Зерделі заңгер

Валентина Мұсайыпқызы ұзақ жылдар бойы сот саласында мол тәжірибе жинақтаған, сот жүйесінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген жандардың бірі. Адал еңбегімен ел алғысына бөленген зерделі заңгер бұл күнде өз өнегесімен өскелең ұрпаққа үлгі болуда.  Иә,  еңбегіңнің жемісін көру, өз ұрпағыңа өнеге болудың өзі бір бақыт.

 – Мен Көкшетау қаласында дүниге келдім. Әкем Мұсайып Закирьянов май зауытында еңбек етсе, анам педагог маман еді. Анам Айша мен бар-жоғы екі жасар бүлдіршін кезімде өмірден озған. Мен әкемнің анасы Балжан әжемнің қолында тәрбиелендім, – дейді өзі сол күндерді еске алып.  Валентина Мұсайыпқызының ұяда көрген ұлағаты көп. 1955  жылы  орта мектепті тәмамдаған соң, Көкшетау қалалық сотына сот отырысының хатшысы қызметіне жұмысқа орналасты. Ал, 1957 жылы Алматы қаласында сот орындаушылары мен халық соттары хатшыларын қайта даярлаудың үш айлық заң курстарын аяқтағаннан кейін сот хатшысы лауазымына тағайындалды. 1967 жылдың 16 ақпанында Көкшетау қалалық халық сотының сот орындаушысы лауазымына көтеріліп, сонда ауыстырылды. Ұзақ уақыт бойы негізгі қызметі кадр жұмысымен, кеңсе жұмысымен байланысты болды. Кәсіподақ желісі бойынша қоғамдық жұмыстарға етене араласты – тұрмыстық сектор, мәдени-көпшілік сектор, қазынашы, тексеру комиссиясының мүшесі ретінде де өз әріптестерінің арасында беделге ие болды.

Ал, 1984 жылы қалалық соттың кеңсе меңгерушісі болып тағайындалды. Қалалық соттың жаңадан келген қызметкерлеріне тәлімгер ретінде Қазақстанның басқа өңірлерінің кеңсе мамандарымен үнемі тәжірибе бөлісіп жүрді. Бұл күнде сол жастардың көбі еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.

– Мен Әділет министрлігі мен қалалық сот төрағасының тапсырмасы бойынша іс жүргізу жөнінен нұсқаулық әзірледім, оны ұзақ жылдар бойы қалалық және аудандық соттар басшылыққа алды. Осы еңбегім үшін Көкшетау қаласы әділет басқармасының басшылығы мені бағалап, 1984 жылдың 16 ақпанында «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым, – дейді ол өз естелігін ортаға салып.

2001 жылғы 10 тамызда әкімшілік-мемлекеттік қызметшінің антын қабылдап, 2002 жылдың 15 қаңтарында қалалық соттың маманы ретінде аттестатталған. Валентина Мұсайыпқызының еңбек жолында алған марапаттары көп.  Қазақ КСР Әділет министрлігінің құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Көкшетау қаласының әділет басқармасы мен  сол кездегі Көкшетау облыстық соты мен мемлекеттік қызметкерлер кәсіподақтарының облыстық комитетінің және тағы басқа сала басшыларының марапатына ие болды.

– Сол жылдары менің фотосуретімді басқа қызметкерлерімен бірге Көкшетау қаласы әділет басқармасының «Құрмет тақтасынан» көруге болатын. Жалпы қай ортада жүрсең де, адамды абзал атына сай ететін оның адамгершілігі мен адал еңбегі. Мен өмірімде осы екі қағиданы қатаң ұстадым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қалалық сотта тағы он бір жыл жұмыс істедім. 2003 жылы құрметті демалысқа шықтым. Жалпы, менің ғұмыр жолымда, еңбек өтілімде өзіме үлгі тұтқан тәлімгерлерім көп еді. Солардың қатарында Көкшетау қалалық сотының төрағасы Бұрлықбай Нұрахметұлы Жүкенов менің алғашқы тәлімгерім болды, кейінгі жылдары А.Н.Ямалутдинов, М.К.Көкенов, Н.П.Головченко, К.И.Новоселова, М.Ф.Малахов, К.К.Керимов, А.А.Гузев, А.Т.Макитов сияқты тәжірибелі судьялардан үйренгенім көп еді, – дейді ол.

Валентина Мұсайыпқызы өз әріптестері арасында сыйлы қызметкер ғана емес, отбасының да ұйытқысы болған адал жар, аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Өкінішке орай, жан жары өмірден озды. Бірақ, анамыз деп аялап, жақсы көретін ұлы мен қызы, немерелері бар. Ұлы Болат Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің заң қызметін басқарады. Қызы Айман Нұр-Сұлтан қаласында аудиторлық ұйымның жетекші маманы болып қызмет атқарады.

Жалпы адам баласының артында қалдырған өнегесі, көп жылғы іс-тәжірибесінің мәуелі жемісіндей. Есепсіз еңбек, ғибратты ғұмыр қашан да құнды. Сот саласының барлық баспалдағынан өткен,  сөзбен емес, өз өнегесімен, еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген зерделі заңгер Валентина Мұсайыпқызының ғұмыр жолы осындай өнегемен сабақталған.

      Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар