Жуамыз ба, жумаймыз ба?..

Кеңестік үкімет кезінде арақ ішу, темекі тарту қарапайымдылықтың, ашықтықтың, халыққа жақындықтың белгісіндей болған сыңайлы. Әйтеуір, насихаттың ең үлкен құралы кино болса, сол кинодағы кейіпкерлер кабинеттерінде, үйлерінде отырып көк түтінді бұрқыратып, темекі тартатын. Терең ойға бөккенде, қиналғанда, қамыққанда темекінің ащы түтіні көмектесетіндей көрінетін.

Ал, спіртті ішімдікті шімірікпей сіміріп салу ол да бір мықтылықтың, төзімділіктің нышаны болды ма, қалай?.. Булаққан ашуын басу үшін, төнген қайғы бұлтын серпу үшін, шаршағанын басу үшін, достығын бекіту үшін, сондай –ақ, ақжарма қуанышын, ішкі асау сезімінің алқынысын білдіру үшін де кейіпкерлер арақ ішетін.

Екіленген сол екпін еркін төрге озған. Біздің «боламын» дегендер де езулеріне темекі қыстырды. Қырлы стақанмен қағысып, «қатарынан қалмай» әлгі сусынды сімірді. Өңештері күйіп, жақтары суалып, қаңқасын әрең сүйретіп жүрсе де содан жаңылмай ұзақ сорлады. Сөйтсек, ғалымдардың айтуынша, біздің жұртқа ол шіркінің онша жаға қоймайды екен ғой. Жеті атамыз түгілі жетпіс атамыз ішпеген пәле бізді тез алып жығады екен. Біреу маскүнем болып кетеді, енді біреу ауруға шалдығады. Талайлар соның салдарынан қайғылы оқиғаларға ұшырады, отбасынан айырылды, тағдырдың тәлкегіне түсіп тентіреді. Егемендік алған алғашқы жылдары жұмыссыз қалған, қызметі, ұжымы қадағаламаған, ешкім тәртіп талап етпеген өтпелі кезеңде сол үйренген әдетті жұрт қатты «дамытты».

Еліміз еңсесін тіктеген соң ғана, біраз адамның беті бері қарады. Ата дініміз аталы сөзін айтып, уағыз тарап, түсінік жұмыстары кең тараған уақытта ғана  тоқтам болды. Дін ұстанғандар одан «харам» деп безінсе, ақыл-есін жиып, айналасына қарап, арақтың алысқа апармайтынын ұққандар тізгін тартты. Көзі ашық, көкірегі ояу жастар ол әдеттен бойларын аулақ салды. Бүгінгі таңда бұрынғы, бар мәселені арақпен шешудің ауылы алыстап, салауатты өмір салтын ұстанушылыр саны көбейді. Арақтың әкелері тек қана жамандық. Ол ұрыс-жанжал, қылмысқа бастайды, от басында лаң туғызады, денсаулықты оңдырмай күйретеді. Сонда оны ақшаңа сатып алып, өз басыңа сонша жамандық шақырғаннан ұтарың не?..

Алайда, күнделікті өмірімізден қалмай, жағаласып бірге келе жатқан әлдебір оқиғаны «жуу» деген бар…Ойланып көріңізші. Масқара болғанда, ойын түрінде айтылып, қолданылғанмен  дәстүрге айналып кеткендей. Ондай дәстүрдің бетін аулақ қылсын! Бірақ, не көріп жүрміз? Балаң мектеп бітірсе достарың мен  туыстарың «жумайсың ба?» дейді. Тағы не… жаңа көлік алсаң, бала сүйсең, немерелі болсаң, пәтерге кірсең, жиһаз жеткізсең…Тіпті, «жуылмайтын» нәрсе жоқ екен-ау!..Бір жағынан жарайды, бүгінгінің адамы ішіп жарытпайды, жуарсың. Атағы «жуу», шыны қуанышыңды бөлісіп, туған-туыс, дос жараныңа дастархан жаю ғой. Ол дұрыс. Тек, осыны жуу демей, басқа атауға ауыстырсақ-ау!..Өйткені, балаларымыз, ұрпағымыздың санасына сол «жуу» деген «дәстүрді» сіңіріп жатырмыз ғой!..Енді бұдан қалай арыламыз? Бұл қара күйеден арылу, сірә, оңайға түспес. Өйткені, оның тұрмысымызға енгеніне құрығанда елу-алпыс жыл болған шығар.

Алланың аманаты – денсаулығын әрбір ересек адам қалай сақтаса өзі біледі. Жастарға айту, үйрету міндетіміз. Арақ пен темекінің денсаулыққа аса зиян екенін айта беруіміз, түсіндіре беруіміз керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы естен шығармау жөн.

…Өкінішке орай,сол заманнан қалған кесел көп. Мысалы, біреулер, үйінде бір кісі қайтқан туысы немесе жолдасын «көңіл шайға» шақырып, оған арақ құяды. Оның көңілін  демеу, қайғысына ортақтасу мақсатымен. Ал ол қайғы шеккен адам қайғысын сол «ащы сумен» басу керек пе? Соны құлқыны сүйіп, көңілі қалап тұр ма? Ол қайғысын арақпен басса, оны балалары қалай қабылдамақ? Дастархан басында  арақты суша сіміріп отырып, соңынан Жаратқан Иенің атын атап, бата берушілер бар. Одан жасы үлкен деп бата беру құрметі сұралады. Ол болса, қызара бөрітіп алған. Жасының үлкендігі де, бата беру жолының соныкі екенді де рас. Бірақ, жағдайы жаңағыдай. Жастар мұны қалай түсінеді, қалай қабылдайды?  Дұрыс дей аласыз ба? Осындай-осындай орынсыз әдеттер әлі бізбен бірге келеді.

Сонымен, не істейміз? Қуанышымызды бөлісудің, ақ дастархан жаюымыздың атауын өзгертуіміз  керек сияқты. Құдайға шүкір,қазақта жақсы сөз көп қой…

                                         Серік Сапарұлы,

                                         «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар