Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ мектебін жабылудан аман алып қалған Ақан мұғалім - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ мектебін жабылудан аман алып қалған Ақан мұғалім

Бұл жазба 2020 жылдың ақпан айында келмес сапарға кеткен ауылымыздың ұлағатты ұстазы туралы кейінгі толқын жастарға естелік болса деген ниеттен туды. Қазақ елі. Ақмола облысы. Ақкөл ауданы. Аудан орталығынан 33 шақырымдай солтүстік-батысқа қарай орналасқан шағын Аманкелді ауылы. Мектеп. Үзіліс. Оқушылардың у-шуы. Тыныш, «шеф» келе жатыр! Бір ауыз сөз. Жүз шақты оқушының гуілі әп-cәтте тыйылды.

Әңгіменің қызығына түсіп, соңғы сөзін айтып үлгермеген бір-екеуін қасындағысы түртіп үлгергенше, есік ашылып, үстінде қаракөл жағалы сұр пальто, мойын тұсына айқастыра оралған жолақты шарф, басында екі құлағы қайырылған құлақшын, суыққа тоңған құлағының ұшы мен екі беті қызарыңқыраған, аққұба өңді, дөңгелек жүзді, орта бойлы, шымыр денелі, инеден жаңа шыққандай қыры сынбаған шалбары, жылтыраған аяқ киімі, қолында қоңырқай былғары портфелі бар, бойында мұнтаздай тазалық пен сабырлылық тұнып тұрған мектеп директоры кірді.

Зал тып-тыныш. Бір үн жоқ. Біреулер жүзін төмен салса, біреулері назарын терезе жаққа бұрып, ал, енді біреулері директор жаққа ұрлана көз қиығын салуда, тіке қарауға бірен-сараны болмаса, көбінің дәті бармайды. Бұл не? Бір ауыз сөздің құдіреті ме?!

Жо-жоқ, бұл бір ауыз сөздің құдіреті емес, осы сөзді айтқан оқушының да құдіреті емес, бұл – Аманкелді ауылы үшін аса құрметті тұлғаның, мектеп директорының құдіреті! Оның мысының құдіреті еді!

Есіктен кірген ұстаз жан-жағына байыппен көз сала, шәкірттерінің сәлемдесуіне басын изей, амандасқан ишара жасап, айнала бәрін шолып өтті. Бұл кірген мектеп директоры Ақан мұғалім. Ауылымызда үлкеннің атын тікелей атамау дәстүрімен, мұғалімдердің есімдеріне «мұғалім» сөзін қосып айту деген жазылмаған заңымыз бар еді. Ақан Қайыржанұлы Әубәкіров сәл аялдап, байсалды қалпымен оң жақтағы өз кабинетіне қозғала бергенде, залдағы тыныштықтың сырына көз жеткізу үшін, сол қапталдағы мұғалімдер бөлмесінен «біз бармыз дегендей», «разведкаға» бір мұғалім шықты. Бәрі үнсіз тұрған қалыптарында директорды көзбен кабинетіне кіргізіп салды.

Сонда деймін-ау, басқа мұғалімдермен: «Сәлеметсіз бе, мұғалім!», «Мұғалім, сәлеметсіз бе?!», «Мұғалім, қалыңыз қалай?», – деп жапа-тармағай өзімсіне, шуылдап амандасатын әдетіміз ол кісіге жүрмейтін.  Бұл – ұстазға деген «үнсіз құрмет» екенін ол кезде білдік пе? Әрине, жоқ! Ол кезде көбіміз «директордан қорқамыз» деп ойлайтын едік. Үйде «әкеден ықпайтындарды» көзбен-ақ орнынан қозғалтпайтын қасиеті бар «қатал» мектеп директоры Аманкелді ауылының үлкен-кішісінің ең басты Ұстазы болғанын кейін ұқтық қой.

Иә, біздің ауыл. Бір жағы Есілдің сағасы Талқара өзені мен бір жағы Майлы кепе көлінің арасындағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында айтылған «қайыңды-қарағайлы», орман-тоғайлы, үлкен жолдан алыс, түкпірдегі ел қызығар тамаша табиғаттың бел ортасында орналасқан, топырағы қасиетті, суы құнарлы, татулығы берік, рухы мығым, қазақ деген ұлттың бар салт-дәстүрін, тілін, ділін, адами қасиеттерін ұстанған, кеңестік дәуірде Ақкөл ауданындағы жалғыз қазақ мектебін сақтап қалған, татар, орыс, неміс, инғуш, удмурт, башқұрт және тағы басқа ұлттардың өкілдерін қонақжайлылығымен, бауырмалдығымен «қазақтандырып» жіберген кеңпейілді қазақ ауылы – біздің туып-өскен, балалық шағымыз өткен, қайда жүрсек те жүрегіміздің түкпірінде сақтайтын Аманкелді ауылымыз!

Ауылдағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ашылған мектепте әр жылдары ұстаздық еткен марқұм Сыздықов Қапаш, Ермағанбетов Мақым, Жабағин Сәлім, Жабағина Әсия және басқа да мен аты-жөндерін білмейтін мұғалімдерден білім алған шәкірттерден өрбіген ұрпақтың берісі Целиноград, Ақмола, Астана, кейін Нұр-Сұлтан аталған ол кездегі облыс орталығы, қазіргі бас қаламыздың, әрісі Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Мәскеу жоғары оқу орындарына өз білімдерімен топ-топ болып түсіп, түрлі мамандық иелері атануына, өмір атты үлкен жолда дұрыс бағытта жүрулеріне бірінші себеп туған жердің, туған топырақтың, туғаннан бойға сіңірген таза ауасы мен балдай суының әсері болса, екіншіден бір шаңырақтан тарағандай татулықта өскен, адамдықты жоғары қойған отбасылардағы көрген өнеге-тәрбиелері, ал, үшіншіден мектепте алған білімдерінен қаланған іргетастарының мығымдығы негізгі фактор екені ақиқат.

Ал, осы ақиқаттың дәлеліне Қарағанды мұғалімдер институтының физика-математика факультетін бітірген соң, білімі мен біліктілігі мығым Ақан мұғалім «өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» дегендей, алғаш Кеңес ауылында мұғалім, кейін өз ауылымызда мектеп директоры болғанын айта аламыз.

Ол жылдар – бүгінгі күні тарих. Қазақ мектептерін жауып жатқан кезде, совхоздағы, аудандағы, облыстағы «орыстілді басекелердің» тілін тауып, аудандағы жалғыз қазақ мектебін сақтап қалған, өзі туып-өскен ауылының бар баласының, бүгінгі күні немере-шөбере ұрпақтарының туған ана тілінде, қазақ тілінде әріп танып, сауат ашуларына, үлкен өмірге қанаттарын сенімді қақтырып, ұядан ұшыртқан қыран бүркіттей болған ардақты ұстаздың адал еңбегін «көзі тірісінде бағаламағанымызды» енді ұққандаймын.

Біз мектеп табалдырығын аттаған 1981 жыл ауылымыз үшін ерекше жыл болды! Ерекше болатын себебі, осыған дейін 8 кластық (ол кездері орта мектеп 10 жыл, негізгі мектеп 8 жыл, бастауыш мектеп 4 жыл болатын, қазіргі сынып сөзінің орнына класс деп қолданылатын) білім беретін сегіз жылдық мектеп он жылдық орта мектеп болып өзгерді. Ауылдың 1966 жылы туған нағашымның кластастары бір жылды Кеңес ауылының интернатында оқып, соңғы жылын ауылдың мектебінде бітіріп шыққан тұңғыш шәкірттер болды, ал, біз сол жылы бірінші класты аяқтадық.

Ал, келесі 1982-1983 оқу жылындағы мектеп бітірушілерге (1967 жылғылар) «10 жыл өз ауылымызда оқып, үлкен өмірге аттестат алып шыққан алғашқы қарлығаштар болдыңдар», – деп тақпағымызды айтып, өзен жағасынан терген қызғалдағымызды қайыңның жапырағымен әсемдеп, «өзіміздің ауылша» гүл шоғын ұсынып, шығарып салғанымыз да есімде.

Алғаш әліппе үйреткен ұстазымыз Нұрова Рахима мұғалім мен Әбілханова Рауия мұғалімдер болды. Сол кезден бастап он жыл бойы қазақ тіліне, қазақ әдебиетіне, қазақ әндеріне, қазақ өнері мен салт-дәстүріне, ғылым-білімге, әсіресе, негізгі пәндер деп тіл, әдебиет, математика, физика, биология, география, жалпы тарихқа (әттең, ол кезде мектепте қазақ тарихын оқытпады, әйтпесе туған ауылымыздың, жеріміздің тарихын түгел қопарып шығар ма едік?), ЭВМ меңгергендер заманы келе жатыр деп информатикаға ерекше көңіл бөліп, білім әлемінің тереңіне бойлауымызға, қоғамдағы жаңалықты алғашқы болып үйренуімізге бар ықыластарымен ынталы болған ауылымыздағы ұстаздарымыздың еңбегі қашан да есімізде.

Ақан мұғалім өзі бізге сабақ бермесе де, мектеп директоры ретінде біздердің әрқайсымыздың қай сабақты қалай оқитынымызды, қай оқушы қай пәнге бейім екенін жатқа білетін. Педагог қана емес, сырттай қарап тұрып, біздің не ойлап тұрғанымызды біліп қоятын психолог та еді. Ол кісі математикадан сабақ берген кластың оқушылары түнде ұйықтамаса да, үй тапсырмасын орындайтын, себебі, ұстаз тапсырманың уақытылы, әрі дұрыс орындалуын «қатаң» талап ететін.

Өз пәнін керемет жақсы көретін математик директор «математика – бар ғылымның басы» деп көбейту кестесінен бастап, алгебра мен геометрияның бар формуласын сабақтан тыс факультатив, үйірмелерде жарыса жаттатқызып, математикадан олимпиадаларға тыңғылықты дайындалтқызатын. Сол кезде аты дүркіреп тұрған, кез-келгеннің уысына түспейтін Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне бірнеше шәкіртінің оқуға түсуі білім сапасының деңгейіне дәлел.

Кішірек мектебіміздің алақандай залын сол жақты ұлдардың «территориясы», оң жақты қыздардың «территориясы» етіп, жобамен екіге бөліп, үзілісте өз аумағыңнан екінші бетке өтіп кеткеніңді көрсе, өз шекараңа көзімен айдап кіргізетін ұстанымы «қызға қырық үйден тыйымды», «әр қадамды аңдып басуды» үйреткені екен-ау.

Үзіліс арасындағы 5-10 минут уақытты тиімді өткізсін деген оймен, өзі кішкене залдың бір бұрышына үстелдің бетіне шахмат пен дойбының тор көздерін сызып, Жүніс мұғалім екеуі біздерге осы ойынды ойнауды үйрететін, жарыстар ұйымдастыратын. Сол кездері мектепте шахмат, шашки білмейтін оқушы болмайтын. Жай ойын десек те, артында ұшқыр ойлау қабілетін дамыту жатқанын ол кезде кім білген?

Ұл балалардың әскерге дайындығына да ерекше көңіл бөліп, ел қорғар азаматтық, патриоттық сезімді бойларына әбден сіңіргендіктен болар, қазіргідей бір жылдық әскерге «жарау-жарамау» түгілі мектебімізден жыл сайын Әскери жоғары, арнайы оқу орындарына оқуға түсетіндер де біршама еді. Ауылымыздан шыққан генералдар мен полковниктер де оған дәлел.

Бойымызға кітапқұмарлық қасиеттің дәнін де үндемей жүріп сепкенін кейін бағамдадым. Атақты тұлғалардың қанатты сөздері мектептегі көзге көрінетін жерлерде ілулі тұратын. Оқымайын десең де, алдыңда күнде тұрғасын санада жатталып қалады екен. «Оқы, оқы және оқы», «Кітап – білім бұлағы», «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», «Бес нәрсеге асық бол, Бес нәрседен қашық бол. Адам болам десеңіз, Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз» дегендей сөздер аманкелділік әр шәкірттің есінде болар.

Үзілісте көбіміздің жиналатын орнымыз мектеп кітапханасы болатын, өйткені, әлемнің бар қызығы сол жерде еді. Қазақстан мен Ресейден шығатын неше түрлі, әсіресе, қазақша газет-журналдарды кітапханаға жаздыртып алдыратын, оған таласқан біздерді көрген ұстаздың кітапты кезекпен оқуды үйреткені де есімде. Ата-аналар жиналысында әр отбасыға «Балдырған», «Ақжелкен», «Мәдениет және тұрмыс», «Зерде», «Қазақстан әйелдері», «Жалын», «Жұлдыз», «Ара», «Қазақстан пионері», «Коммунизм нұры» секілді көптеген газет-журналдарды жаздыртып алуға кеңес беретін, сондағысы үйде сол басылымдардың шет жағасына көз жүгіртсе де, бірдеңе үйренер деген кемеңгерлік ойы болған екен ғой.

Әлдеқалай біреудің жасаған теріс қылығын көрсе, бәрімізді сапқа тізіп, кінәліні ортаға шығарып, «қызым, саған айтамын, келінім сен тыңданың» тәсілімен бұрыстықты естірте ескертетін, әрине, ол кезде оның бірін ұқсақ, бірін ұқпадық.

Мектебімізде барлық оқушыға жетерліктей үлкен-кіші неше түрлі спорт құралдары да көп болатын. Оның бәрін ауданнан бөлдіртіп алу да «тіл табысқыштық» қасиеті екені ол кезде мұрнымызға да кірмейтін. Сол орындық, оқулық, карта, глобус, аспап, бор, бояу, доп, шаңғы, шелек, күрек, тақтай, шеге дегендей неше түрлі заттардың бәрін өзінің қызыл мәшинесімен, өзі шопыр, өзі жүк тасушы болып тасып жүретін еді. Біздердің жан-жақты, терең білім алуымызға бар жағдайды жасайын деп, күн мен түн демей, жұмыс уақыты сегіз сағат демей, қызметтік көлік демей шапқылап жүре беріпті ғой.

Ол кезде ауылымыздың мәдениет ошағы – ортадағы клуб. Ауылдың жолы дұрыс болмағасын ба, Қанат ағайдың қысы-жазы «кинобудкадан» кино қоятыны болмаса, сырттан әнші-жыршы дегендей өнерпаздар келе бермейтін. Тек мектеп қана емес, ауылдастары да мәдени шаралардан қалыс қалмасын деген ниеті болар, жылына бір-екі рет сол мәдениет ошағында Ақан мұғалімнің басшылығымен, ауылдың жалғыз баянисі Нұров Самат марқұмның сүйемелдеуімен, оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен концерт қойылатын. Үлкен-кіші, бала-шаға бәріміз сыйғанымыз клубтың орындығына, сыймағанымыз мектептің, көрші үйлердің орындығын тасып, кішірек балалар жерге отырып, Ақан мұғалім мен Жүніс мұғалім бастаған домбырашылар арасында біреуі сөзін ұмытып, біреуі домбырасынан шатасып, өзімізше улап-шулап мереке жасайтынымыз ауылдастардың есінде болар.

Директордың өзі домбыра үйреткен сүйікті шәкірті Әнелов Есенжолдың «Бозторғайы» мен «Қоғалайы», гитара мен домбырада кезек ойнайтын ағайынды Сейтхожин Әлтай мен Әйтендер, нота білмесек те, ауылдың бар баласы Кәтай мұғалім мен Рауия мұғалімнен естігеніміз бойынша ән шырқап, би билейтініміз, сөйтіп «әртіс» болудың алғашқы сатыларын да үйреткен «алтын ұямыздың» басшысы еді.

Әртіс демекші, бізден екі класс төменгі сыныпта 11 ұл мен 2 түйір қыз оқыды, оларға математикадан Ақан мұғалім өзі сабақ беретін. Олардың егіз балалардай біркелкілігін көргесін шабыты оянған болар, қара домалақ 11 ұлдан топ құрып, қазақтың «Бипыл, бипыл, бипыл-айы» мен немістің «Цик-цик-цик-ляйын» шырқатып, біраз конкурстардың басын қайырып, теледидарда жүретін кездер де болғаны біраз адамның есінде болар. Бастарында шляпа, мойындарында бантик, ата қаздың соңынан ергендей жүретін сол 11 еркек балапанның бірі – бүгінгі күні Президент қарамағында қызмет атқарса, бірі – аудандық оқу бөлімін меңгеріп, бірі – аудандағы миграция бөлімін басқарып, бірі – төтенше жағдайлар саласында, енді бірі – Ақан мұғалімнің өзі секілді математика пәнінің мұғалімі. Бұл да – ұстаз еңбегінің мәуелі жемісі.

Ақан мұғалім балалайкасы мен домбырасын кезек ұстап, әуелете ән салғанда театрдың әншісінен зор еді! Жан жары, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, біздің сынып жетекшіміз Кәтай мұғаліммен, шын аты – Қуаныш Шотанқызы Жүнісова, қосыла шырқаған әндері ауылымыз тұрмақ, аудан, облыс, республикаға танылып, бірнеше мәрте республикалық байқаулардың жеңімпазы болғаны, кезінде біздің ауданның «визитная карточкасы» іспетті екі жұлдызы болғаны, гастрольдетіп кеткенде, бізге сабақ аз болатыны да есімізде. Ол кездер де мектептегі бейқам бақытты сәттердің бірі екен ғой.

Ұстаз ретінде мектепте шәкірттерін тәрбиелесе, үйінде өзінің ұл-қыздарын да өнерге баулып, «Әубәкіровтердің отбасылық ансамблін» құрғаны, «Еділ мен Жайық» десе, бірден Ақан мұғалім мен Кәтай мұғалім еске түсері, біздің ғана емес, ауылдастарымыздың көбінің есінде деген ойдамын.

Ауылымыз үшін Ақан мұғалімнің азаматтығының биік шоқтығы жаңа мектеп салуы десек болады. Төбесінен тамшы ағатын, айналдырған сегіз кабинеттен тұратын ескі мектепті он жылдай екі ауысымды орта мектеп мәртебесінде аудан түгілі облыстық, республикалық тексерістерге қазіргіше «показательный» мектеп ретінде бетке ұстар білім ошақтарының біріне айналдыру – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс екені белгілі. Сондай еңбегімен еленіп жүрген кезінде «Жыламаған балаға емшек бермейді» дегендей, басшылардың алдына қайра-қайра барып, сұрай жүріп елімізде қайта құру дүрбелеңі басталған, жаңылмасам, 1989 жылы қазіргі тілмен айтсақ, «экономикалық дағдарысқа» қарамай, ауылымызға жаңа мектеп салуға рұқсат алады.

Алғаш естігенде сене қоймадық. Күздің күні үлкен машиналармен тастар, плиталар әкеліп тастады. Содан қыс болды. Жаңа мектеп біз үшін әлі күмәнді. Көпірді жөндейміз деп осылай әкеліп тастаған тастар мен құбырлар неше жылдан бері орнында жатқасын, бұл тастар да жатар деген ой да жоқ емес. Көктем басталды. Сәуір айынан бастап мектеп салынады деген жерде қозғалыс басталды. Ақырындап сене бастадық. Таңның атысы, күннің батысы Ақан мұғалім құрылысшылармен бірге сол жерде жүретін.

Өзіне үй салдырып жатқаннан бетер, әр бұрышының, әр тасының қалануын өз көзімен қадағалап, екі қабатты біз үшін үлкен мектептің құрылысы жүріп жатты. Құрылыс бір жылда біте қоймады. Директорымыз бұрын сыртында жүрсе, енді ішкі жұмыстарын, керекті тақта, партадан бастап, ұсақ-түйегіне дейін өзі бас болып, ауылдықтарды жұмылдыра бірге тасып жүретін. Ғұмыр бойы армандаған мектептің бітуі үшін талай түн ұйқысыз, талай күн күлкісіз өткізгенінен де хабардармыз.

Негізі жоспар бойынша директордың кенже баласы. Науан, қазір ата-анасының жолын қуған, Ақкөл қаласындағы №3 мектептің ұстазы, оқитын біздің класс сол мектептің алғашқы түлектері болуы керек екен, бірақ ол бақыт бізге бұйырмады. Біздер ескі мектептің соңғы қоңырауын 1991 жылы мамыр айында соғып кеттік те, ал сол жылдың қазан айының басында жаңа мектептің лентасы қиылды!

Ақан мұғалімнің қуанышында шек жоқ, екі езуі екі құлақта! Бүкіл ауыл жиналды. Бәрі мәз. Небары екі жылда Ақан мұғалімнің табандылығымен салынған жаңа, жарық, жылы, кең, ішінде суы бар, үлкен спорт залы бар, екі қабатты мектеп. Ол кезде біз үшін «Хан сарайындай» еді. Қазір ауылдың мектебі де, мәдениет ошағы да, клубы да, асханасы да, жиын өткізетін кеңсесі де болып тұрған осы басты ғимарат.

Бірақ, дегенмен, өкінішке орай… Ақан мұғалімге өз қолымен салдыртқан мектепте ұзақ уақыт директор болу бұйырмады. Түрлі себептермен, бірер жылдан кейін ол жаңа, толық жабдықталған мектепте басқа адамдар директор болып, біздің ұстазымыз сол өзі салдыртқан мектепте қатардағы ұстаз қалпымен зейнеткерлікке шықты. Оған ауылдастар куә. Іштегі құса ұстаздың денсаулығына да ізін салғанын білеміз…

Кезіндегі жүз шақты үйлі ауылдың біз оқыған бір қабатты «ескі мектепте» біздерге тарих пәнінен сабақ берген, сабырлының сабырлысы марқұм Сыздықов Нүркеш мұғалім; неміс тілінен сабақты «Гутен тах!» деп бастап, аяғында қойдың кезегін түгендеп шығатын марқұм Әшімов Қуантай мұғалім; ЭВМ-нен «калькуляторды», тұңғыш компьютерді өзі үйреніп, күні-түні мектепте қона жүріп орнатып, шалғайдағы ауылда шеттеп қалмасын, осылар білсін, осылар үйренсін деп біздерге үйреткен, трактордан алғаш «коленвалды» көрсетіп, жолда бағдаршаммен жүрудің ережесін түсіндірген, ауылдағы сынған телевизор мен істемей қалған тоңазытқыштың, сөніп қалған свет пен күйіп кеткен мотордың тілін білетін марқұм Халиакбаров Шәріпжан мұғалім; он саусағынан өнер тамған, өзі кетсе де, қолтаңбасы өлмей, қолынан шыққан туындылары мектептегі стендтерде әлі күнге ілулі тұрған марқұм Сейтхожин Сартай мұғалім де ауылдың бас ұстазы Ақан мұғалімнің бірі – қатарласы болса, бірі – шәкірті еді, әттең, сондай директорымыз 82 жасқа қараған шағында сол әріптестерінің соңынан кете барды…

Ол кісі «өледі екен» деп ойламаппын, біздер жүргесін ол да шәкірттерін тастап кетпейтіндей, мәңгі жасайтындай көріппін. Соңғы рет арғы жылдың жазында өзі салған мектепте кездескенімде: «Амансың ба? Қалың қалай? Кішкентайларың қалай?»,– деп мейірімді көзқарасынан риза көңілін байқап: «Ақан мұғалім маған «нормально» қарады, значит «нормальный адам болғанмын ғой» деп іштей ойлаған едім. Амал не, ауылымыздың қарттарының келместің кемесіне кезекте тұрғанын ол кезде сезбедім.

Жандарыңыз жанаттың төрінде болсын, ардақты ұстаздар! Алдарыңыздан тәлім алған аманкелділік шәкірттер сіздерді ұмытпайды!

ҰСТАЗЫ МЫҚТЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ МЫҚТЫ дегендей, кішкене ғана ауылдың кішкене ғана мектебінен шыққан жастардың тәуелсіздіктен кейін оралған ана тілімізде сауатты іс жүргізе алатын мамандар легін қалыптастырып, Ақкөл ауданында ғана емес, облыс, республика көлемінде Министрліктер мен Үкімет үйінде де абыроймен қызмет атқарып жүргендері бір жағынан мақтаныш болса, екінші жағынан қанша ауылдасымыздың өмірден өз орындарын табуына қазақ мектебін сақтап, дұрыс бағытта берген тәлім-тәрбиенің кайтарымы деп білемін. Егер ауылымыздағы мықты қазақ мектебі, мықты ұстаздар болмағанда, қазір «шала қазақтардың» қатарын көбейтіп жүрер ме едік, кім білсін?..

Кезінде Ақан мұғалім басқарған мектеп ұжымының мүшелері бүгін ауыл ақсақалдары мен ақ әжелері, біздерге білім берген Жүніс мұғалім, Малдыбай мұғалім, Серік мұғалім, Рауия мұғалім, Раиса мұғалім, Шамшылғаян мұғалім, Рахима мұғалім, Ботагөз мұғалім, Халида мұғалімдермен, біз оқыған кездегі жас Гүлжан, Розалия, Салтанат, Төлепберген мұғалімдерге, кітапханашылар Рая тәте мен Зәкия тәтеге, біз оқыған мектептің еденін жуып, жыл сайын сылап, тазалап, дайындығымыз біткенше бізді күтіп отыратын Бағила тәте, Тілеулес тәте және марқұм Алтын тәте мен жоғарыда атап өткен келмес сапарға кеткен ұстаздарымызға бізге әріп танытудан бастап, үлкен өмірге аттестат беріп ұшырғанға дейінгі толағай еңбектері үшін мың алғыс айтамыз!

Ауылдың үлкен-кішісі тік тұрып сыйлайтын үлкен құрметке ие ұстазымыз Ақан мұғалім бар ғұмырында байлық, мансап, атақ қумай, өзінің туған елінде, туған жерінде, туған тілінде, қарапайым қалпында адам бойына жат темекі, ішімдік дегендерден бойын аулақ ұстап, өзінің білімділігімен, біліктілігімен, ұлағатымен аманкелділіктер үшін нөмір бірінші мектеп директоры болды дей аламыз!

Шәкірттерінің бойына Отан, Туған ел, Туған тіл деген асқақ ұғымдарды, үлкенді сыйлау, адамдық, адалдық, бауырмалдық, еңбекқорлық деген абыройлы сезімдерді, қанағат, сабыр, табандылық деген қасиетті құндылықтарды өз ісімен көрсете отырып, ауылымыздағы бірер «ерке тентектер» болмаса, барлық шәкірттерінің «кірпіш дүниенің бір кетігіне» жарап, «жамандықтарын естіртпей» дұрыс жолда жүрулеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз! Бұл көрегендігі үшін қайсымыздың болса да алғысымыз шексіз!

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына осынша із қалдырған» ардақты ұстазымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Мыңдаған шәкіртінің көңілінде сақталар Ақан ұстазымыздың жанын Алла жанаттық ете көрсін! Сіз туралы әлі талай естеліктер жазылар. Сіз салдыртқан мектеп те иесінің атымен аталар күн болар…

Жұпар КЕНЖЕТАЙҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар