Азық-түлік қоры жеткілікті, бірақ, мәселе бағада болып тұр

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңына келген ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Светлана Занегина және осы министрліктің Сауда комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыржан Оңғаров «Тұтынушы бөлшек сауда жүйесіне жиі шағымданады» деген тақырыпта брифинг өткізді.

Азық-түлік, оның бағасы бүгінгі таңда жұртты алаңдатып отырған мәселе екені шындық. Көрші мемлекеттерде болып жатқан қақтығыстар, геосаяси жағдай, санкциялар тиымының зардабы тимей қоймайды деп түсінген кейбір тұрғындар дүкенде бар, қолжетімді тауарлардың өзін көптеп алып, қор жинауға тырысуда. Әрине, азық-түліктің де, басқа тауардың да жоғарыда айтылған жағдайға байланыс-
ты көтеріліп кеткені шындық. Дегенмен, үкімет бағаны тұрақтандыру, дефицитті болдырмау бағытында ауқымды шаралар ұйымдастыруда. Брифинг қонақтары жалпы еліміз бойынша сауда саласында орын алған ахуалды түсіндіре келе, өз облысымыздағы жағдайға жан-жақты тоқталды.

– Тұтынушы әрқашан ақшасын төлеген соң сапалы тауар алғысы келеді.  Алайда, үнемі олай бола бермейді. Су жаңалығына қарамастан, ақауы бар  техника жиі кездесіп, сырт киім, аяқ киімнен кемшілік шығып жатады. Ал, бірқатар сатушылар сатқан тауарын қайтарып алуға немесе тауарының ақысын қайтарып беруге құлықсыз. Осындай сәтте тұтынушы құзыретті органдарға жүгінуге мәжбүр болады, – деп бастады сөзін Светлана Занегина.

Өкінішке орай, бірқатар тұрғындар өз құқықтарын біліңкіремейді. Сол себепті қиналып, абыржып қалатын сәттері болады. Ағымдағы жылдың 6 айы ішінде департаментке 413 арыз түскен. Көбі  бөлшек сауда жасаушыларға шағымданыпты. Сондай-ақ, тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары жұмыстарына да риза еместер көп көрінеді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 413 арыздың 247-сі қанағаттандырылған, 154-іне даудың мән-жайы түсіндірілген. Соның арқасында тұтынушыларға 13,3 миллион теңге қаражат қайтарылыпты. 62 тұтынушы сапасыз тауарын ауыстырып алуға қол жеткізген.

Светлана Занегина тұрғындардың алдап тауар сатушылардан, жалған жарнамалардан сақ болуын да  ескертті. Мейрамхана, қонақ үйлерде сән-салтанатпен өтетін әлдебір бұйым, қондырғыларды таныстыруға, «тұсаукесерлерге» барғанда ешқандай қағазға қол қоймау қажеттігін баса айтты. Әсіресе, жасы ұлғайған адамдар сондай «тұзаққа» түсіп қалып, қол қойып қойған соң ол қателікті түзеу оңай болмайтынын жеткізді.

Қайыржан Оңғарұлы өзі басқарып отырған департаменттің дүкендер, сауда орталықтары, базарлардағы баға туралы күнбе-күн мониторинг жүргізіп, сараптап отыратынын айта келіп, бүгінгі таңда қант пен пиязға байланысты мәселе туындап тұрғанын айтты. Және бұл мәселе біздің елімізде пияздың өспей, қанттың дайындалмай қалуынан ғана емес. Керісінше, біздегі осы тауарлардың көршілес басқа елдердегіге қарағанда арзандығы әсер етуде. Түптеп келгенде, қант пен пиязды өндірушілер  жеке кәсіпкерлер. Олар тауарын тез сатып, пайда табуды көздесе айып емес. Алайда, олармен шет елге тауар сатпауларын сұрап, әңгіме жүргізілуде, келісім-шарттар жасалуда. Ең бастысы елде қант та, пияз да жоқ емес бар.

Ал, нақты біздің облысымызға келер болсақ, ерте пісетін бақша өнімдеріне келіссөздер алдын ала жасалып қойылған. Бұл өте тиімді жағдай. Көрсетілген мөлшерде ол өнімдер облысқа жеткізілмек. Демек, азық-түлік жетпей қалады деп алаңдауға еш негіз жоқ.

Облыс орталығында 8 дүкенге мемлекет көмегі арқасында арзандатылған бағамен қант сатылуда. Әр дүкенге күніне 1 тоннаға жуық қант жеткізіліп отырылады. Ол дүкендерде қант  1 келесі 473 теңгеден сатылуда. Алайда, ол тауар сағат 10,  кейде 11 шамасында сатылып кетеді. Күнбе-күн кезекке тұрып, күн сайын қант сатып алып жүргендер бар. Ал, басқа дүкендерде, әсіресе, көп қабатты үйлердің жанында орналасқан дүкендердің бағаны тым көтеріп жіберуі жиі кездеседі. Департамент мамандары кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорларының есебін жүргізеді. Рұқсат етілген үстемені анықтау үшін көтерме базарлар мен қоймаларға күнделікті  мониторинг жасалып, рұқсат етілген үстемақыға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Қорыта айтқанда, ел үкіметі азық-түліктің, басқа да тауарлардың бағасын өсірмеу, қажетті қорды сақтап қалу бағытында мұқият жұмыс жасап келеді. Еліміздегі тауарлардың бағасы үнемі қадағалауды қажет ететіні сөзсіз.

Серік Сапарұлы,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар