Моно және шағын қалалардың жағдайы – назарда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы  Данияр Қуанышбаев «Моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізіп, осы мәселе төңірегінде өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

– Ақмола облысында бір моноқала (Степногорск) және 8 шағын қала (Ақкөл, Атбасар, Ерейментау, Есіл, Державинск, Макинск, Степняк және Щучинск) орналасқан. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев моно  және шағын қалаларды инфрақұрылымдық дамытуға айтарлықтай көңіл бөлуде, ағымдағы жылы жалпы құны 15 жобаны іске асыруға 3,2 миллиард теңге бөлінді.Бұдан басқа, облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуға, атап өтер болсақ, жылумен жабдықтау желілерін жөндеу жұмыстарына 1,8 миллиард, оның ішінде жылу магистральдарын салу және реконструкциялау үшін 601,4 миллион теңге қарастырылған, – дей келіп, басқарма басшысы әр қалада атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.

Мәселен, Степногорск қаласының аумағаныда тұратын тұрғындар орталықтандырылған сумен 100 пайыз қамтылған. Оның ішінде Степногорск қаласы ғана емес, Шантөбе, Заводской, Ақсу, Бестөбе кенті де бар. Су бұру жүйелерімен үш елді мекен (Степногорск, Шаңтөбе, Заводской) қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы қаланы көркейту мақсатында үш ауқымды жобалық-сметалық құжат әзірленуде.  Степногорск қаласының кәріз жүйесін қайта жабдықтау жоспарланған. Жоғарыда біз тілге тиек еткен  жобалар бойынша сараптама қорытындысын алу 2023 жылдың 1-ші жартыжылдығының соңына дейін жоспарланып отыр.

Степногорск қаласын жылумен жабдықтаудың негізгі проблемасы жылу желілерінің 82,6 пайызы тозған. Ал, «Степногорск теплотранзит» серіктестігі желілерінің жеке меншікте болуына байланысты бюджеттен ақшалай қаражат бөлу мүмкін емес. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 18 сәуірінде басқарманың атына Степногорск қаласының жылу желілерін қайта құру бойынша жобалардың алдын ала тізбесін келісу бойынша «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамынан хат келіп түсті. Бұл жобаның болжамды құны 28,7 миллиард теңге көлемінде. Қазіргі таңда «Степногорск теплотранзит» серіктестігі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге арналған техникалық ерекшеліктердің (тапсырмалардың) құжаттарын әрбір жобаға жеке-жеке дайындауды жүргізуде.

Жиын барысында Данияр Қуанышбаев өңіріміздегі сегіз шағын қаланың  инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту туралы да тарқатып айтып берді. Мәселен, Ақкөл қаласының тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 94,8 пайызды құрайды. Жалпы ағымдағы жылы Ақкөл қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 28,5 миллион теңге қаражат бөлінсе, жылумен жабдықтау науқанын ойдағыдай атқару үшін  қаладағы бу қазандықтарын жөндеуге 42,5 миллион теңге бөлініп отыр. Мердігері – «Эверест Құрылыс Корпорациясы» серіктестігі.

Ал, Атбасар қаласының халқын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы «Атбасар қаласының Степной кентіндегі сорғыш станциясы мен таза су резервуарларын қайта жаңарту» жобасы іске асырылуда, бұл жобаның жалпы құны – 284,0 миллион теңге. Мердігер мекеме  –  «Байсын – А» серіктестігі. Жұмыстардың 70 пайызы мердігерлік ұйым қаражаты есебінен жүргізілуде.  Сонымен қатар, қазіргі таңда «Атбасар қаласының жылумен жабдықтау жүйелерінің инвестицияларының негіздемесі» техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, 2022 жылғы 1 маусымнан бастап «Мемсараптама» РМК-да орналасқан. 2022 жылғы 7 шілдеде сарапшылар тобы тағайындалды. Бүгінгі күні жоба бойынша ескертулерді жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Брифинг барысында басқарма басшысы Ерейментау, Есіл, Державинск, Макинск, Степняк және Щучинск қалаларындағы ахуал туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 272 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар