Аруақты құрметтеу, осы дүниедегі қолдан келетін амалдарды жүзеге асыру – баға жетпес сауап. Қазақ халқы «өлі разы болмай, тірі байымайды»,–дейді. Осы сөздің астарында үлкен мән жатқаны белгілі. Себебі, аруақты құрметтеу мен оған тиісті дұғаларын жасау, осы дүниедегі қолдан келген амалдарды жүзеге асырудың өзі баға жетпес сауапқа кенелтетіні белгілі.
«Тумақ бар жерде, өлмек бар» демекші, бір адам дүние есігін ашып, өмірге келіп жатса, кей адамдар бұл дүниеден озып жатады. Бұл өзгермейтін ақиқат. Мұсылмандар үшін қабір әлемі – мәңгілік өмірдің алғашқы қақпасы, ақірет әлемінің бастауы. Дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтары мен жанашыр жақындары «Марқұмның топырағы торқа болсын», «Алла алдынан жарылқасын», «Жаны пейіште шалқысын», «Иманды болсын» деп ізгі тілек пен дұға жасап жататыны сондықтан.
Осы орайда, 2022 жылы Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Терісаққан ауылының тұрғындары мен кезінде түрлі себептермен туған жерлерінен шалғай кеткен азаматтар атаулы қаражат қорын ашты. Аталмыш қаражат қорын ашудың негізгі мақсаты аруақтарға тағзым білдіру, екінші жағынан ауылға кірер жол бойында орналасқан ежелгі зираттың аумағын ұзарту болды. Осындай игі бастаманы жергілікті ауыл әкімі Еркеназ Мұхамедиярқызы Кеңесова өз басшылығына алды. Ол ауылдың сыртындағы зират басын үлкейту, зират басына қыста кәбіршілерге пана болатын үй салу керектігін арнайы хабарлама етіп жариялады.
Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарында былай деп жазылған:
Қабірлер тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттағы қабірлерді жеке-жеке етіп қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі.
Жоғары айтылған мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын орындау және игі мақсаттарды жүзеге асыру барысында «ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар» деген сөздің түпкі мəнін ауыл азаматтары, үлкені де, кішісі де еш ұмытпаған сыңайлы. Осы игі іске барша ауыл азаматтары мен бүгінде ауылдан қияға ұшқан азаматтар, белсене ат салысып, шалғайда жатқан туған ауылына көмектерін көрсетуге жиналды. Көп ұзамай шаруамыз дөңгеленіп, ісіміз оңға басты. Жиналған барша мұсылман қауым аянбастан қолғабыс жасап, үш күн бойы зираттың аумағын үлкейтіп, қыста кәбіршілерге пана болатын үй салды.
Ауылымыздың қыз-келіншектері мен әйелдер қауымы да сырт қалған жоқ. Жергілікті мешіт ғимаратында ас даярлап, зираттың аумағын үлкейтуге, алдын ала тас жинауға зор үлестерін көрсеткен азаматтарды күніне екі мезгіл тамақтандырып отырды.
Осы игі іске көмек берген барша азаматтарымыз бен азаматшаларға шын ризашылығымызды білдіреміз. Міне, осындай абзал жандардың шын ықылас, адал көңілдерімен көрсеткен көмек-қолдауларының арқасында қойған мақсатымызға жеттік, міндетімізді атқарып қайттық. Осы бір қасиетті істің басы-қасында болғанымыз үшін Аллаға мың да бір рахмет!
Осындай ауқымды іс ұрпақтар сабақтастығы емес пе?!. Өскелең ұрпаққа, әсіресе, ауыл жастарына үлгі-өнеге боларлықтай тұлғалар ауадай қажет. Кіндік қанымыз тамған туған жерімізді дамытуға, мақсатшыл азаматтар қатары көбейе түссін! Бұл бір қайырымдылық іс болды. Осы секілді игі шаралар ізгі ниетті жомарт жандардың көптігін білдірді, екінші жағынан, терісаққандықтардың ынтымақтығын, бірлігі мен татулығын, елдігін танытты.
Шазизат УАЙЫСОВА
Терісаққан ауылының тұрғыны.
Жақсы ауданы.