Антыңа адал бол, сарбаз!

Көкшетау қаласының Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік  қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің жас жауынгерлері салтанатты түрде ант қабылдады.

Ант қабылдау рәсіміне Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Мәлгаждар Тәткеев, 5510 әскери бөлімінің командирі, полковник Азамат Смағұлов, өңіріміздегі күштік құрылымның бірінші басшылары, сарбаздардың ата-аналары мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Салтанатты жиында Мәлгаждар Тәткеев құттықтау сөз сөйлеп, Ұлттық ұлан қатарына қабылданып жатқан жас сарбаздарға азаматтық борыштарын абыроймен өтеуге тілектестік білдіріп, Отан алдындағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларына сәйкес, біздің мемлекетіміздің әрбір азаматы Қарулы Күштер қатарына қабылданар алдында әскери ант қабылдайды. Бұл – әскерде қызмет етудің мемлекеттік маңыздылығын ерекшелендіретін, құқықтық және моральды-саяси құжат. Әскери ант қабылдағаннан бастап жауынгер өзіне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Биылғы салатанатты шара барысында әскери антты еліміздің сегіз өңірінен келген жас сарбаздар қабылдады. Атап айтқанда, жас жауынгерлердің арасында Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жамбыл, Ақмола облыстарынан жауынгерлер бар. Биыл барлығы 290-ға жуық сарбаз әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы қызметтерін біздің 5510 әскери бөлімінде атқаруда. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған сарбаздар бір үйдің балаларындай  болып кеткен.  Сарбаздар осы уақытқа дейін бір жарым айдың ішінде әскери қызметтің бастапқы жалпы және арнайы даярлығынан өтті. Жиын барысында әскери өмірдің қыр-сырымен танысқаны жас сарбаздар бір жарым айда үйренген машықтарын көрсетті. Олар карабин қаруымен саптық өнер, қоян-қолтық ұрыс бойынша көрсетілімдерді ортаға салып, жиналған қауымды тәнті етті.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар