Жазғы кезеңде «Сұңқар» сауықтыру кешені 7 ауысымда 1400 баланы қамтуды жоспарлап отыр.
10 күндік әр ауысым тақырыптық атауға ие және мазмұны бойынша қайталанбайды. Бүгінгі күні 3-ауысым «Кино және мультфильмдер әлемінде» деген атпен өтіп жатыр.
Балалар демалу және сауықтырумен бірге ертегілер әлеміне саяхаттайды, онда олар барлық іс-шаралардың басты кейіпкерлерін сомдайтын болады.
«Сұңқар» лагері материалдық-техникалық базасымен, бес мезгіл тамағымен, оның ішінде балаларға ұлттық дәм ұсынуымен ерекшеленеді. «Бұл сауықтыру кешенінде демалушы балалар күнде киіз үйде қымыз ішіп, әр ауысымда ұлттық нақышта, күмбірлеген күйді тыңдата отырып, қазақтың ұлттық тағамы бесбармақ ұсынамыз», — деді лагерь меңгерушісі Бірлік Баржаксымов.
«Лагерь бағдарламасы балалар мен жасөспірімдердің сауығуын және тәрбие процесін ескере отырып әзірленген. Ауысым бағдарламасын іске асырудағы ең маңызды міндет — әр баланың жеке мүмкіндіктерін ашу», — деп қосты ұйымдастырушылар.