Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов Көкшетау қаласына арнайы ат басын бұрған «ASAR UME» қоғамдық қорының өкілдерін қарсы алып, ізгі амал, игі мақсатпен келген жандарға алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Алыстан ат терлетіп, өңірімізге арнайы келген қонақтарды Көкшетау қаласының кіре берісінен облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов бастаған өңіріміздің зиялы қауымы мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, жастар қарсы алып, құрмет көрсетті.
«Асар жолы» қайырымдылық акциясы соңғы үш жылдың ішінде еліміздегі әлеуметтік жағынан қамқорлыққа мұқтаж 440 отбасына қолдау көрсетіп, жекеменшік тұрғын үй сатып әперіп, сыйға тартқан. Бұл жоба аясында көптеген сауабы мол ізгі амалдар жасалуда. Жобаның басты мақсаты мұқтаж жандарға көмек көрсетумен қатар, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу болып табылады.
«Асар жолы» акциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылы ел-елді аралап, 20 мың шақырымды еңсеру көзделген. Тур барысында 50-ге жуық аз қамтылған отбасына жекеменшік баспана сатып алуды жоспарлап отыр. Көкшетау қаласына келген сапар барысында да баспанаға мұқтаж көкшетаулық екі отбасына пәтер кілтін табыс ету жоспарланған.
Ізгі амалмен ата-баба дәстүрін насихаттап жүрген жігіттерге Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шияп Әлиев ақ батасын беріп, алғыс айтты. Сонымен қатар, Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің наиб имамы Ұлан Беркімбайұлы сөз сөйлеп, ақ жол тіледі.
Асар жолымен атқа қонған жігіттер киелі Көкшеге Қарағанды өңірінен ат басын бұрып, арнайы келген. Бүгін мәртебелі меймандардың қатысуымен Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында қайырымдылық форумы өтіп жатыр.
«Асар жолы» акциясын ұйымдастырушылар Көкшеден кейін Петропавл қаласына аттанбақшы.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.