – Едіге би, одан Шоң мен Торайғыр туады).

Сөйтіп әрі қарай бөлініп кеткен Момын балалары Кіші жүз ішіне барғасын, Әбілқайыр айтқан уәдесінде тұрмай, олар біраз қиыншылық көреді. Тіпті бірде қалмақтар суға қамап, қырып тастай жаздапты деп айтылады Молдажан сөзінде. Ақыры босқа қырыларын білген бұлар Бөгенбай батырға Үмбетей жырауды аттандырады, «бізді кешсін, не ақыл береді» деп.  Сарысудың бойында отырған Бөгенбай ауылын тауып келіп, есіктен кірген Үмбетей мен Бөкең жылап көрісіпті. «Ал, бұлбұлым, сайрашы!» – дегенде, Үмбетей бастан өткен оқиғаның бәрін сол жерде жырмен толғап айтып берген екен. Осыдан соң Бөгенбай батыр да ел мен жердің амандығы үшін атқа қонады…

Енді жоғарыдағы Қасым төренің оқиғасына қайта оралайық. Жанына Қарауыл Қанай биді, Уақ Сары батырды, Айдабол Төлебай батырды, Үмбетей жырауды ерткен Қасым төре қалмақ ханының ауылына барады. Алған сый-сияпаты мен қалмақ бегінің қызы Әйніш сұлудың көркіне елтіген Қасым төре оны әйел етіп алмақ болып, кейін Ерейменнің Қоржынкөлінде өткен жиында «қалмақтарды  қаңғытпай, қоныс беру керек» деген ұсыныс айтыпты. Бұған ашуланған Жантай батыр: «Сен телімге түскен қалмақтың қызы Топыштан туып едің, нағашыңа бүйрегің бұрып тұр ма, қалмақ бізге ел болмайды, біржола әрі қарай асырып тастау керек!», – деп қарсы шығады. Бұл сөзді жалпы Орта жүз батырлары қоштағанымен, Абылай хан мен Бөгенбай батыр елді уақытша бітім жасауға көндіріп, қалмаққа Ерейменнің сыртқы бетіндегі теріс қыстаулардан қоныс беріп, бейбіт тірлік жасауға келісім етіп, екі араға Жантайдың немере інісі Арқандыр батырды шолғыншы етіп қояды. Бірақ жаулыққа бекінген қалмақтар Әйніш қызды енді Арқандырға салып, қыз оның да басын айналдыра бастайды. Арқандыр бірде аң қуып жүрген өзінің немерелес туысы Үйсінбайдың астындағы жүрдек нарына қызығып, сұрайды. Бұған Үйсінбай: «Қалмақтың асыл тұқымды мың түйесі бар, жігіт болсаң барып алмайсың ба?», – депті. Осы сөзге намысы келген Арқандыр мың түйенің ішінен таңдап жүріп тоғыз нарды айдап алады. Ақыры осының аяғы қантөгіске ұласып, қалмақтар далада жалғыз-жарым жүрген Арқандырды өлтіріп, бір түнде ауа көшіп қашады.

Жантай батырдың ауылы сол жазда Өлеңтінің бойындағы Ажы деген биіктің түбін жайлап отырған екен. Жантайдың үлкен ұлы Мырзакелдінің әйелі бір ұл туып, атын Жанболат деп қояды. (Сол Жанболатты Жантайдың ағасы Можы батыр Жуантөбеге әкеліп бесікке салған екен.

Жанболат Мырзагелдіұлы кейін Бозым руларының төбе биі болған. Бөгенбайдың немересі Бапан би Тұраналыұлымен екеуі Қанжығалы елі үшін талай теперішті бастан өткерген тарихи тұлған. Ол бір бөлек әңгіме).

Сөйтіп, қалмақтар Арқандырды өлтіріп кетіпті деген суық хабар Ажыда отырған Жантай ауылына жетеді. Қаралы хабарды естіп қаһарына мінген Жантай батыр азғана кісімен Қоржынкөлдегі Бөгенбайдың ауылына суыт келіп:

– Бөке, қылдың да, тындың! Қалмақ түбі бір қастық қылады деп едім ғой, ақыры соны істеді. Тез атыңа мін! – дейді.

– Сайланып бара жатқан жау азғана қолға алдыра ма, сәл аялда, дайындық қылайық, – деген Бөкең сөзін ашулы Жантай құлағына ілмей, «Не қырылып келем, не қырып келем!» – деп аттанып кетіпті.

Жантай кеткен соң Бөгенбайдың бәйбішесі Баяу анамыз:

– Әлгі тентектің аузынан «қырылам» деген сөз бұрынырақ  шықты, бір қатерге ұрынып жүрер, Бөке, қол жинап, жылдамырақ шығыңыз! – деп ақыл қосады.

Ашуға мінген Жантай батыр осылай 40 кісімен Қоржынкөлден аттанып кеткен соң, алдынан тағы да қырық шақты кісімен Уақ Баян батыр қарсы жолығады және оның жанында Жантайдың ағасы Күңбастың ұлы Үйсінбай батыр бар екен. Осы сексен адам үдере жортып, Балқаш көлінің шығысында қалмақ көшін қуып жетеді. Қалың қалмақтың көзіне көп болып көрініп, шаңды молайту  үшін аттарының құйрығына бір-бір құшақ қараған байлап алып шабады дейді бүгінге жеткен әңгімелерде. Бұл жөнінде Олжабай Нұралыұлы мен мен Молдажан Жадайұлының дастандарында да, Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» дастанында да, біз сөз етіп отырған қолжазбада да айтылады.

Сол уақытта Ерейментауды жайлап жатқан жоңғарлар он мың шаңырақ екен деп деп айтып кеттік. Осы он мың шаңырақтан кем дегенде атқа мінетін бір-екі  мың сарбаз шығады десек, ол аз күш емес. Соншама  жауға 80 адаммен қарсы шабуға қандай жүрек керек екенін біле беріңіздер. Дегенмен күш тең болмаған осы ұрыста қазақтар жағы тегіс опат болып, Жантай өзінің қос ұлы Мырзагелді, Тоқашпен үшеуі ғана қалады. (Мырзагелді ол кезде отау түсірген, бесікте Жанболат атты бір ұлы бар деп айтып кеттік. Ал інісі Тоқаш әлі үйленбеген, жасы он алтыда ғана екен). Осы қиян-кескі шайқаста Жантайдың немере інілері Үйсінбай мен Найманбай, Уақ Баян батыр да шаһит кешеді. Он жеті жерінен жарақат алып, әбден қансыраған Жантай бұл жерден аман шықпасын біліп, үлкен ұлы Мырзагелдіге: «Бізге енді топырақ осы арадан бұйыратын болды, үшеуміз бірдей опат болсақ, Бозымнан (Қанжығалы ішіндегі бір ата) ел қондыратын адам қалмас. Менің садақты бір тартып, саған жол ашатын халым бар, Сарыбауыр атқа мін де, қоршауды бұзып елге тарт», – дейді.

Бірақ атадан  батыр туған Мырзагелді: «Жоқ, әке, мен өлсем, соңымда атымды атандыратын Жанболатым бар. Әлі отау көтеріп, үй болмаған мына Тоқаш қайтсын елге, өліп кетсе, өмірге келмегендей болады ғой!» – деп бас тартады. Сөйтіп әкелі-балалы үшеуі қош айтысып, Тоқаш Сарыбауыр атпен қоршауды бұзып, шығып, елге қарай кеткен екен.

Егер Мырзагелді жанын күйттеген нашарлау біреу болса, тура келген ажалдан басын сауғалап, өзі кетер еді. Бірақ олай істемей, өз басын өлімге қиып, ұрпақсыз қалмасын деп,  жолын інісі Тоқашқа ұсынады. Нағыз батырлық осындай болатын шығар!

Осы оқиға жөнінде Шоқан еңбектерінде де біршама айтылады. Кезінде Шыңғыс сұлтан өзінің қасында болған Қыпшақ Сатыбалдының Жаманқұлы деген жыршыға «Жантай батыр» қиссасын айтқызып, оны Шоқанға жаздыртып алып, облыстық шекара бастығы полковник М.Ладыженскийге тапсырған екен.

Жантай батыр жайлы ел ішінде айтылған ескі әңгімелердің негізге алып Шоқан өзі былай деп жазады: …Когда узнал Джанатай о смерти любимого своего брата, сделал проклятие и поклялся против убиц: «Или умру, или напьюсь вашей кровью!» Велел подать лошадей, с 500 человек ворвался в ставку калмыков, их было 10 тысяч, и утонул в битве – битва была страшная, киргизы шли на смерть. Уисинбай с распоротым животом, держа внутренности в полах своего халата, дрался и спрашивал: «А что, Джанатай батыр, с распоротым животом можно ли жить?».

Все пали, остался Джанатай и 8 человек и сын его Токаш. Джанатай слез с лошади, подал ее сыну, говоря: «Отправляйся домой, пробейся, ибо не будет человека который при случае мог бы за меня отомстить».

Когда Аблай узнал о смерти Джанатая, плакал неутешно, говоря: «Не дававший себя точить, черный булат мой!». (Ч.Валиханов. 1 том. Стр. 225-226. Алматы.1961).

Қараңыздаршы, «Жантай батыр» дастаны мен Өмірбек Тұқпиұлының жазбасында бір ғана айырмашалық бар.  Өмірбек атамыз «Жантай жауға 80 кісімен шауыпты» десе, Үмбетей сөзінде «500 кісі» делінеді…

Сонымен, батырлардың бәрі осы ұрыста опат болып, Тоқаш Сарыбауыр атпен қоршауды бұзып шығып кетеді дедік. Жантайдың соңынан қол жинап, қуа шыққан Бөгенбай батыр жолда бір биіктің басына шығып отырса, алыстан қарауытқан бір салт атты көрінеді. «Апырмай, мынаның аяқ тастасы Сарыбауыр аттың шабысына келеді екен, бір сұмдық болмаса игі еді!» – деп Бөгенбай қамшысын таянып отыра кетіпті.

Сөйтіп, Бөгенбай қосынына аман-есен қосылған Тоқаш болған оқиғаны баяндайды.

Абылай мен Бөгенбай бастаған қол дұшпандардың соңынан жетсе, қалмақтардың алды ұзап кеткен екен. Соңында қалғандарын біраз қырғынға ұшыратып, кейін қайтады. Қаза болған Жантай, Мырзакелді, Үйсінбай, Найманбай, Баян, тағы басқа батырлардың сүйектерін тауып, сол жердегі Күркілдек, Шүмекті деп аталатын өзендердің қиылысындағы бір жартастың түбіне сауыт-саймандарымен бірге жерлеп, басына тас орнатыпты деп жазады Өмірбек Тұқпиұлы. (Естуімізше, Күркілдек өзені Аягөз жерінен Балқашқа қарай ағады екен. Мүмкін бүгінде бұл өзендерді білетін адамдар да бар шығар).

Сол заманнан ұмытылмай бүгінге мынадай бір ауыз өлең қалған:

Жылқысы ер Жантайдың ала санды,

Күркілдек, Шүмектіде қала салды.

Өлді деп батыр Жантай естігенде,

Басы Қаныс, төрт қатын қара салды, – дейді. Қаныс – Жантайдың бәйбішесінің аты.

Сол қанды жорықта қашып бара жатқан жау қолы соңынан қуған қазақтар судан тарықсын деп, жолдағы құдық біткенге мал мен иттің өлмтігін тастап арамдап отырыпты. Қазақтар жағы қайтарда судан таршылық көріп, осы судан ішіп, содан ұшынып, қара тышқаққа (дизентерия) ұшырап, көп адам жолшыбай қайтыс болады. Олардың ішінде Бөгенбайдың ағасы Көлбай батыр да бар екен. Бұл жайлы Үмбетей дастанында да, ел ішіндегі әңгімеде де айтылады.

Бұның барлығы атадан балаға ауысып, ұмытылмай келе жатқан, өмірде болған оқиғалар. Бүгінде Жантай батырдың үш ұлынан тараған ұрпақтары Ерейментау өңірінде сау-саламат өмір сүріп жатыр.

Енді осы оқиғаның шын болғандығы жөнінде тағы бір дәлел. Сарыбауыр атпен қоршаудан шығып кеткен Тоқаш күн-түн шауып, әбден қалжырайды. Кейін өзі айтады екен, қанша қайғы жұтып, шаршап келе жатсам да, адамның бойына біткен үш арсыз нәрсені көрдім. Оның бірі – ұйқы, бірі – тамақ, енді бірі – күлкі екен деп.

Оның себебі мынау. Әбден ашыққан Тоқаш бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатып, құрт жайып отырған әйелдерді көріп, тоқтай қалып, құрттың бір көнек сары суын жерден іліп алып, басына біра-ақ төңкеріпті. Сонда құрт жайып отырған бәйбішенің бірі: «Қарағым, бекер іштің-ау сарысуды, жүрегіңді алар, қымыз әкеп берейін, аздап ішші, атыңнан түсіп азырақ демалшы!» – деп бір шара қымыз әкеліп беріпті. «Қымыздан бірер жұтып, отыра кетіп жантайсам, қор  ете түсіппін, әрі-беріден соң оятып жіберді, жүріп кеттім. Сонда білдім, адам тамақ пен ұйқыға шыдай алмайды екен. Әрі қарай кетіп бара жатып, ойыма ертеде болған бір оқиға түсіп, еріксіз мырс етіп күліп жіберіппін. Ол мынадай оқиға.

Ілгеріде болған бір жаугершілікте қазақтар қалмақ қамалын қоршап, бірнеше күн бойы ала алмай әуреге түседі. Қазақтардың ішінде үлкен денелі, өзі батырсымақ Бәке деген адам болыпты. (Бұл кісі Есіргеп атасынан шыққан Бәке ме деп ойлаймыз. Қазір Өлеңті ауылдық округінің аумағында Бәке деген қыстау бар).

Осы Бәке аттың үстінде, ауыздығын алып, жайбарақат оттатып тұрса, аты бірдеңеден үркіп, қамалға қарай ала жөнеледі. Тізгін тартып тоқтатайын десе, ауыздығы алулы, ат тоқтамайды. Бір қолында найзасы бар, өзі еңгезередей адам. Бұны көрген қалмақтар: «Қазақтың мына батырының түрі жаман, бізді алмай қоймас!» – деп, қамалды тастап, тұра қашады. Қазақтар қамалды басып алып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып, дүние-мүлік олжалайды. Осы оқиға есіме түсіп, күліп жібердім» – дейді екен кейін қартайған шағында Тоқаш батыр.

Қырғыз батыр

Жантай батырдың ел ішіндегі әңгімелерде көп айтыла бермейтін үшінші ұлы – Қырғыз батыр. Қырғыз да ешкімге есесін жібермейтін, жаужүрек адам болыпты деседі. Сол заманда Қоңырқұлжа төренің әкесі Құдаймендінің ұрылары Қанжығалы – Нияз елінің 40 жылқысын айдап алып кетеді. Соңынан қуа барған Бапан мен Жанболат билерге теңдік бермей жүрсе керек. Бұл әңгіме Қырғыздың құлағына тигесін, ешкімге айтпастан атына мініп, Құдаймендінің ауылына келеді. Тәртіп бойынша, өзі рұхсат бермей, төренің үйіне кіруге болмайды. Қырғыз оған қарамай, төренің ордасына атының басын тіреп, киіз үйдің белдеуіне қаңтарып тастап, алдын кес-кестеген жасауылдарды олай-былай қағып тастап, кіріп барыпты. Құдайменді бұны көре сала, керегенің басында ілулі тұрған қылышын ала ұмтылады. Сонда Қырғыз батыр жарғағының астынан сарыала сапысын суырып алып: «Бәлем, жаман сарт, қарныңды ақтарып тастайын!» – деп тап бергенде, сасып қалған Құдайменді: «Уа, сен Қырғыз екенсің ғой!» – депті. «Болсақ болармыз» – дейді батыр. «Апырмай, ұрынып қала жаздадық қой!» – деген төре Қырғызды оңаша үйге түсіріп, ертеңінде 40 жылқысын алдына салып берген екен.

Құрметті бауырлар, жалпы Бөгенбай батыр, оның дәуірінде жасап өткен тарихи тұлғалар  – Атан, Досай, Ақпан батырлар, Үмбетей жырау жөнінде азды-көпті жазылып жүр. Бұларға байланысты біраз деректерді біз 2009 жылы жарық көрген «Ерейментау» деп аталатын тарихи-танымдық кітабымызда баяндағамыз. Сондықтан қайталай берудің жөні болмас дедік. Ең бастысы, Ерейментау жерін ХVІІІ ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары келіп қоныс еткен Қанжығалы ұрпақтары осы өңірде әлі күнге сау-саламат ғұмыр кешіп жатыр. Басымыз аман, бауырымыз бүтін. Сол үшін Жаратқан иеге Тәубе дейік! Жоғарыда айтылған Өмірбек атамыздың дерегін негізге алсақ, Ерейментауды жайлағанымызға биыл  285 жыл болады екен!

 Ақмола сыртқы округінің ашылуы

Жоғарыда Өмірбек Тұқпиұлының жазбаларына сүйеніп, біраз деректер ұсындым. Ол 1730-1740 жылдардың шамасы дедік.

Енді осыдан тура бір ғасыр өткесін, 1832 жылы 28 тамызда Ақмола сыртқы округі ашылады. Бұл қазақ даласын толықтай басқару үшін құрылған әкімшілік орталықтардың бірі еді. Орыс тіліндегі құжаттарда округтің орталығы «приказ» деп аталса, қазақтар өздерінше «дуан» деп, округтің аға сұлтанын «дуанбасы» деп атаған.

Сол кезеңде қазақ даласына қатысты жасалған саяси реформалардың барлығы тек отарлаудың амал-әрекеті болатын. Дәл осындай себеппен 1830 жылдың 25 мамыры күні Ақмола сыртқы округін ашу туралы шешім қабылданып, жаңа округтің орталығының орнын белгілеуге Петропавл бекінісінен подполковник Ф.Шубин басқарған отряд жолға шығады.

Шубинның қызметі жайлы жазылған жазбаларда бұл жөнінде былай дейді: «25 мая 1830 года командирован в киргиз-касацкую степь с отрядом из 20 урядников и 150 казаков под начальством подполковника Шубина для открытия Акмолинского округа». (А.Ф.Дубицкий, «Скрижали историй». Целиноград, 1992).

Бұған дейін Жеке Сібір әскери корпусының штаб бастығы генерал-майор С.Броневский Жоғарыға мынадай рапорт жолдаған екен: «В Карпыковской волости, управляемой волостным султаном Конуркульджой Худаймендиным, желают открыть округ при урочище Ак-Мола».

Орыс әкімшілігіне округ ашу – қазақ даласын отарлау үшін қажет болса, Қоңырқұлжа секілді төрелерге округтің ашылуы жоғары лауазым – аға сұлтандық дәреже алу үшін керек екені белгілі. Сонымен, қысқаша айтсақ, ХІХ ғасырдың аяғына таман облыс атанып, бір шеті Қызылжар, бір шеті Шу өңірін қамтып, Ұлытау асып, Бетпақдалаға дейін ұласқан ұланғайыр аймақтың орталығы болған Ақмола бекінісі осылай ашылады.

Округ орталығының орнын белгілеуге байланысты мына бір қызықты деректі назарларыңызға ұсына кетелік. Бұл 2005 жылы Алматы қаласында басылып шыққан «Өмір шежіресі» атты кітапта баяндалады. Аталмыш кітап Ереймен елінің белгілі адамы, кезінде Қоржынкөл болысын басқарған Бөгенбай ұрпағы Ералы Саққұлақұлының жазбаларының негізінде құрастырылған. Нақтырақ айтсақ, Ералы болыс өз әкесі Саққұлақ биден естіген деректерін естелік ретінде қағаз бетіне түсірген секілді. Кейін Ералының ұлы, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынбай Ерғалиев жазбаны кириллицаға көшірген. Енді осы кітапта әңгімеленетін Ақмола бекінісінің құрылуы туралы оқиға былай.

«Ақмола қорғанын салуға алғаш белгіленген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола дейтін моланың жаны болатын. Ол қазіргі қала салынған Қараөткел деген жерден 25 шақырым алыс тұрады. Осы жерден қаланың орнын өлшеп, жаппа үйлер тұрғызып жатқан Қоңырқұлжа сұлтанның нөкерлері біраз адам болады. Ішінде Қоңырқұлжаның үлкен баласы Бегалы төре бар. Сейтен мен Тайжанның жайлауы бұдан көп алыс емес, Есіл өзенінің бойындағы Жалғызағаш деген жер еді. (Сейтен мен Тайжан – Қаржас Азынабай байдың балалары, кезінде Кенесары көтерілісін қолдаған адамдар. Кейін көтеріліс басылғасын, Тайжан Ақмолада атылып, Сейтен өмірлік жазаға кесіліп, Сібірдің Туринск деген жеріне айдалады (Қазіргі Ресейдің Свердлов облысы). Сейтенді сол жақта айдауда болған Ғұбайдолла сұлтан көріпті – С.Б).

Енді жоғарыдағы әңгімеге келсек, Тайжан қаршыға салып жүріп, бекіністің  орнын белгілеп жатқан Қоңырқұлжа төренің адамдарының үстінен түседі.  Жөнін білген соң, Бегалыға қарсылық білдіріп: «Жер менікі, кетіңдер, қала салғызбаймын!» – дейді. Бегалының адамдары күш көрсетіп, ұруға айналған соң, Тайжан жылысып кетіп қалады.

Сейтен мен Тайжанның Кенесары дүрбелеңіне байланысты жинаған жасақ жігіттері болады. Әлгі ерегістен бір күн өткен соң, осы жасақты алып, Тайжан қала салынғалы жатқан жерге келеді. Бегалыны ұрып, саймандарын тартып алып, жаппаларын бұзып, кері қайтады. Бегалының сауынға, көлікке деп әкелген бір жүздей жылқысы бар екен, оны тағы айдап әкетеді. «Бұл сендер өлтірген қаршығамның құны» – деп, бақташыға айтып жібереді. (Тайжан жалғыз келген күні, Бегалының адамдары қаршығасын өлтірген болатын).

Осы оқиғадан соң көп ұзамай Қоңырқұлжаның адамдары қаланы екінші орынға салуға ұйғарып, Есіл өзенніің бойындағы Қараөткел деген жерге 1830 жылы Ақмола қорғанын салады. Аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады» – дейді «Өмір шежіресі» атты  осы кітапта.

Бүгінде Астананың тарихын жазып жүргендердің «Ақмола атауы «ақ мол» деген сөзден шықты» дегені, басқадай болжамдары ешбір дәлелсіз  екенін осыдан біліңіздер.

Саққұлақ би Бапанұлы Қоңырқұлжа мен Кенесары және Сейтен, Тайжандардың заманын көзден өткерген адам. Арғынның ақсақалы атанған Саққұлақ би аса зерек, көкірегі ояу, заман тарихына жетік кісі болған. Сондықтан оның дерегіне ешқандай күдік келтіруге болмайды.

Дегенмен, бұл жердегі бір түсініксіз жайт – бекіністі алғаш саламыз деген орын Нұра өзенінің бойындағы Ақмола деген жер екен. Сосын Қоңырқұлжаның адамдары Сейтен мен Тайжанның қарсылығына ұшырағасын, ол жерден әрі жылжып, бекіністі Есілдің бойындағы Қараөткел деген жерден салады. Бірақ неліктен Нұра бойындағы «Ақмола» атауы бекініспен бірге «көшіп», Есіл бойына келген. Шындығында бекініс атауы Ақмола емес, Қараөткел болуы керек еді ғой.

Біздіңше ол себебі мынада. Ақмола бекінісін ашу туралы шешім Омбыдағы Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде бекітіліп, одан әрі Петерборға кеткені белгілі. Яғни «Ақмола» атауы ресми құжаттарға еніп кетті деген сөз. Енді Сейтен мен Тайжанға бола бүкіл құжатты өзгертпейтіні айтпасада түсінікті. Сөйтіп, бекіністің орны ауысқанымен, қағаздағы «Ақмола» деген атау қала береді. Бір қызығы, бекініс-қаланың ресми атауы Ақмола болса да, былайғы ел іші ол жерді бұрынғыша Қараөткел деп атай берген. Кейін осы Ақмола сыртқы округінің құрамында Ақмола уезі құрылып, Ерейментау аймағы осы уездің құрамына енеді.

Бір өкініштісі, Ақмола уезі жайлы ғаламтордағы уикипедия анықтамасында «Омбы облысы әкімшілігінің өкілі полковник С.Б.Броневский 1825 жылдың күзінде Петропавл қамалынан Нұраға дейін сапар шегіп, кезекті сыртқы округ дуанына лайықты деп Ақмола деген жерді белгілейді. 1830 жылдың жазында мұнда дуан салуға кіріседі. Үйлерін су алып кеткендіктен дуан орны Есілдің Қараөткел тұсына көшіріледі де, құжатқа түскен Ақмола аты қала береді» – дейді. Ал Ақмола бекінісінің Есіл бойындағы Қараөткелге көшірілуіне себеп болған ағайынды Сейтен мен Тайжан батырлар екенін былайғы көпшілік біле бермейді..

Осы жаңадан ашылған Ақмола сыртқы округінің аға сұлтаны болып Қоңырқұлжа төре Құдаймендеұлы, орынбасарлығына Қоңырқұлжаұлы Арыстан төре, қазылары болып Қарпық руынан Қабанбайұлы Қотыраш би, Алтай руынан Бектасұлы Матақбай би сайланады дейді. Біздіңше осы Қотыраш белгілі Батыраштың не ағасы, не інісі болуы керек. Себебі, бұл төңірек атам заманнан бері Алтай-Қарпықтардың қонысы. Қазіргі Қаракерей Қабанбайдың зираты делініп жүрген жерде жерленген осы Алтай-Қарпықтан шыққан Қабанбай би деп үнемі жазылып, айтылып  жүр. Бірақ оны керек қылып жатқан адам жоқ…

Үшбұлақ сыртқы округінің ашылуы және алғашқы Қанжығалы болыстарының құрылуы

Сөйтіп, 1832 жылы 28 тамызда Ақмола сыртқы округі ресми түрде ашылады. Әрине, ұланғайыр даланы бақылауға алу үшін, бірер окургтің ашылғаны түк те болмайтыны белгілі. Осы себептен, жыл санап, сахара даланың әр тұсынан осындай округтер ашыла береді.1833-34 жылдары Аманқарағай және Үшбұлақ округтері ашылады. Дегенмен олар кейін таратылып, Ақмола және Көкшетау округтеріне беріледі. 1826 жылы ашылған Баянауыл сыртқы округі 1833 жылы ғана ресми түрде бекиді. Оған дейін ол жерде әскер ұстап, «казарменное поселение» болған. ХІХ ғасырдың қырықыншы жылдары Құшмұрын округінің орнына Атбасар округі құрылып, ал шығыстағы Аягөз округі Сергиополь округі болып өзгереді. 1840-50 жылдары Көкпекті және Алатау округтері құрылады….

Осы отарлаудың барысында бүкіл қазақ жері үш генерал-губернаторлыққа бөлінеді. Олар – Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығы. Ақмола облысы осы Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамында болған. Облыстың құрамына – Ақмола, Көкшетау, Омбы, Петропавл уездері кіреді. Уездердің ішіне ондаған болыстар кіріп, олар 1917 жылға дейін сақталған. Төңкерістен кейін де жаңа кеңестік әкімшілік жүйе бойынша болыстар қайта сайланған. Бірақ бұлар «қызыл болыстар», яғни жаңа биліктің кедей болыстары еді. Бұлар  1925 жылдарға дейін сақталады.

Облыстың құрамындағы уездердің бастықтарын генерал-губернатор өзі тағайындайтын болған. Сондай-ақ, осы уезд бастығының аға және кіші көмекшісі болған. Кіші көмекші жергілікті қазақ ұлтының өкілінен тағайындалады. Уездерге қарайтын болыстарда бір мыңнан үш мыңға дейін шаңырақ болса, осының ішіндегі әрбір әкімшілік ауылға 200-300 түтін қараған. Әрбір 50 жеке шаруаға бір сайлаушы (елубасы) сайланып, осы елубасылар өздерінің  сьезінде шар салып, дауыс беріп, болыс басқарушыларын сайлаған. Әрбір 10 жеке шаруаға 1 сайлаушы (онбасы) сайланып, онбасылардың жиынында олар өздері ауылнайларын сайлайтын болған. Сол кездегі патшаның отарлаушы әкімшілік жүйесі осылай жұмыс істеген.

Осы кезде дала төсінде ашылған округтердің бірі – Үшбұлақ сыртқы округі болатын. Бірақ бұл округтің ғұмыры ұзаққа бармайды деп жоғарыда айттық. Төрт-бес жыл өткен соң таратылып, Үшбұлақ округіне қараған болыстар Ақмола және Баянаула, Көкшетау сыртқы округтеріне таратылып беріледі.

Әңгімеміз Қанжығалы еліне қатысты болған соң, осы Үшбұлақ округінің ашылуы жайында мына бір деректі назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Аталмыш құжатта 1833 жылдың 22 тамызында Қазіргі Ақмола облысы (бұрынғы Көкшетау облысы) Еңбекшілдер ауданының аумағындағы Жөкей көлінің басында Үшбұлақ сыртқы округінің салтанатты түрде ашылғаны айтылады. Бұған Петропавл бекінісінен кавалерия полковнигі Ф.Шубин келіп қатысады. Уәли ханның немересі  Нұрмұхаммет (Нұрхан төре) Сыздықов осы округтің аға сұлтаны болып, Тұрлыбек Көшенов оның заседателі, ал Нияз Нубашев деген кісі биі болып сайланыпты.

Келесі 23 тамыз күні Петропавл бекінісінің бастығы полковник Шубин Омбыдағы облыстық басқарманың бастығына төмендегідей мәлімет жолдапты: «Қанжығалы – Керей болыстарының жерінде Үшбұлақ округінің ашылуы салтанатына байланысты Жөкей көлінің басында жиын өтті» – дейді.

26 тараудан тұратын осы құжатта округке кірген болыстар жөнінде анықтама беріліп, олардың міндеттері жайлы егжей-тегжейлі айтылған. Бұл округке қанжығалылар жағынан 6 болыс, керейлер жағынан 8 болыс (ішінде уақтар да бар), қарауылдардан 5 болыс, есенбақты-керейлерден 2 болыс ел кірген екен.

Сол жерде жаңадан құрылған қанжығалы болыстарының басқарушылары тағайындалады. (Сайланбайды, тағайындалады. Ал заң жүзінде болыс басқарушылар дауыс беру арқылы сайлануы керек). Себебі, ол кезде болыстар құрылғанымен, сайлау өткізетін мүмкіншілік болмаған секілді. Және тағайындалған адамдар құжатта «волостные управители» делінбей, жай ғана «би» деп жазылыпты. Осыған қарап, олардың азғана мерзімге ғана, алғашқы сайлауға дейін тағайындалғанын байқаймыз. Кейін уақыт өте келе, болыстардың құрамы реттеліп, шекаралары белгіленіп, елубасылардың сьезі өтіп, болыс басшылары ресми түрде шар салынып сайланады. Қанжығалы болыстары алғаш құрылғанда оларды басқарушы болып тағайындалған – Жанболат Жантаев, Бапан Тұраналин, Тіленші Төбетов, Дәнен Тоқтаров секілді билер, осы сайлаудан кейін біржола болыс басқарушысы болып сайланып, талай жыл сол қызметте болғанын құжаттардан көреміз. Енді осы құжатта Қанжығалы болыстары қалай көрсетілгенін байқайық.

Қанжығалы болыстарының билері:

1.Қойсары-Турсуновская. Биі – Табайсары Жақауов.

2.Лабашы, Пұшқантай, Дәулетей. Биі – Тіленші Төбетов.

  1. Нияз-Есіргеп, Биі – Жанболат Жантаев.

4.Әлдеуін, Өтеміс, Мәмбет-Шағалақ, Қамажапар. Биі – Бапан Тұраналин.

(Қамажапар деген болыс атауы жөнінде бірер сөз. Есеннен – Қармыс, Қамбар, Жапар туады. Қармыстан – Әжібай-Қанжығалылар тарайды. Ал Қамбар мен Жапарды ауызекі  тілде қысқартып «Қамажапар» деп атаған. Кейін болыс атауы да осылай аталып кеткен. Кейін бұл болыс Қоржынкөл болысы болып өзгереді. Осыдан былайғы баяндауымызда біз де мұрағаттық құжаттарға сәйкес «Қамажапар» деп атаймыз –С.Б).

  1. Әжібай, Малай, Қайқы-Құдайберді. Биі – Дүкен Сыздықов (Нұрхан төренің інісі).
  2. Қарабұжар-Тентек-Қанжығалы. Биі – Дәнен Тоқтаров.

Старшын – Отыншы Барақов.

Билер: Бармақ Құлмамбетов, Сәдіғұл Атанов, Бапан Тұраналин, Сәмембет Өтебаев, К…(түсініксіз) Айбасов, Жанболат Жантаев, Сәмембет Таубасаров, Мыңжасар Шолақов, Айтпай  ….(түсініксіз), Таубасар Жақов, Әділбек  …(түсініксіз), Шомба  …(түсініксіз), Алтыбасар Құттыбаев, Тынысбай Қаншин, Дөнен Шолақов, Өлеңті …(түсініксіз), Тұманбай Ақжігітов, Тастан Баутанов, Жұмағұл Жылқыбаев, Дәнен Тоқтаров, Өміртай Мусин, Б…(түсініксіз) Төкешев, Жортан Атанов, Т…(түсініксіз) Байтөбетов, Байбәкір Жәнібеков, Жетібай Сатаев, Айтуған Байболатов. (ОММ. 349 қор. 1тізбе. 1іс).

Байқап отырсыздар, Қанжығалы жағынан алты болыс ел деп көрсетіледі. Бұл негізі, жоғарыға есеп беру үшін немесе округті тезірек ашу үшін шартты түрде жасалған құжат секілді. Себебі, Қойсары-Тұрсын (Ерейментаудағы Қылшар ішіндегі қойсарылар) жеке бір болыс, Лабашы, Пұшқантай, Дәулетей бір болыс, Нияз-Есіргеп бір болыс болып көрсетілген. Бірақ кейін бұлардың барлығы бірігіп, Жетіру-Қанжығалы болысын құрайды. Жетіру-Қанжығалы 1875 жылдан кейін Ереймен болысы деп аталған. Осы кезде Қамажапар-Қанжығалы болысы – Қоржынкөл болысы, ал Тентек-Қанжығалы болысы – Ақкөл болысы болып өзгереді.

Сол уақытта Қамажапар-Қанжығалы болысының құрамында – Боранбай, Базаргелді, Бәйімбет, Өтеміс-Мәмбет, Аққозы рулары болған.

Жетіру-Қанжығалының құрамына – Лабашы, Дәулетей, Қоскелді, Есіргеп, Нияз, Қылшар, Жолымбет, Төлеңгіттер кірген.

Тентек-Қанжығалы болысында – Тентек және Қарабұжырлар. (Акмолинские областные ведомости. №17. 1875, 15 сентября).

Бұдан басқа Петропавл уезінде Жансары-Уақ, Қанжығалы болысы құрылған. Бұл болыстың атауы 1875 жылы Средний волость болып өзгереді.

Құшмұрын сыртқы округінде Байдалы-Уақ, Ақтасты-Арғын, Қанжығалы болысы болған. Құшмұрын округі таратылғасын, бұл болыс Көкшетау сыртқы округінің құрамына кіреді. Атақты Қанжығалы Меңдеке батыр, Қанжығалы Шәңкі шешен, Қанжығалы Асаубай шешен осы болыстың адамдары. Шәңкі Меңдекин талай жыл осы болысты басқарғаны мұрағаттық құжаттарда көрсетіледі.

Бұлардан басқа Ташкент облысы, Сырдария уезінде бір болыс және Өзбекстанның Қашқадария облысында бір болыс қанжығалылыр болғаны кейбір құжаттарда кездеседі. Бірақ қолымызға нақты құжаттар түспеді.

Сайлау БАЙБОСЫН.

 

 892 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Өзге де жаңалықтар