Жұмысқа орналастыру бойынша жаңа жобалар іске асырылуда

 Биыл біздің өңірде жұмыспен қамту шаралары аясында екі жаңа жоба іске асырылуда. «Ұрпақтар келісімшарты» деп аталатын жобаға  29 жастан аспаған,  оқуды екі жыл бұрын бітірген оқу орындарының түлектері қатыса алады.

– «Ұрпақтар келісім-шарты» бағдарламасы жарты жылдан кейін зейнетке шығу уақыты келген мамандары бар компанияларда қолданылады. Біз ол жерге жас маманды жібереміз, ал, аға тәлімгер өз тәжірибесімен бөлісіп, жаңа кадрларды даярлайды. Тәлімгер зейнетке шыққаннан кейін оның орнын жас қызметкер  алмастырады. Бүгінгі таңда бағдарлама бойынша 11 адам жұмысқа орналасты» , –  дейді Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

Ал, екінші жоба – «Күміс жас» деп аталады. Бұл жоба зейнет жасына таяған жұмыссыз азаматтарға арналған. Бағдарлама аясында жұмысқа орналасқандардың жалақысының бір бөлігін мемлекет, ал, екінші жартысын жұмыс беруші төлейді.   Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш жоба бойынша 60 адам жұмысқа орналастырылды, жыл соңына дейін тағы осынша адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалалары мен Атбасар ауданындағы отбасыларды қолдау бойынша 4 орталық ашу көзделген.

Орталықтың басты міндеті көп балалы және әлеуметтік  жағынан аз қамтылған немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларын қоғам өміріне бейімделуге көмектесу. Осы санаттағы отбасы мүшелерін оқыту, олардың өз кәсібін ашуға бейімдеу, заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. 9 мың көп балалы  және  мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 3 мың отбасылар үшін әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 мың отбасы мен басқа да әлеуметтік осал топтарға арналған «Бір терезе» қағидаты бойынша  кеңес беру жоспарланған.

Бұдан басқа, жаңа орталықтың қызметі отбасы институтын нығайтуға бағытталатын болады. Орталықтарды ашу мақсатына облыс әкімінің қаулысымен облыстық бюджеттен 40 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар