Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Домбыра Fest». Күй шалқыды!  - АРҚА АЖАРЫ

«Домбыра Fest». Күй шалқыды! 

Ұлттық домбыра күніне орай, Көкшетау қаласында  «Домбыра Fest»  фестивалі болып өтті. Атадан балаға мұра болған төл өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға өңіріміздің екі мыңға жуық кәсіби домбырашылары, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі бірлесіп, қазақ халық композиторларының күйлерін орындады.

 Саусағынан саз сорғалаған дәулескер домбырашылар бірінен соң бірі күмбірлі күй төгіп, жиналған қауым қызыға тамашалады. Фестивальге Бурабай мен Зеренді аудандарындағы күй мектептерінің жас шәкірттері де қатысты.Ашық аспан аясында өткен мәдени іс шараға қатысқан қауым рухани қуат алып, бір серпіліп қалды.

–  «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп ақиық ақын Қадыр Мырза-Әли жырлағанындай, домбыра үнін естіген кез келген қазақтың делебесі қозып, арқалана түсетіні бар. Себебі, домбыра – қазақтың киесі, қасиетті қазынасы. Қазақ пен дом­быра егіз ұғым ғой. Әсіресе, жас домбырашыларды, ұлттық өнерімізді жалғастырушы жастардың көп екендігін көріп, қуанып отырмын. Әр қазақтың төрінде домбыра болуы тиіс! Әр қазақ баласының жүрегіне ән мен күй орнасын деп тілеймін! Осы орайда, аталмыш іс-шараны өткізіп жатқан ұйымдастырушылар алқасына алғысым шексіз.

Біз қашанда өзіміздің төл өнерімізді насихаттауымыз керек. Себебі, кез-келген ұлт ұрпағымен мың жасайды. Осы іс-шараға немерем Мансұрды да ертіп келдім. Болашақта немерем де ұлттық өнерді ұлықтайтын ұл болсын деген тілегім бар, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны, көп балалы ана Жұмажан Жаныбайқызы. Ерекше екпін түсіріп айта кететін жәйт, соңғы жылдары домбыра үйренемін деген оқушы балалар саны артқан. Бір ғана мысал,  Ақмола облысында қазіргі таңда 600-денастам бала домбыра үйірмесіне қатысып жүр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы жанынан Бурабай және Зеренді аудандарында күй мектептері ашылып, қазіргі  таңда мұнда 50-ге жуық балалар білім алуда.

 …Ұлттық домбыра күні Көкшетаудың көгілдір аспанында күмбірлі күй, әуезді ән қалықтап, ұлттық өнер салтанат құрды.  Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар