Жуырда ғана еңбек демалысынан жұмысқа шықтым. Еңбек демалысындамын дегенді естіген көз көрген таныс: «Демалысыңыз қалай өтті?» деп сұрақ астына алуда. Өткенде бір отырыста кездескен таныс әріптесім «Демалыстамын, отбасыммен Түркияға жол жүріп бара жатырмын» дегенді айтып еді, біз естіп қуанып қалғанбыз. Күйбең тірліктің шырмауынан шығып, бір сәт те болсын серпіліп, тынығып қайтамын, ел көремін, жер көремін дегенге қалай ғана тәнті болмассың.
Қазір ақшаңыз болса, кез келген мемлекетке жол жүріп, демалып қайтуға болады. Тәуелсіздіктің бір жемісі шығар бұл да. Бірақ, қазақтың көбі еңбек демалысын отбасылық жағдаймен алатын сияқты. Бірі құдалық шақырамын, біреуі баламды сүндетке отырғызамын, біреуі үй саламын, енді бірі сол үйін жөндеймін деп. Осындайда біз осы демалыста дем ала білеміз бе деген заңды сұрақ туындайтыны бар.
Көп екен, көп екен ғой, ғажаптар.
Жомарт өзін сақилықпен азаптар.
Қырымда да бірін-бірі қонақ қып,
Туған жерге шаршап қайтты қазақтар.
Ақын Қадыр Мырза-әлінің бұл өлеңі шынымен де шындықпен астасып, өмірдің боямасыз шынайы көрінісін аңғартып тұр емес пе? Тереңірек ой зерделер болсақ, қазақ ақшаны не үшін жинайды деген сауал алдыңнан кесе көлденеңдеп шыға келетіні бар. Бір жыл бойы еңбектенген қаржыға қажылыққа барсаң, сауап қой. Ал, біз көбіне қонақ күту үшін, дарақылыққа жұмсайтынымыз да өтірік емес.
Бұл күнде шалғайда жатқан ауылдасыңның да тірлігін әлеуметтік желі арқылы бақылауға болады. Қазір демалыс кезеңі. Таныстардың басым көпшілігі өздерінің әлеуметтік желілеріне жүктеген фотосуреттеріне қарасаңыз, бірі үй салып, бірі қымыз баптап, ал, енді бірі үйінде қонақ күтіп жүр.
Ауылдық мектепте жұмыс істейтін бір құрбым бар. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап кезекті еңбек демалысына шыққан. Күні кеше өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жол жүріп бара жатқан суретін жүктеген. Іле сұрақтың астына алып, жөн сұрастым. Сөйтсем, басқа бір ауылда тұратын әпкесіне көмектесуге бара жатыр екен. «Екі ай демалыстамын ғой, үйде жай жатайын ба. Бала-шағасы жас, көмек қолын созайын деп бара жатырмын», –дейді жанашырлықпен.
Енді бір танысым демалыс алып, тағы бір жұмысқа орналасқан. Бір ай бойы жай жатқанша жұмыс істемеймін бе дейді ақталып. Иә, рас «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Қаражат жетіп тұрса жұмыстан көз ашпай ма бір сәт. Бәрі де қым-қуат тірліктің салдары, қысқа жіптің күрмеуге келмейтіндігінде.
Осындайда шетелдіктердің өмірлік пәлсапасы, былайша айтқанда ғұмырлық ұстанымы ойландырады. Мысалы, неміс халқы демалыс кезінде шет елден гөрі өз туған өлкесінде дем алғанды жөн көреді екен. Біріншіден отандық туризмге көмек, екіншіден туған жердің түтіні де қымбат деген пәлсапаны ұстанады. Сонымен қатар, ондағы қала халқы демалыс уақытында арнайы лайықталып салынған фермерлік усадьбаларда отбасымен дем алғанды жөн санайды екен. Ал, испан халқы велосипедпен серуендегенді, балық аулап, табиғат аясында дем алғанды жөн көреді. Табиғат-ананың қуатынан нәр алып, күш аламыз дейді екен олар.
Ал, біз неге өзімізге көңіл бөлуге асықпаймыз? Басқаны айтпағанда жұмыс аптасының соңында берілетін сенбі-жексенбі күндерін де дұрыс жоспарлай алмайтын сияқтымыз. Әсіресе, әйел адамдар үй шаруасынан бас алмай қалады. Театрларға, филармонияға барып, концерт пен қойылым тамашалауға, я болмаса, музейге барып тарихи жәдігерлермен танысуға уақыт бөлетіндер де кемде кем-ау шығар. Жалпы психолог мамандардың пайымдауынша демалыс күні дем алатын адамдар барынша дәулетті болады екен. Үй шаруасымен, отбасы ошақ-қасында бір тыным таппайтын жеңгелер ойға түседі осындайда. Жалпы дем алып, денсаулықты сауықтырып, жаныңды сергіткен тамаша ғой.
Иә, уақытты сынаптай сырғып жатыр дейміз. Қамшының қысқа сабына теңейтініміз тағы бар. Ал, сол уақытты тиімді пайдаланып жатырмыз ба? Айтпақшы, сіз жазғы демалысты қалай өткізіп жатырсыз? Ой бөлісіңіз, ойлы оқырман…
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.