Ресей ортасын мойындатқан қазақ ғалымы

Біздің елдің бір ақсақалы «сырт елде тек өзіне сенген бөрілер ғана жүрелі» деуші еді. Соның ақиқиттығына қиындығы мен қызығы аралас ғұмыр белестері артта қалып бара жатқан сайын, салиқалы жасымызға жете түскен сайын көзім жете түсетіндей.

Бұл қазағым не көрмеген қазақ, кеңестік дәуірдің аумалы-төкпелі саясатының ыңғайымен, тіпті, сонау Америка, Африка құрылықтарына дейін жетіп, ол жақта да жоқ болып, жоғалып кетпей, өз тірлігін жасап жүрген жанкешті жұрттың өкілі екеніміз рас.

Біздің жұртымызды патшалық Ресейдің отаршылық саясаты да, одан кейінгі кеңестік тоталитаризмнің империялық астамшылығы да сағын сындыра алмады.Біздің ата-бабаларымыз, әке-шешелеріміз ұрпағының болашағы үшін жан төзгісіз ауыр азаптарды белдері қайыспай көтере білді. Сол аға буынның қайсарлықтары мен шыдамдылықтарының арқасында, міне, бүгінгі ұрпақ, соның жемісін татып, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеген, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылған, дүниенің төрт тарабы мойындаған дамыған мемлекет деңгейіне жетіп отырмыз.

Бір ақиқатты мойындауымыз керек, қатыгез заманы мен құйтырқы саясатына төзе білген, кішкене кездерінен бастарына ауыртпалық түссе де, аш-жалаңаш жүріп еңбек еткен, өмір сынағына қарсы тұра білген сол үлкендеріміз ұрпақтарына асыл өнеге, тәлім- тәрбие бере білді,арттарына бай тәжірибе қалдырды. Табан ақы, маңдай тердің зая кетпейтінін, қайтсе де оның өтеуі, қайтарымы болатынын құлағымызға құюмен өмірден өтті.

Мен қазіргі шет елдерді, өз елімізде үлкен табыстарға жетіп жүрген, қандай алпауыт мемлекеттерде оқып, қызмет қылса да, өздерін жоғалтпаған, керісінше, аса жоғары абырой биігінен табылып жүрген өзіміздің қандас бауырларымыздың өнегелі істерінен сол алдыңғы аға буын үлкендеріміздің ұлағатты іздерін көргендей, танымын танығандай боламын.

Осындай мақтаныш тұтуға лайық қандас бауырымыз Ресейдің Челябинск қаласындағы механика және электрлендіру ауылшаруашылық институтын үздік бітіріп, сонда өз саласы бойынша аспирантурада оқып, сол оқу орнында осы күнге дейін абыройлы қызмет атқарып жүрген ауылшаруашылығы ғылымының докторы, профессор Шериязов Сәкен Қойшыбайұлы.

Сәкен Қойшыбайұлының өмір жолдарымен таныса келгенде еріксіз таң қаласың. Ауылда өскен қарапайым қазақ баласының Челябинск сияқты Ресейдің аса ірі мегаполис қаласында өзінің қажыр-қайратымен, оқып ізденуімен ортасын мойындатуы, мойындатып қана қоймай, сондай үлкен ғылыми дамыған ортада үздік жетістіктерге жетуі, докторлығын қорғауы, профессорлық дәрежеге қол жеткізуі – өте сүйсінерлік биік нәтиже деп ұғуымыз керек. Және ондай биік деңгейлі, аса бай тәжірибелі атақты оқу орнында ұзақ жылдар сабақ беруі, өзінің бай тәжірибесін енді жас ғалымдарға үйретіп, кандидаттық, докторлық жұмыстарға жетекшілік ете бастағаны – Сәкеннің зор қарым-қабілетін, мол ауқымды мүмкіншілігін танытатындай.

Енді газет оқырмандарына Сәкен Қойшыбайұлының туып-өскен ортасын, алғашқы баспалдақтарынан мәлімет берейік. Ол 1960 жылы 12 қазанда сол кездегі Володар ауданы, Қызыл әскер, қазіргі Айыртау ауданы, Құмтөккен ауылында туып өскен. 1967 жылы ауылдың сегізжылдық қазақ мектебінде оқып, 1975 жылы үздік бітірген. Қазақша бітірсе де, орыс тілінде жақсы білген. Одан кейін Шағалалы селосындағы Көкшетау мемлекеттік тәжірибе станциясының совхоз-техникумына ауыл шаруашылығын электрлендіру саласы бойынша емтихан тапсырып, барлық сынақтарынан сүрінбей  өтіп, оқуға қабылданады. Оқу өте қиын болды. Сәкен соған қарамастан, бәріне де үлгере білді, жақсы оқуымен бірге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты, спорт саласында да өзін үздік қырларымен көрсете білді. Әлденеше рет жақсы оқуымен қоғамдық істері, спорттық, өнерпаздық қырлары үшін марапаттауларға, дипломдарға ие болды. Совхоз-техникум оқытушылары оның болашағына зор сенім артты. Мұнда төрт жыл үздік оқып, «техник-электрик» мамандығына ие болды.

1979 жылы ол өз біліміне деген зор сеніммен сол кездегі Кеңестер Одағы оқу орындарының ішінде алдыңғы қатардан орын алатын Челябинск ауылшаруашылық механизациялау және электрлендіру институтының «Ауыл шаруашылығын электрлендіру» факультетіне оқуға түсті. Бұл оқу орны сол кездегі одақ бойынша атақты Тимирязев ауылшаруашылық академиясынан кейінгі екінші орында екен.. Үздік жетістіктері үшін және сапалы мамандар даярлап шығарғандығы үшін Еңбек Қызыл ту орденін иеленген оқу орны.

Әрине,оқу орнының үздік, сапалы көрсеткіші-онда оқыған шәкірттердің де сапалы білімінің кепілі екендігіне дау жоқ.

Бұл оқу орнындағы оқу, әрине Шағалалы совхоз-техникумынан әлдеқайда ауыр соққаны рас, бірақ, өзінің жүрек қалауымен түскендіктен Сәкен үшін өте қызықты болды. Ол мұнда техникумда оқып жүргенде сырттай оқулық-зерттеу кітаптары арқылы білетін үлкен  оқымысты ғалымдардың алдынан дәріс алды, сол үшін де өзінің осында айдап әкелген  тағдыр жолына риза болды.

Сәкен техникумда қалыптастырған дағдысы бойынша, үздік оқып қана қалған жоқ, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты, комсомол комитетінің мүшелігіне қабылданды. Осылайша, оқу орнының басшылығы мен оқытушыларымен тығыз қарым-қатынаста болды, әрі олардың алдында абыройлы болды. Ол студенттердің ғылыми қоғамдық  ұйымына мүше бола жүріп, сол кездің өзінде-ақ ғылымға көңіл бөлді. Ауылшаруашылығының өнімдері мен биологиялық нысандарды электрлендірудің әсер ықпалы жөнінде зерттеу жұмыстарымен айналысты. Осының бәрі оның бойына табиғаттың өзі берген қызығушылықтан пайда болған қасиеттер еді. Оны биіктерге талпындырған да осы қызығушылығы, өз ісіне құмарта берілгендігі болатын. Міне, ол осы өзі қызықтырған саласы бойынша дипломын сәтті қорғап, 1984 жылы «инженер-электрик» мамандығы бойынша институт дипломына ие болды.Оқытушылары оған бірден аспирантурада қалып оқуын жалғастыруды ұсынды.. Бірақ, Сәкен ойлана келіп өзін практика жүзінде сынап көрсем деп бекініп, Көкшетау облыстық ауылшаруашылық басқармасына жолдама алды.

Сәкен бұл жерде де, ақылмен шешім қабылдағанын аңғарамыз, ол оқу мен іс-әрекетті ұйымдастыруды аса маңызды деп түсінді, әрине, аталмыш атақты оқу орнының аспиранты атану- кез келгеннің маңдайына бұйыра беретін бақ емес, оның үстіне институт құрамының өздері қалап ұсыныс жасап отырса. Бірақ, Сәкен іс жүзінде пісе  түсуді, біраз тәжірибе жинауды ойлаған, және адаспағанын өмір өзі дәлелдеді. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы Сәкенді Целиноград ауылшаруашылығы институтының Көкшетаудағы филиалына жіберді. Ол мұнда ассистент ретінде еңбек жолын бастады. Оқытушы болып еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмысқа да араласты, институттың партия бюросы хатшысының орынбасары міндетін қоса атқарды. Осында қызмет ете жүріп, ғылыммен айналысуды бір сәтке де есінен шығарған жоқ.

Осы оймен  Көкшетаудағы екі жыл қызметтен кейін, 1987 жылы өзінің үйреншікті студенттік қаласы Челябинскіге қайта оралып, сол өзі оқыған оқу орнында аспирантураға түсті. Үш жыл кандидаттық диссертациясымен айналысты. 1990 жылы «ауылшаруашылығы тұтынушыларын күн энергиясын пайдалана отырып энергиялық жабдықтау» деп аталатын тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл Сәкен Қойшыбайұлының өмірден адаспай өзінің табан жолын дәл тауып түскендігінің айғағы еді. Институт жетекшілігі оған «Ауылшаруашылығын электрмен жабдықтау» кафедрасынан қызмет ұсынды. 1992 жылы оған СССР ғылыми кеңесінің шешімімен доцент атағы берілді.

Ол институтта оқытушылық қызмет атқара жүріп, сегіз жыл бойы институттың қабылдау комиссиясының құрамында болды. Институтта ең алғаш рет абитуриенттерді жоғарғы оқу орнына дайындау бағытын енгізді, бұл оқуға түсушілер арасындағы бәсекелестік деңгейін өсіре түсті. Сонымен бірге, бұл ауыл-село жастарының жоғарғы оқу орнына түсулеріне мүмкіндіктерін арттырды.

Сәкен қабылдау комиссиясындағы жемісті жұмыстарынан соң докторлық ғылыми жұмысына кірісті, мұнда жаңартылған оқу көздерін қалай пайдалану мәселесімен айналысты. Сөйтіп 2010 жылы «Ауылшаруашылығын тұтынушыларын энергиямен жабдықтау жүйесіндегі қалыптасқан және жаңартылған энергия қорларының құрамдық үйлесім әдістемелері» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын өте сәтті қорғап шығып, өзі армандаған межесінің асқарына қол жеткізді. Ал 2015 жылы Россия Федерациясы ғылыми кеңесінің шешімімен Сәкен Қойшыбайұлына профессор ғылыми атағы берілді. Бұл осы оқу орнындағы алғашқы кездескен жағдай екен, бұрын мұндай атақ тек кафедра көлемінде ғана беріліп келіпті, яғни, профессор  атағын  иелену үшін талап өте жоғары болған.

Соңғы он жыл көлемінде Сәкен қызмет атқарған оқу орнында, көп өзгерістер жүріпті. Оның ең бастысы – бірнеше облыс орталықтарындағы ауылшаруашылық институттары, Оңтүстік Урал аграрлы университеті болып біріккен. Қазіргі кезде Сәкен Қойшыбайұлы «Технологиялық ағымдарды энергиямен қамтамасыз ету және автоматтандыру» деп жаңа атаумен аталатын кафедрада профессорлық дәрежеде қызмет етіп, сабақ беріп жүр. Электроэнергетика саласында, нақтылай түссек, электрмен жабдықтау жүйесі бойынша мамандар даярлаумен айналысады. Электрмен жабдықтау жүйесі бойынша мамандар даярлауға шақыртулар алып жатады, мұның өзі Сәкеннің бұл күндері Ресей аумағында сұранысқа ие биік деңгейлі оқытушы- ғалым екендігінің айғағы. Петербург  энергетикалық институтымен бірлесі қызмет атқара жүріп, Ресей мен Қазақстан аумағындағы энергокомпанияларында еңбек ететін мамандарды жетілдірумен айналысады. Пандемия жағдайына байланысты дистанциондық оқу жүйесіне көшу- Қазақстандағы энергетик мамандардың білім деңгейін жетілдіре түсуге зор мүмкіндік тудырып отыр. Университетте сабақ берумен қатар ғылыми жұмыстарды ұштастыра еңбек етуде. – «Аспирантура арқылы ғалым педагогтар даярлаумен айналысамын. Қазіргі уақытта 5 ғылым кандидатын дайындадым, әрі қарай жас ғалымдармен жұмыс істеудемін, 2 докторлық және 4 кандидаттық жұмыс менің жетекшілігіммен қорғауға дайын тұр» – дейді ол өзінің ғылыми жетекшілік қызметі туралы. Меніңше, бір ғалым үшін осынша жұмыстарға табысты жетекшілік ету – зор табыс, үлкен абырой.

Энегетика саласы бойынша аса актуальды мәселелермен  айналысуға Россияның бірінші  Президенті Б.Н.Ельцин атындағы Екатеринбург Урал федеральды  университетінің бірігуімен құрылған диссертациялық кеңес құрамы көп ықпал жасауда.

Сәкен Қойшыбайұлы өз университетінде электротехнология және электрмен қамтамасыз ету ғылыми мамандықтары саласы төрағасының орынбасары міндетін атқарады, бұған электрожабдықтау саласы да кіреді. Ғылым саласында  өзге оқу орындарымен байланыс орнату өте маңызды. Қазір Қазақстанда, Алматы және Нұр-сұлтан қаласында тұратын 3 докторантқа жетекшілік етуде. Бұл ғылыми жұмыстардың тақырыбы – энергияны үнемдеу және энергияны қолдану көздерін арттырумен байланыстырылған.

Сәкен Қойшыбайұлы – Ресейдің үздік оқу орнында оқып қана қоймай, сол өзі оқыған Челябинск университетінің үздік оқытушысы, биік деңгейлі ғалым – профессоры атанып отыр. Ендеше ғылымы күшті дамыған Ресейде мойындаған қазақ ғалымының үздік тәжірибелері Қазақстан үшін аса маңызды болатындығына күмән жоқ. Өз саласы бойынша туған еліндегі жетіспеушілік, олқылықтарды Сәкен Қойшыбайұлы көрмей-білмей отырған жоқ, сондықтан да, қолынан келгенінше Қазақстанның жоғарғы оқу орындарымен байланыс орнатуға тырысуда

Осы бағытта Сәкен Алматы, Нұр-сұлтан оқу орындарындағы жас ғалымдарға жетекшілік етумен бірге Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетпен де тығыз  қарым-қатынас орнатты. Ол осы университеттің 3 магистрантына  «Электроэнергетика және электротехника»  бағыттары бойынша жетекшілік етуде. Сондай-ақ Сәкен Ресей көлемінде шығатын ғылыми журналдардың редакция құрамына да еніпті. Мысалы, ол Мәскеуден шығатын «Сантехника, жылу және ауа жаңарту» журналының құрамында мүше. Осындай ғылыми журналдарға оның 250 ғылыми – әдістемелік мақалалары енген және Ресей Федерациясының 20 патенті бар екен. Оның ішінде 4 оқулығы, 3 ғылыми монографиясы бар.

Ғылым саласындағы ұзақ жвлдардағы еңбектері үшін Сәкен Қойшыбайұлы  Ресей Федерациясы энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен, Челябинск облыстық тарифтік реттеу және энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен және бірінші Ресей Президенті Б. Н. Ельцин атындағы Урал Федеральды университетінің Алғыс хаттарымен, Петербург энергетиқалық институтының Мақтау грамоталарымен марапатталған. Әрине, бұл бір кезде жастық шағында тасқындаған күш-жігермен еңбек етіп, Ресей аумағында өзін көрсете білген, ғылыми мүмкіндігін жарқыратып аша білген біздің айыртаулық жерлесіміздің зор табысы. Біз өзінің таза еңбекқорлығымен, білім мен ғылымға деген ынтызарлығымен сырт елді мойындатқан, және анау-мынау емес, білімі мен ғылымы қарыштап дамыған, ұлы ғалым ғұламалар қаулап өсіп шыққан Ресейде оқып, қызмет еткен, зор табыстарға жеткен, әркімдердің қолы жете бермес асуларды бағындырған Сәкен Қойшыбайұлы Шериязов сияқты жерлес бауырымызды мақтаныш етуіміз керек және ұрпаққа  оның өнегелі жолдарын үлгі, тағылым қылып, ұсынуымыз қажет.

Енді аз сөз Сәкен Қойшыбайұлының отбасы туралы. Сәкен жұбайы Нәзира екеуі өнегелі екі қыздарының ата-анасы.

Үлкен қыздары Әсел Челябинск мемлекеттік университетін «Юриспруденция»  мамандығы бойынша үздік бітірген. 2011 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан. Өз саласы бойынша 10-нан астам ғылыми зерттеулердің авторы.Қазақстанда заң саласы боынша кандидаттық байқаудан сәтті өтті, заң саласы бойынша РҺD ғылыми дәрежесіне ие болды. Бұл күндері Әсел атасы мен әжесіне немере сыйлап, тәрбиесімен айналысуда.

Кіші қызы Айжан, ол да Челябинск университетінде оқыған, «Технология» пәні бойынша мамандық иеленген. Қазіргі күндері Нұр-сұлтан қаласында еңбек етеді.

Міне, Оңтүстік Урал аграрлық университеті «Технологиялық ағымдарды энергиямен қамтамасыз ету және автоматтандыру» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәкен Қойшыбайұлы Шериязовтың Ресей жеріндегі табысты да өнегелі, білім мен ғылым жолындағы тағылымы осындай. Оның барлық жүріп өткен жолдары – өмір үшін, өзіңді дәлелдеу үшін күрестің, ізденістің жарқын үлгісі.

                                                   Шағыров Сәбит Меңдібайұлы.

                                                   Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның

                                                   құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар