Егер біздің замандастарымыздың, әріптестеріміздің арасынан бір адам шындыққа жетудің ең сенімді әрі бірден-бір жолы ғылым деп, осы ойға бар жан-тәнімен беріле сенсе және осы жолға бар өмірін арнаса, ол әрине – Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Ғарифолла Есім болар. Ол – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол жақында 75 жасқа толды.
Ғарифолла Есім – сыртқы тұрпатымен де, ішкі дүниесімен де арыстандай әсер ететін азамат – сом тұлға, көпшіл, парасатты, дипломат, патриот, харизмі күшті тұлға. Көрнекті замандасымыздың, әріптесіміздің бұдан да басқа толып жатқан оң қасиеттері біртіндеп ашылып, өзінің қуатымен ерекше баурап алады. Ол қатысқан жиын әрқайсымызға әрқашан қызықты думан, ағылған ой-пікір ортасы болып көрінеді.
Кіммен тілдессе де оны игілікке үйретуге, жақсы мәнерге баулуға тырысып бағады, өмірде көрген-білгендерін, қазақстандық, әлемдік құбылыстарды ұғынуын жасы кішілер мен шәкірттерінің бойына сіңірмек болады, оның көңілді де жайдарлы мінезі, әңгіме дүкенінің тақырыбын терең түсінуі, шығыс адамына тән сыпайылығы мен мәдениеті шыққан тегінің асылдығын, үлкен де әрқырлы табиғи дарын иесі екендігін паш етіп тұрғандай күшті әсер етеді.
Ол туралы не айтып, не жазу керектігін ойлағанда, сом тұлғасын неғұрлым толық жеткізуді пайымдағанда ғана ұғына бастайсың: ол бойына жақсылықтың бәрін жинаған талантты адам, ғалым, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы келісімді ұстаз-тәлімгер, жастарды игілікке бастайтын бірегей тұлға екенін түсінесің. Ал мақалада мен осы бағытта оның әсіресе, шығармашылығының қыры мен сыры туралы, қазақ философиясының, әрі білімінің дамып жетілуіне жасаған қызметі және оның парасаттылығы туралы талдау жасап ой бөліспекпін.
Жұмыс барысында Ғарифолла Есім өзін жоғары білікті педагог-әдіскер және ғылыми-зерттеушілік, тәрбиелік, оқыту жұмыстарын ірі ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Ол философия ғылымының теориясын өмірлік тәжірибелермен шебер ұштастырып, оқудың қазіргі заманғы технологияларын қолдана отырып дәріс оқыған.
Ғарифолла Есім оқу процесінің кредиттік білім беру жүйесіне өтуіне өз үлесін қосуда. Университеттің, республиканың оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу кеңестерінің жұмыстарына белсенді араласады. Оның ұсынысымен және тікелей қатысуымен білім беру бағдарламалары халықаралық беделге ие болды, бұл бағдарламалар халықаралық қорлар мен шетелдік ұйымдардың бірлесуімен немесе техникалық қолдануымен жүзеге асуда.
Ол Қазақстанның әр кезеңдегі даму барысында философия ғылымының жаңа бағытта теория және тәжірибелік тұрғыда жоғары деңгейлі республикамыз бен одан тыс жерлерде де танымал ірі ғалым-философ болып табылады.
Қазіргі қоғамдық сананың, қоғамдық ғылымдардың бітім болмысында, қозғалысы мен өзгерісінде философия ғылымының орны бөлек, оның ауқым аясына мәңгілік проблемалар да, кешегіні саралау мен бүгінгіні түсіндіру де, болашаққа ой тарту да кіреді. Мәңгілік пен кешегі де мейлі, пәлсапалық тұрғыдан бағамдап саралауды іске асыру қажеттілік пе? Қажеттілік!
Мәселе басып озуда емес, бағыттың дұрыс болуында дейді шығыс даналары. Расында қоғам мен мәдениет ақиқатын танып, жөні, турасы былай екен-ау деп оны қоғам игілігіне айналдыруға жетер не бар екен. Дамыған дүниетаным, іргелі философияның әдіснамалық қызметі, міне осы үшін керек, қайбір құбылыстың болмысын бастауында не жатқанының философиялық мәніне деген талпыныстар.
Осы бағытта ой жүтіртсек философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым ғкадемиясының академигі, профессор Ғарифолла Есімнің философиялық еңбектеріне бет бұру қажеттігі туындайды, оның ішкі мазмұнына үңілуді қажет етеді.
Өзінің барлық саналы ғұмырын қазақтың сана болмысын зерттеуге арнаған ол туған еліне өзінің: «Санадағы таңбалар» және «Сана болмысы» атты еңбектерін тарту етті. Бұл еңбектер ғалымның дүннетанымдық ізденістерінің, антропологиялық туындыларының ең маңызды, ең іргелі бағыты болып есептеледі. Соңғысы – он бес кітаптан тұратын топтама.
Сонымен қатар, ол әртүрлі бағыттарда Ресейде Новосибирск қаласында «Даналыққа құштарлық» кітабын, Египетте араб тілінде «Жар жағасы» кітабын, Стамбулда түрік және орыс тілдерінде «Адамзат» кітабын, Америкада ағылшын тілінде «Хакім Абай» кітабын жарыққа шығарды. Шетелдік тәуелсіз сарапшылар мен пікір берушілердің бағасы бойынша, қазақ ғалымының бұл еңбектері әлемдік философия ғылымындағы тосын құбылыс: оларда тұңғыш рет қазақтың философиясына кешенді талдау жасалады, сонымен қатар,
Қазақстанның әлемдік философиясындағы рөлінің күшеюі жөнінде ойлар ұсынылған. Автор нені жазса да нық сана болмысының терең бастауларын ақтарады және қазіргі заман тынысы туралы жан-жақты тұжырымдар жасайды. Басқаша айтқанда сана биігінен жеке фрагменттерді тұтастырып кешегі-бүгінгі заман картинасын ұсынады.
Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан сан алуан пікір таластар, конференция, конгресс, форумдарға қатысуы, табиғат пен рух, сана мен саясат сияқты мәңгілік тақырыптарға арналған зерттеулері оның нәтижесі ретінде пайда болған туындылары өз алдына бір бөлек. Мысалы, елімізде өткен халықаралық конференцияда Яссауи дүниетанымы деген зерттеуі бас жүлдені жеңіп алды, әрине бұл автордың осы бағыттағы ерен еңбегінің жемісі екендігі ақиқат, қазақ ұлтының исламдық мәдениетке келуінің қайнар бастауларын терең білетін маманның ғана қолынан шығатын туынды еді.
Әлем мен қоғамда, қазақ елінің айналасында болып жатқан процестерді және уақыт тынысын өткір сезінетін әрі қаламы қарымды философтың қазақ журнал-газеттері бетінде жарық көрген терең ойлы мақалалары мен ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының біразын атап өтетін болсақ, олар ғалым шығармашылығының көп қырлылығын баяндайды.
Олар: «Тәуелсіздік философиясы», «Бостандықтың бағасы», «Еркін ойлау немесе қазақ философиясы», «Тәуелсіздік және мұсылмандық», «Ұлттық ойлаудың қазіргі келбеті», «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Данышпан Шәкәрім» еңбектерінде қазіргі заман және саясат жайын бағамдайды, әрі батыл, әрі қайталанбас ойлар айтады.
Еңді біз еңбектер тақырыбына келетін болсақ: «Қазақстанда феодализм болған ба?», «Социализмнен қазақ жұрты не ұтты?», «Агония социализма» тағы басқа мақалаларында қайшылығы мол ХХ ғасырдың ақтандақтарын ақтара саралайды, аталған мәселелерге байланысты өзінің көзқарастарын батыл да еркін, халық санасына жеткізетіндей етіп айтады, сонымен қатар, осы құбылыстарға алып келген қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени себептерді де ашып көрсетеді.
Осы бағыттағы ойды одан әрі жалғастырсақ, Ғ.Есім шығармашылығы ерекшелігін жеткізуді ойланған кісіге «бағалайды» немесе «саралайды» деп айтқаннан гөрі «ашқан жаңалығы» деген тіркесті жиірек пайдалануға тура келеді. Себебі, шынына келсек, автор – идея генераторы, оның айтқан болжамдарының көпшілігінің дұрыстығын уақыт дәлелдеп жатады.
Осы ойымыз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік. «Тәуелсіздік философиясы» атты еңбегінде осыдан бес ғасыр бұрын өткен туралы: «Тарихқа жаңа мемлекетпен бірге жаңа ұлт – қазақ ұлты енді. Бұл жаңалық болатын. Жаңалық қашан да болмасын жаңа теорияны, жаңа ілімді қажет етеді. Осыңдай ілім Асан Қайғының «Жер ұйығы» болатын дей келе, осы ілімді қазіргі кезде қайта жаңғырту қажеттігін дәлелдейді. Асан Қайғының «Жер ұйық» туралы ілімі, қазіргі саяси тілмен айтсақ, «геополитикалық саясат» деп түсіндіреді. Осы идея арқылы қазақ елінің жаңарту мәселелеріне де тоқталады.
«Қазақстанда феодализм болған ба?» деген зерттеуінде ғалымның қазақ ауылында тапқа бөліну болған жоқ деген жаңалық пікірі де сол сияқты, айта берсек зиялы қауым назарын өзіне ерекше аударған жаңа идеялар галереясы көзге көрінеді. Бас кезінде зиялы қауым Ғарифолланың қолданысқа енгізген терминдеріне сескене қарағанымен артынан оларды өздері де қолданып жатады, өміршеңдігін мойындайды.
Қоғамдық санада жиі қалыптасып қалған, философиялық ой-толғауды ұзын сонар қызыл сөз немесе лепіре әсірелеу көретін оқырманды профессор Ғарифолла Есім қаламынан шыққан материалдар әрі қысқа әрі нұсқа жазылуымен, тартымды да дәйекті сөзімен тәнті етуге тиіс. Бұған көз жеткізуге «Махаббат мұнарасы» атты мақаланы алып оқыған оқырман бірден түсінеді.
Мақаланың шекесінде «Көзқарас» деген айдардың, ал, тақырып астында «Көне шындыққа жаңа пікір» деген сөздің тұруы тек емес. Автор аталған мақалада зерттеушілер назарынан тыс қалды деуге келмейтін көне дастанымыз «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» кісі және жер-су аттары туралы көптеген соны пікірлер айтып, тың түсініктер береді. Айталық, Аягөз жеріндегі ғашықтар күмбезі заман ағысын өзгерткен ірі геосаяси оқиғаға байланысты қойылған деген топшылау дәлелденеді.
Қорытындылайтын болсақ, үйреншікті көзқараспен ортодокстік танымғасын көзімен, жаңа заман тұрғысынан қарау, талдау, философиялық дүниетаным жағынан келу Ғарифолла Есім стилі болып табылады деп айтуға болады. Автор осы дастанның қазақ тілін, ұлттық дәстүрін, әлеуметтік-рухани құндылықтарын қалыптастыруға тигізген әсерлері мен маңызын дәлелді түрде ашып береді.
Жалпы алғанда, Ғарифолла Есімді көрнекті ғалым ретінде мойындатқан тек теориялық еңбектері ғана емес, ғылыми танымдық публицистикасы десек те ақиқаттан алыстамаймыз. Егемендік алғаннан кейін рухани қазынамыздың ең асқақ шыңы болып есептелетін Абай философиясын: теориялық жағынан зерттеп, абайтану саласында терең із қалдыру профессор Ғарифолла Есімнің еншісіне тиді.
Бұл барша зиялы қауымға аян. Ғарифолла қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Абай дүниетанымындағы Алла және адам» тақырыбына докторлық диссертация қорғағанда мен сол кеңестің жұмысына қатысқан куәгерімін.
Одан кейін де автор жүзге жуық Абай мұрасы туралы мақала жазып, қазақ мәдениетіндегі данышпан Абайдың дана рухын айқара ашты. Көзі қарақты зиялы қауымның есінде болар, ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған бүкіл халықтық той күндері осы тойға ерекше үлес қосқан ғалымдар ішінде Ғарифолла есімі де аталды.
Себебі, сол кезде жарық көрген «Хакім Абай» кітабы Абайдың даналық дүниетанымына ерекше көңіл бөлген қалың бұхара халқымызды бір риза қылып тастады. Бұл еңбек ғалымдар тарапынан да өте жоғары бағаланды. Ұлы ақынның әлемдік тойы қарсаңында Ғарифолла Есім қазақ радиосында эфирге шығып жұма сайын Абайдың қара сөзін бір-бірлеп талдауды жүзеге асырды, бұл іс-шара Ғарифолланың даңқын зорайтқаны соның дәлелі еді.
Қазіргі қазақ мәдениеті мен философиясын зерттеушілер «Хакім Абай» кітабына арқа сүйеп теориялық еңбек ретінде пайдаланады, осы еңбектен кейін «Хакім Абай» термині ғылыми айналымға енді. Осы ғылыми монографияда жаңашыл пікірлер мен ізденгіш ойлар мол айтылып, бұрын аса зерттелмеген мәселелер өз шешімін таба бастады.
Нақтырақ тоқталатын болсақ Абайды философ деуге бола ма, болмай ма деген мәселе жайлы ғалым: «Иә, Абай философиялық жүйе құрастырмаған ойшыл, бірақ оның дүниетанымында жүйе жоқ дегенге келісе алмаймыз. Абайдың әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама» – деп нақты пікір айтады. Абайдың философиясы дегенде алдымен ауызға алатынымыз 38 қара сөз екені мәлім. Ал әйгілі қара сөздің негізгі идеясы неде?
Осы қиынның қиыны болатұғын. Абайдың даналық трактатында діни ислам мен ғылыми ислам, рационалистік пен суфистік көзқарастар қамшының өріміндей жымдаса кіріккендіктен, оларды айырып, ажыратуға табан тірерлік біртүбірлі идея керек болатұғын. Осыған «Хакім Абайдың» авторы жөн сілтеп, жол көрсетті, бағыт бағдар берді.
Ол 38-ші қара сөздің негізгі идеясы «Ғұмыр өзі – хакият» деген Абайдың сөзінде, өйткені, бар мәселенің кілті – ғұмыр деп көрсетті. Сөйтіп әйгілі 38-ші қара сөздің сырына бойлауға айқара жол көрсетілді, барлық зиялы қауым бұл ойлардың ақылға сиятындығы мен келісіп, мойындады.
Есімі бүкіл республика көлемінде белгілі абайтанушы ғалым Абайдың дүниеге көзқарасын әртүрлі аспектілерде қарастырып келеді. Айталық, «Ой көзімен оқып қара», «Абай және Ренессанс», «Абай ағартушы болған ба?», «Қазақ философиясы және Абай» атты танымдық мақалалары әр жылдары мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрді, басқаша айтқанда, абайтану саласында Ғарифолла Мұхтар Әуезов салған жолды дамыта жалғастырған азамат.
Ол Қайым Мұхамедханов, Мекентас Мырзахметов сыңды ғалымдардың өкшесін басты. Кейінгі толқын абайтанушылар ішінде алдыңғы шепке шығып, Абайтану мектебі өсіп-өркендеуіне бүгін де жан-жақты ат салысып, аянбай қызмет етіп келеді. Бұл абайтану бағытындағы еңбектері қазақ философиясын зерттеп одан әрі дамытудағы ең маңызды кезең болды. Ғарифолла Есімнің бұл бағыттағы еңбектері одан әрі қарай жалғасуда.
Ғарифолла Есімнің аса үлкен жетістіктерінің бірі, алғашқылардың бірі болып бастап, қазақ елі мәңгілік ұлттық идеясының жаршысы болып, осы идеяны жан-жақты ұлттық дәстүр мен ұлттық сана үлгілерінен ала отырып қыры мен сырын ашуы. Қазақ халқының рухани мәдениетінде, оның ішінде философиялық ойлау мәдениетінің тарихында ұлттық дамуға пәрменді әсер еткен идеялар болған және оны этноәлеуметтік кеңістіктен, халықтың рухани өмірінен іздеу тәжірибесі де үнемі көрініс беріп отырғанын айтуға болады.
Себебі, қоғамдық болмысқа дем беруші идеяны ұсынатын жандар көбінесе данагөй тұлғалар болып келгені де талас туғызбайтын тарихи дерекке жатады, осы тұрғыдан алғанда ұлттық идеяға деген сұраныс, оған әлеуметтік және рухани мұқтаждық кез келген этнос үшін тарихи процестің даму ағымынан туындайтын заңды дүние болып келеді.
Сондықтан белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан және өрбіген ұлттың ұлттық идея кездейсоқ құбылыс емес, халқымыздың мәдениеті мен әдебиетін жетік білетін, әлемдік әдебиетке де маман ретінде баға бере алатын Ғарифолла Есім, ұлттық идеяның қыр-сырын жақсы игерген, ол рухани ерекше дүние ретінде өзіндік тарихи болмыстың терең қатпарларында шыңдалып, тарихи процесс пен тарихи сана үшін қажетті құбылыс сипатында пайда болатындығын айқын да ашық етіп әрбір еңбектерінде көрсетіп отыр.
Сонымен қатар ұлттық идея бірте-бірте қоғамдық құрылымдардың өзіндік пәрменді дамуына қажетті қозғаушы күшке айналады, сан қырлы саланы қамти түседі. Ал, енді осындай детерминациялық заңдылыққа бағынбаған кездейсоқ сипаттағы әлеуметтік ұрандар мен жасанды айғайлар саясаттың шылауына айналады және олар нағыз халықтық мағынадағы рухани дүние болып есептелмейді, билікке ұмтылған кейбір популистердің мүддесін қорғайтын қолшоқпарға айналады, осы мәселелерді қоғамдық санаға ашып көрсетуде Ғарифолла Есімнің қыруар еңбегін зиялы қауым жақсы түсінеді.
Ұлттық идея – қоғамдық санадағы әлеуметтік прогресті, пәрменді дамуды, әлеуметтің біртұтастануын қамтамасыз етуші рухани күш. Ол халықтың бұқаралық санасында белгілі бір орын алып қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік деңгейдегі белгілі бір саяси платформаға, әлеуметтік бағдарланған парадигма деңгейіне жеткенде тұтастанған ұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналады.
Бұндай деңгейдегі ұлттық идея мемлекеттік идеямен, бағдарлармен толығымен сәйкестенеді, барынша етенелесіп кетеді. Ондай тарихи тәжірибені, өзіңдік әлеуметтік деректі кеңестік кезеңдегі социалистік немесе коммунистік идеядан, немесе Қытайдағы «мәдени революция» идеяларынан көреміз.
Қазақ елінің марксизм дәуіріндегі осы құбылыстарға қалай төтеп бергені туралы да Ғарифолланың еңбектерінде негізгі мәселелердің бірі ретінде қалыптасқан. Аталған әрекеттер, өкінішке орай, қоғамдық ортада үлкен зұлматты жағдайлар туындатты. Жоғарыдағы тоталитарлық сипаттағы мемлекеттерде ұлттық идеяның өзі шынайы табиғи қызметінің түрі мен мазмұнын өзгертіп, барынша жалаң саясаттанған жағдайға дейін жеткенін де байқаймыз.
Сөйтіп, ұлттық идеяның халық үшін маңызы мен мазмұны сондай ерекше бола тұрып, оның кейде қоғамдық ағымды әртүрлі сағымдық, ауытқулы жолдарға түсіріп жіберетіндей қасиеттері болады. Ғылымда осындай тарихи процесті «әлеуметтік флуктуация», яғни, үйлесімді дамудан әлеуметтік ауытқушылық деп бағалайды.
Бірақ дегенмен тарихта түп-түзу сызықпен дамыған немесе рухани мәдениеті бір векторда ғана өрбіген ешқандай ел жоқ, барлық халықтар тарихтың соқпақты жолдарында адасулар мен жол табуларды әр қилы көріністерін басынан кешкені белгілі, қазақ халқы да өзінің мемлекеттігін, мемлекеттік идеологиясын қалыптастыруда әлемдік үлгіге сай дамыды, Ғарифолла Есім, әсіресе, сенаторлық қызметте жүргенде, әлемнің көптеген елдерінде болып, оларды өз еліміздің жағдайларымен салыстыра алды.
Осы көптеген іссапарлар мен кездесулердің жемісі ретінде оның осы кездегі жазған еңбектері ерекше түрленіп, көптеген жаңа идеялармен толысып, қазақ ұлтының мемлекеттік идеясы туралы көзқарастарын нақты бағыттарға бұрды.
Адамзат тарихындағы философиялық ойлау жүйелері белгілі бір деңгейде ұлттық немесе этностық құрылымдардың қалыптасуымен және дамуымен астасып жатқанын байқаймыз. Тарих сахнасында еврей халқы мен орыс халқының ұлттық идеялары туралы түсініктер айқын мағынада көрініс бергені белгілі. Сондықтан ежелгі Грекия еліндегі философияның қалыптасуы мен дамуы сол халықтың ұлттық идеясының өрнектелуіне әкелгені белгілі.
Дәл соған ұқсас процестер мен құбылыстар сипаты көптеген халықтар тарихында көрініс береді, оларды бір-бірімен салыстыра отырып Ғарифолла Есім философ ретінде осы құбылыстардың ішінен қазақ халқының бірегейлігін көрсететін элементтерін айқара ашып, жаңа қазақ мемлекетін өркендететін энергетикалық күшін бағдарлайды.
Бұл мәселенің терең бастауларына келетін болсақ, онда қазақ халқының этностар тарихыңда ұлттық идеяға деген зәрулік ежелгі түркілік кезеңнен бері болған. Ол, әсіресе, қазақ халқының өзіндік жеке ұлт болып, өзіндік хандығын құрған заманда этноәлеуметтік күрделі процестерге, саяси қақтығыстарға байланысты көкейкесті құбылысқа айналады.
Сөйтіп, тарихи процестің үрдістері қазіргі тәуелсіздік кезеңінде бұл құбылыстың маңыздылығын одан әрі арттырып отыр. Өйткені, шынайы ұлттық идея халықтың нағыз ойлау жүйесінен, яғни, философиялық ой-санасына тікелей байланысты, содан туындайды. Философиялық негіздерге сүйенбеген жалпыхалықтық идея тарихта деструктивтік нәтижелерге алып келуі мүмкін.
Мәселен, фашизм, шовинизм идеялары осындай рөл атқарды, сол сияқты белгілі бір жағдайларға байланысты ұлтымыздың тарихында болған ақтаңдақ кезеңдердің себебінен, қазақ халқының мәдениетіндегі, наным-сеніміндегі, салт-дәстүріндегі исламның орны мен маңызын түсінбей, қазіргі экстремизм мен терроризмнің негізі болып отырған, кейбір діндегі ауытқушылықтар, рухани болмыс бітімімізді дұрыс болжап, оны заман талаптарына сай етіп жаңғырту мәселелерінде академик Ғарифолла Есімнің жасап жатқан қыруар іс-шаралары, нағыз ұлтын сүйген азаматтың қызметі деп білуге болады.
Ғарифолла Есімнің қолға алған ерекше қызметінің бірі – міне, осыған орай қазақ халқының сан ғасырлық қордаланған даналығының еліміздегі ұлттық идеяның қалыптасуы мен дамуына қызмет атқару тарапынан қарастыру, оны әртүрлі теориялық және практикалық қырларынан талқылау қазіргі жаһандану заманында өзінің өзектілігін арттыра түсері анық.
Қазақстан халқын біріктіруші, топтастырушы ұлттық идеяны пайымдаудағы сипаттар көпэтносты халқымыздың ынтымақта өмір сүруіне, еліміздегі рухани және әлеуметтік кеңістікті жаңғыртуға өз үлесін қосуы мүмкін екендігі белгілі.
Бұл үдерістің негізгі өзегі болып табылатын қазақ халқының ұлттық келбетінің тарихи рауаждауын ғылыми тұжырымдау маңызды мәселе екені анық, сол мәселені шешу барысында ғалым аянбай еңбек етіп, қоғам мойындайтындай жемістерге жетіп жүргені әріптестері тарапынан зор сенімге бөлейді.
Қазіргі тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзіндік тәуелсіздік алуы қазақтың философиясының қалыптасуы мен дамуына жаңаша қарауға мүмкіндік берді, бұл процестің барысында тәуелді дамудың ұзақ жылдары бойында орнығып қалған әртүрлі кедергілерді жеңіп, жаңа бағдарларды игеруге тура келеді осы бағытта Ғарифолла Есім Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы болып тұрған кезде республикада алғашқылардың бірі болып «қазақ философиясының тарихы» пәнінен жазған оқулығы өзінің батылдығымен, жаңашылдығымен осы бағыттағы айрықша маңызды еңбектерінің бірі болды.
Қазақ халқының рухани қайта өркендеуі өзінің шынайы тарихын пайымдау арқылы, төлтума мәдениет пен ұлттық философияны қайта түлету арқылы жүзеге асырылады.
Ол өз кезегінде пәрменді ұлттық идеяның қалыптасуына негіз болады, басқаша айтсақ, әрине ұлттық идеяның іргетасы қазақ философиясы. Осыны дұрыс түсінген Ғарифолла Есім бұл бағыттағы зерттеулерге ерекше көңіл бөлді.
Қазақтың рухани мәдениетін сонау түп тамыры түркілік кезеңнен бастау алады. Сондықтан, ұлттық идеяның терең іргетастарын білу үшін түркілік ұлан даланың топырағында ғұмыр кешкен ғұламалардың әлеумет пен заманауи болмыс үшін ұсынған идеяларын да ескеруіміз қажет.
Сондықтан Орхон жазбаларындағы түркілік қасиеттерімізді атаған қисындардан бастап, Қорқыттың тіршіліктегі «Өмір» деген құндылықты қалай қорғау қажеттілігі туралы идеяларымен жалғастырамыз. Қорқыт бабамыз өнер мен шығармашылықтың құдіретін өзінің күйлері арқылы әлемге паш етті. Сөйтіп, адами өмірге, әлеуметтік болмысқа қажетті күштің адамның өз бойында екенін көрсетіп бергенін атап өтуге болады.
Қорқыт туралы аңыздың түпкі астары адами тіршіліктің мәнін іздеу. Оны шығармашылықпен, өнермен, әлемге деген көркем бейнелер арқылы қатынас жасау идеясы нағыз жасампаздықтың белгісі деуге болады, осы ойлардың барлығы Ғарифолла Есімнің «Қазақ философиясы» атты оқулығында өте шеберлікпен өрнектеліп көрсетілген. Ұлттық дүниетаным мен ұлттық рух болмысына еркін, шығармашылық аспаптары қолданыла отырып ой жүгіртілген, өте маңызды теориялық болжамдар мен қорытыңдылар жасалған.
Ғарифолла Есім көрсеткен бұл рухани дәстүр қазақтың кең даласында нағыз ішкі, яғни, имманетті ұлттық идеяға айналды. Қобызбен қатар қазақтың домбырасы тарихи белестерде нағыз рухани қаруға айналды, ол халықты іштей біріктірді және сонымен қатар, соншама үлкен географиялық кеңістіктегі этностық әлеуметті бір-біріне тілдік, ділдік және идеялық жағынан алғанда жақындата түсті. Сөйтіп, ұлттық идеяның тұжырым түрінде жарияланатын экстравертті сипатынан гөрі, ғасырларды жалғастыратын, дәстүрді қиюластыратын имманетті түрде болатынын байқатты.
Міне, сондай рөлді қазақтың сан қырлы сипаттағы өнері атқарды. Оның ішіне даналыққа ұмтылған сөз қадірін биікте ұстаған философиялық ойлау дәстүрі де енеді. Осы дәстүрлер Ғарифолла Есімнің қолданысында жаңа заман талаптарына сай Қазақстан халқының санасын жаңғырту үшін, оны бәсекелікке қабілетті ету үшін, заман талабындай етіп ұлттық прагматизмді қалыптастыру үшін, қазақ ұлтының ұлттық бірегейлігін сақтау үшін, ұлттық тәрбиеде білімнің салтанат құруы үшін жетілдіру қажеттілігі бағытында қозғалыстарға түсуде.
Оны зиялы қауым мойындап, мемлекетімізде ерекше орны бар тұлғалардың еңбектерін баяндайтын – Қазақстанның білім мен ғылымына еңбек сіңірген тұлғаларға арналған «Өнегелі өмір» топтамасында, өнегелі өмір сериясының 105-шығарылымы Қазақ елі – мәңгілік ұлттық идеясының жаршысы ретінде мойындап, негізгі шығармаларынан үзінділер беруін философ ғалымдар, Ғарифолла Есімге көрсетілген ерекше сый-сыяпат деп есептеймін.
Ол әлемді философиялық пайымдаудың ұлттық типі рухани мәдениеттің дамуының өзіндік көрінісі және оның қоғам дамуындағы пәрменді рөлін зерделеді. Сонымен қатар, ұлттық философиялық ойда қалыптасқан идеялық тұжырымдардың тарихи тамырларын кәсіби тұрғыдан аша білді және олардың маңызы мен практикалық мәнділігін қазіргі жаһандану заманында арта түскендігін көрсетті.
Қазақ қоғамының философиялық ойының тарихи эволюциясын оның этикалық бағдарларын қазіргі ұлттық идеямен жалғастырып оны ұлттық идеяның рухани бастауы ретінде көрсетті. Сонымен қатар, көп ғасырлық қазақ халқының философиялық және саяси-әлеуметтік ойын сараптау арқылы қазіргі қазақ елінің рухани, мәдени, саяси және гуманитарлық, экономикалық дамуы үшін тиімді ұлттық идеяны қалыптастырудың негіздерін анықтаушылардың бірі болып есептеледі.
Жалпы болмысы – жасампаз. Ол көп жылдар бойы бізге, Абай атындағы университетке, келгенге дейін Семей педагогикалық институтында ұстаздық етіп, сол институттың көркемсурет графика факультетінің деканы болды. Жас ұрпақтарды көркемдік әлеміне тәрбиелеуде, осы жұмысты ұйымдастыруда белгілі табыстарға қол жеткізді.
Біздің университетке келген алғашқы жылдары философия және әдіснамасы кафедрасында қызмет етіп, университетіміздің көркемсурет графика факультетіне декандық қызметіне сайланды. Әрине, декандық-оқытушы мен білім алушының мәдениет пен зиялылыққа баулу мектебі. Бұл қызметте жеке үлгінің мәні зор. Осы қызметінде Ғарифолла Есім әрқашанда шәкірттеріне үлгі бола білді, әлемдік мәдениет пен ұлттық мәдениетті ұштастыра біліп, ұлттық өнерімізді әлем туындыларына салыстыра отырып, өнердің алға даму бағыттарын айқын көрсетті.
Абай атындағы университеттің көркемсурет графика факультетінде суретшілерге декандық қызмет атқарғанда ол, елімізде алғашқылардың бірі болып эстетика мен мәдениеттану бағытыңдағы ғылым каңдидаттарын дайындайтын ғылыми диссертациялық кеңес ашу ісімен айналысты. Осы бағытта ол өнер мен философия тоғысындағы мектептің іргетасын қалады. Ұстаздың өнер ортасындағы әлеуметтік-мәдени мәселелердің шешілу тетіктерін іздеуі философиядағы жаңа бағытқа алып келді.
Осы сабақтастықтықтағы жемісті еңбектің нәтижесі ретінде академик ғалым – Ғарифолла Есім өзінің шәкірттерін ғылымның жаңа саласы – өнер мен философияның тоғысындағы жаңа философиялық-өнертанушылық мектеп іргетасын қалай бастады. Осы істер арқылы ол Қазақстанға кеңінен таралып, қазіргі уақыттағы осы өнертану саласының әдістері мен тәсілдерін өнер философиясымен байытты.
Алғаш оқу әдістемелік методикаға қатынасты өнерді тану енді әлемдік деңгейдегі философиялық, мәдениеттанулық әдіснамалармен құнарланды. Көркемөнер тарихынан дәріс беретін сауатты сыншыл мамандар философия ғылымын меңгеруге деген құштарлықтарын оята бастады. Сөйте отырып ол, қазақ ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар «бейнелеу өнерінің философиялық-мәдениеттанулық», зерттеу алқаптарын анықтап, ұстаз-шәкірт қатынастары ғылыми дәстүрге айналып, өзінің ғылыми жемісін берді.
Теқ қана Абай атындағы университетте емес, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметін атқарғанда да, көптеген шәкірттерін ғылым кандидаты, докторы дәрежесіне көтере тәрбиеледі. Қолда бар мағұлматтарға сүйенсек академик Ғарифолла Есім 24 ғылым докторын, 41 ғылым кандидатын және 7 PhD докторын дайындапты. 18 PhD доктор ғылыми диссертацияларын қорғауға дайындық үстінде. Егерде осы шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет істеп жатқанын ескерсек, әрине, бұл ғалымның еліміздің ғылымын дамытуына қосқан қомақты үлесі екені айқын.
Қорыта айтсақ, академик Ғарифолла Есім – философия ғылымындағы ірі ғалым. Бүкіл саналы өмірінде осы саланың даму жолдарын табанды да жан-жақты зерттеп жүр. Осының арқасында елдегі ғылым әлемінде оның жоғары орны бар, есімі тек қана Қазақстанда емес, көптеген әлем елдеріне мәлім. Соңынан ормандай шәкірт, ізбасар ертті. Ғарифолла Есім дайындаған ғылым кандидаттары, докторлары мен магистранттары тұтас бір ғылыми-зерттеу институтты толығымен жасақтауға жетеді.
Ғарифолла Есім өмірден өткен абзал ағаларының, ғылым сардарларының ізін басты. Ғылым әлемінде табанды күрескерлігінің арқасында өзі де іргелі ғылым сардары дәрежесіне көтерілді.
Ғалым туралы сөз болған соң оның ғылыми еңбектеріне көбірек тоқталдық. Дегенмен, Ғарифолла Есімнің қайраткерлік қырларына тоқталмасақ болмайды. Ол өз заманының көрнекті қоғам қайраткері. Қанша лауазымы жоғары ғылыми, қоғамдық кеңестерінің белсенді мүшесі. Арнайы Мемлекеттік комиссиясының мүшесі, Сенатор ретінде ол ұлт тарихы, ұрпақтар сабақтастығы, саяси репрессияның құрбандарын еске алу, ұлт мәдениетін жаңғырту, тағы да осындай ел үшін маңызы зор саяси-әлеуметтік мәселелердің түйінін шешіп, заман талабына сәйкес іс-шараларға тікелей араласты. Ел экономикасы, әлеуметтік сала, білім-ғылым концепциялары, жалпы ел дамуына арналған стратегиялық концепциялар, даму бағдарламалары осының бәріне тікелей қатынасы бар.
Ғарифолла Есім екі шақырылымның Сенат депутаты болған қайраткерлігі, Сенат отырыстарында ұлттық рух, ұлттық мәдениет, дін мәселелеріне байланысты көтерген қайраткерлік істері бір төбе, әрине оны басқа әңгіменің еншісіне қалдырайық.
Ғарифолла Есіммен әріптес, пікірлес болғанымыз қырық бес жылға жуық. Ғылым, білім саласында болып жатқан жаңару, жаңғырту, қайта құру мәселелерін басымыздан бірге өткіздік. Шетелдердегі ғалымдармен пікір алысуға бірге шығып жүрген кездеріміз де болды. Жалпы, Ғарифолла Есім халықаралық дәрежедегі ғалым. Әлемнің көптеген елдерінде өткен ғылыми конференцияларда, жиындарда философия ғылымының өзекті проблемаларын талқылауға қатысты. Қазақ ғылымы мен озық елдер ғылымының бір-бірімен тиімді байланысына үлесін қосты.
Мыңдаған жылдар бұрын Шығыс халықтары жұлдыздарға апаратын саты туралы әдемі аңыз құрған екен. Белгілі бір мағынада, академик Ғарифолла Есімнің бүкіл еңбектік, ғылыми, педагогтық және қоғамдық-саяси қызметі ұдайы өзін-өзі жетілдірудің, кәсіби және азаматтық өсуінің жұлдызды сатысы болып табылады. Ол бірден-бір қалаған бағытына, өз дарынын, тәжірибесін және бар болмысын толық бағыштаумен ерекшеленуде. Ғылым, педагогика атты ілім қайнауын өмір бойынша аялап, ғылымға, ұстаздыққа терең берілген адам. Оған жоғары азаматтық, адамгершілік және патриоттық, терең жауапкершілік сезімі, адамдарға қайырымды қарым-қатынас тән.
Ғарифолла Есімнің біз куә болып жүрген бақытты өмірі, сөз жоқ, ең алдымен, оның еңбекшілдігінде, өмірге деген сүйіспеншілігі мен құмарлығында, тіршіліктің мән-мағынасын терең ұғынып, өз ойын іске асыра білу өнерінде. Осы жолда ол өз дегеніне жетті, әке арманын да орындады, қоғамның өзіне тиісті орынға да ие болды. Қазақстан ғылымына, біліміне, мәдениетіне қосқан зор үлесі, республика алдындағы ерен еңбегі жоғары бағасын алып жүр.
Ғарифолла Есім – біздің еліміздің атағы жер жарған белгілі ғалымы, қоғам-саяси қайраткері, ғылымға, білімге шын берілген, осы жолға барлық таланты мен тәжірибесін жұмсаған ел азаматы, халқының сүйіктісі.
Ғарифолла Есім адамдарға әрдайым ашық, өз білімі, біртума идеяларымен, қағидаларымен бөлісуге, оларды қолдауға және күрделі ғылыми ізденіс жолына бағыттауға дайын. Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, танымал қоғам-саяси қайраткері, парасатты, бірегей тұлға-академик, жазушы Ғарифолла Есімнің өмірі мен шығармашылығының асу кезеңдері осындай.
Н.В.Гоголь: «Рухани ықпалдың күшінен асып түсер күш жоқ» деген екен. Ғарифолла Есімнің қазақ ғылыми, оның ішінде философия саласындағы рухани ұлттық күшке айналған білгірлік зор ықпалы бір ғалымның басына толығымен жетерлік үлкен бақыт. Ол туған елге, оның ғылымына, біліміне, мәдениетіне барлық тірлігіне шын берілген нағыз адал азамат, асыл тұлға. «Есім бұлғақтады», «Ғарифолла ауытқыды» деген сөзді достары да, қастары да айта алмайды, ол өз биігіне өрлеген сайын қырандай самғап келеді. Ғарифолла Есім 75 жасқа ғылымның көз ұшындағы мұзарт шыңдарына дер кезінде, шығармашылығының шаңқай шырқау шағында, жаңа ойлар мен пайымдауларға терең ойының толқысып толған дәуірінде жетіп отыр. Оның Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеп, іргетасын бекітіп, арқалы ел болуына қосатын үлесі әлі де аз емес. Өйткені, ол толас таппас жанартаудай жалындап тұрған, жаһандық дәрежедегі қызу шағында тұр.
Оның «Ғұлама-наме» еңбегі 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Еліміздің адал да заңғар, біртуар ұлдары осы Ғарифолла Есімдей болса, онда халқымыздың мерейі үстем болып, ынтымақ-бірлігі арта түсері хақ. Талмай еңбек етіп, ғылымның шыңын бағындырған Ғарифолла Есімдей ұлы ғалымдарымыз, текті азаматтарымыз, дара тұлғаларымыз көп болғай!
Мерейлі 75 жасымен шын жүректен құттықтай отырып, академик, жазушы Ғарифолла Есімге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Бұл жалғыз менің тілегім емес, ол бүгінгі барлық көзі ашық, көкірегі зерлі, ойлы азаматтың тілегі.
Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор.