Ассамблеяның жұмысын жаңғырту туралы пікір білдірді

Қазақстан Республикасының Ақпарат және келісім вице-министрі Серік Егізбаев жұмыс сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жаңғырту туралы пайымды пікір білдірді. Журналистер, Достық үйлерінің басшылары, этно-мәдени орталықтардың жетекшілері пікір алмасты.

Алдымен Серік Рахметоллаұлы бүгінгі әлемнің ахуалы туралы кеңінен толғап, жан-жақты етіп айтып берді. Жасыратыны жоқ ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөлінуі қажет. Дүрбелең дүниенің тынысын тамыршыдай тап басып аңғаратын осы тақырыпта қалам тербейтін журналистер алдыңғы қатарға шығып отыр. Солай бола тұра әлеуметтік желідегі әр сөзге айрықша мән берілгендігі дұрыс. Өйткені, жаңсақ айтылған жалғыз ауыз сөз ұлттар мен ұлыстардың арасына сызат түсіруі әбден мүмкін.

–Барша қоғам болып достықтың арқау жібін бекіту бағытындағы атқарған ісіміздің арқасында ынтымақ пен берекенің ұйып тұрғандығы анық. Дегенмен, тоқмейілсуге әсте болмайды. Қазір әлемнің әр қиырындағы ахуалды көріп, бағамдап отырсыздар. Сондықтан, ел еңсесін көтеріп, бірлікті бекіте түсуіміз қажет. Біз осы бағытта 30 жыл бойы тынбай жұмыс істеп, тәп-тәуір нәтижеге қол жеткіздік,–деді вице-министр.

Серік Рахметоллаұлы Достық үйлерінің шын мәнінде татулық пен бірліктің ақ бесігі болуы керек екендігін ерекше екпін түсіріп айтты. Мұндағы жұмыс таңертеңнен кешке дейін ыстық лепті ағынымен, жанашырлығы мол жағымды шарапатымен өрістеп жатса ғана келешектің кемел шаруасының төрт құбыласы тең болады. Бірақ, оның өзінде де мәдени қызмет көрсететін орталыққа айналып кетпегені дұрыс. Сондықтан, жұртшылықпен жұмыс істеудің жаңа сипаттағы қырлары игеріліп, әсіресе, жастарды бауырға тартудың оң нәтиже беретін оңтайлы жолдары қарастырылғаны абзал. Міне, осындай ауқымы кең күрделі дүниелер әрдайым көкейде жүруге тиісті.

Достық үйлерінде атқарылып жатқан шаруалар мен ішінара кездесетін кейбір мәселелер туралы Ермек Нұғыманов, Наталья Рамазанова, Динара Оразбаева, Нүрия Көбенова тәрізді мекеме басшылары таратып айтып берді. Достық үйлері басшыларының пікірлері алуан тақырыпты қамтыды. Оның ішінде штат кестесінен бастап, қоғамдағы бірқатар мәселелер сөз болды.

Вице-министр С.Егізбаев «Санги-Кабуд» тәжік орталығының жұмысына қызығушылық білдірді. Бірлестіктің басшысы Умар Шоназаров еңбек ұжымымен қалай жұмыс істеп жатқандығын жіпке тізгендей етіп, баяндап берді. Еңбеккер жастар әуесқой футбол ойындарында жиі бас қосады екен. Жастардың зор қызығушылығын туғызатын осы ойын арқылы 13,5 мың адамның басын біріктіріп отыр. Одан әрі экономикалық әріптестікті сабақтастырып, тарихи тағылымды өрістету туралы ой толғады.

«Вайнах» шешен-ингуш қоғамының жетекшісі Герихан Яндиев  ұлттық салт-дәстүрлерді дамытуға сол арқылы адамдардың пейілі мен ниетін бір арнада тоғыстыруға болатындығына назар аударды. Бұл бағытта атқарылып жатқан іс бар. Мәселен, Ақмола облысында 2019 жылы шешен-ингуш мәдениетінің ауқымды фестивалін өткізіп, ол шараға көптеген атақты адамдар келген. Осының өзі қоғамда үлкен қызығушылық туғызған. «Wiedergeburt» неміс қоғамының жаңа жобаларды жүзеге асыру барысындағы жұмысын қоғам төрағасы таратып айтып берді. Әр жыл сайын облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов университетіне неміс және ағылшын тілдері мамандығына гранттар бөлінеді. Бұл шығынның басты бөлігін Германия өтеп отыр.

Ассамблея жұмысын жедел дамыта түсуіміз керек деген пікір білдірді вице-министр. Бұл ең маңызды қадам.

Мұнан соң Серік Егізбаев ақпарат және қоғамдық келісім министрінің Алғыс хаттарын табыс етті. Марапатқа ие болғандар арасында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділов, «Көкше» телеарнасының директоры Ерлан Атамбай, облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, облыстық «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Наталья Яковлевалар болды.

Келесі күні Достық үйінде бірқатар мәнді шаралар өткізілді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасты. Жаңа заманғы этножурналистиканың әдістемелері туралы «AbaiTV» телеканалының директоры Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер клубының төрағасы Азамат Кеңесұлы, «Qazcontent» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Дархан Уәлиханов, «Астана» радиосының директоры Сымбат Танашева және блогер Ұлан Әбішев айтып берді.

Сұлтан ҒАЛЫМОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар