– Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұқаралық ақпарат құралдарына анықтамалық материалдарды уақытылы ұсыну керек. Тек сонда ғана қоғам қарапайым халыққа арналған игі істердің қалай жасалып жатқанын көре алады. Мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарларды берудің жаңа форматына көшу керек деп санаймын.
Кәсіби, құрғақ тілде жазылған пресс релиздерді таратумен ғана шектеліп қалуға болмайды», — деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында. Осы ретте Үкімет басшысы брифингтер мен сайттардан басқа мемлекеттік органның қызметін әлеуметтік желілерде белсенді жариялап, халықтың сұрақтарына тұрақты түрде жауап беру қажеттігін баса айтты.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бағытта барлық мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, оған тұрақты мониторинг жүргізіп отыруы және қолдау көрсету тиіс», — деген Премьер-Министр бұл жұмыстарды үйлестіруді орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.