«1 жыл 11 ай 3 күн»

Таяуда осындай тақырыпта қысқа уақытта қалың оқырман қауымның көзайымына айналып үлгерген желтоқсаншы-ардагер Ермұханбет Қуандықтың тарихи деректі кітабы «АРНА» баспасынан жарық көрген болатын.

Осы орайда, кітаптың алғашқы оқырмандарының бірі, белгілі жазушы-ғалым, қайраткер қаламгер Бейбіт Қойшыбаев: «…Ермұханбет, «1 жыл 11 ай 3 күн» атты ғұмырнамалық кітабыңды қызыға, сүйсіне оқып шықтым. Өте тартымды, шынайы сезіммен жазылған. Желтоқсан шындығын, өзің басыңнан кешкен оқиғаны соншалықты шебер тәсілмен, шегіністермен беруің өте ұтымды шыққан. Туынды сенің нағыз шығармашылық тұлғасы екеніңді танытып тұр. Сенің жастайыңнан алдыңа мақсат қоя білгенің, қайсарлығың, әділдікті сүюің, білімге құштарлығың, Желтоқсан көтерілісі күндеріндегі іс-әрекетің – бәрі-бәрі еш жасандылығы жоқ, сондай табиғи шыққан.

Бірге оқыған қыз-жігіттер мен ұстаздарыңның мінез-құлықтары дәл берілген, сол қиын шақты қаз қалпында елестетеді.

Отбасындағы тыныс-тіршілік, ата-ана, туған-туысқан, бауырлар жайындағы сыр, әсіресе, өмірлік жар, сүйіспеншілік жайындағы жазғандарың қайран етеді. Ғажап, өте құрметтерлік сезім.

Осы ретте жұбайыңның еске алған жәйттері де керемет толқытады…

Қысқасы, Ермұханбет, тамаша кітап жазғансың! Кітап жақсы беттелген, мұқаба, жапсырма беттер – бәрі сәтті безендірілген.

Мазмұнды, тағылымды кітабыңмен шын жүректен құттықтаймын, Ермұханбет!» –  деп жылы лебізін білдірген екен.

Шынында да бұл кітаптың тағылымы мен танымы бөлек. Әділдік пен азаттық жолында  күрескен желтоқсаншылардың ғұмыр жолы баяндалады. Бұған дейін ақ-қарасы, анық-танығы тереңірек зерттеліп, ашық айтылмаған, жазылмаған сырлар, нақты дәлелдер, шынайы жәйттер жазылған.

Кітаптың авторы  Ермұханбет Қуандық – 1986-ның Желтоқсанында студенттер арасына қозғау салып, алаңға шығуды алғаш ұйымдастырушының бірі.

Азаматтық құқығын талап еткені үшін отаршыл-озбыр жүйе тарапынан қатал қуғынға ұшырап, жазықсыз сотталып, қапасқа қамалса да, көп құпиясы әлі күнге ашылмай, жұмбақ жатқан Желтоқсан көтерілісінің көзімен көріп, куәсі болған оқиғаларын боямасыз, қоспасыз нақты дерек-дәйектер арқылы жүйелі, тартымды баяндайды. Шығармада еңбекпен есейген кейіпкердің қайсар мінезі мен мақсатты ұстанымдарының шыңдалып, қалыптасуындағы жүріп өткен өмір кезеңдерінің ықпалы, көп балалы отбасындағы бауырмалдық тәлім, таңдап сүйген жарға деген ынтызар сәулелі сезімдер де шынайы сыр болып шертіледі.

Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қуандық Ермұханбет Әбдікәрімұлы 1963 жылдың 27 қаңтарында Түркістан облысы Ордабасы ауданының Ықылас Темір ауылында дүниеге келген. 1971-1981 жылдары орта мектепте оқыған. 1981-1983 жылдары әскери борышын өтеп, арнайы жолдамамен, 1984 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне түседі.

1986 жылы студенттердің құрылыс отряды құрамында, Чернобльде болып, белсенді интернационалдық көмек көрсетеді.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушының бірі ретінде және Алматы алаңындағы қақтығыстар ортасында болғаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылады. Қарлагтың қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колоннасына айдалады…

Бастапқы үкім 2 жылға қысқартылып, 1989 жылдың 3 ақпан күні Е.Қуандық мерзімінен бұрын бостандық алған соң, оқуына қайта қабылданып, 1992 жылы тарих және саясаттану маманы дипломын алып шығады.

Е.Қуандық «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тексеру жөніндегі Парламенттік Комиссияның» құрамында, оның жетекшісі М.Шахановтың қоғамдық көмекшісі бола жүріп, жазықсыз құрбандарды анықтауға сүбелі үлес қосты. 2000 жылдан бастап кәсіпкерлікпен шұғылданады.

Иә, өскелең ұрпақ болашағы жолында жанын пида етуден де тартынбаған желтоқсаншылардың батырлығы ешқашан естен кетпейтіні анық. Жылдар жаңғырығы болып жүректерден орын алған оқиғаның тағылымы мен танымы туралы тереңірек зерделеп, оқырман қауымға ой саларлық құнды кітапты жарыққа шығарған авторға біз де алғыс айта отырып, алдағы уақытта да шығармашылық зор табыс тілейміз!

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар