Абай – қазақтың бойтұмары

Өз болашағын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы мен мәдени мұралары.

Осы ретте еліміздің ертеңі, әрқайсысымыздың өмір жалғасымыз болып табылатын жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – аса өзекті тақырып. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарға негізделген адамгершілік тәрбие мен адами сезімді қалыптастыру және дамыту мәселесі қазақ ақын-жырауларының ой иірімдері, даналық тұжырымдары, халықтың адамгершілік ұғымдары мен ойлары арқылы жүргізілуі тиіс. Бұлар жас ұрпақтың адамгершілік сезімдерін дамытып, Отан алдындағы міндеті мен борышын адал атқаруға деген оң көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді.

Осы орайда, жас ұрпақты  ұлттық құндылыққа баулудың бірден-бір жолы – Абай мұралары. Абайды оқыту арқылы жаңа биіктерге көтерілу, рухани өсіп-өркендеген іргелі еліміздің елдік белгісін биік дәрежеге көтеру. Бүгінгі күні білім беру саласында «Абайтану» мәселесіне басты назар аударылып отырғаны да – осының айғағы.

Қаладағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мамандандырылған гимназия бұл мәселені  ерте бастан қолға алған болатын. «Абайтану» дәрісханасын, орта буыннан бастап Абайтану арнаулы курсын ашу барысында оқушыларды Абай әлеміне енгізуге бастама жасалды. Бүгінгі күні бұл үрдіс барлық орта білім беретін  мектептерде өркен жайды. Оқу бағдарламаларына «Абайтану» сабақтары толық енгізілді.

Бастапқы кезеңде 2003 жылдары орта буындарда «Абайтану» арнаулы курсы болып енгізілген сабақтарда оқушыларды Абай оқулары сайысы мен ғылыми жобаларға дайындау мақсаты көзделді. Абай өлеңдерін жатқа оқып, әндерін нақышына келтіріп айтуда бәйге биігінен көрінген оқушылар республикалық дәрежеде өнер көрсетіп жүрді. Кейін бұл үрдіс те қалыпты жағдайға ұласты. Жыл сайын өткізілетін «Абай-Шәкәрім оқулары» сайысының жүлдегерлері көбейді. Бұл Абай мұрасын оқушылар бойына сіңірудің бастамасы еді.

Бүгінгі күні гимназия «Абайтану» саласы бойынша Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университетпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Филология факультеті бойынша бағдарлама жасау барысында «Абайтану» пәнін оқыту әдістемесі бойынша ұсынылған «Абайтану» курсы жүргізіледі. Курс бойынша жоғары сыныптар Абай шығармашылығының қыр-сырын студенттермен бірге таниды.

Сондай-ақ, «Абайтану» сабақтарында оқушылардың жас ерекшелігіне орай, Абай шығармалары жіктеліп, талданады. Абай шығармаларын адами құндылықтар, отбасылық құндылықтар, мәдени құндылықтар, тарихи құндылықтар, тіл құндылығы, салт-дәстүр құндылығы деп жікке бөлу арқылы мұраларын танытуға болады.

Орта буында оқу білімге, адамгершілікке  шақыратын өлеңдері арқылы адами құндылыққа баулысақ, жоғары буында махаббат лирикасы мен саяси әлеуметтік өлеңдері арқылы отбасылық құндылықтарды үйретуге болады. Оқушылар мен студенттер арасында танымдық сабақтар, дебат сабақтары, сайыс сабақтары өткізіледі.

Абай өлеңдеріндегі ұлттық құндылықтарды танытудың тағы бір жолы – қара сөздерін талдау. Жоғары сыныптарда қара сөздерді талдау оқушылардың сыни көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі, Абай қара сөздерінің өзі сыни тұрғыда жазылған. Халықтың жақсылығы мен жамандығы, бала тәрбиелеудегі олқылықтар, мақал-мәтелдердің озығы мен тозығы жайлы сөз қозғаған ұлы ақынның бұл мұрасын 9-11-сыныптың оқушылары кеңінен өз пікірлерімен дәлелдеуге ұмтылады.

Абай қара сөздерінің мазмұны да бүгінгі күні жаңартылған бағдарлама бойынша талап етілетін эссенің негізі деуге болады. Мысалы, 2-ші қара сөзіндегі өз мініңді көре білу, 5-ші қара сөзіндегі мал туралы мақалдарға талдау жасалуы бұл бүгінгі эссе талаптарын орындап тұрған құнды дүние деуге болады. Осыны оқып отырған оқушылар кез-келген дүниені тек оқып қана қоймай, ой елегінен өткізіп жазуға дағдыланады.

Жас ұрпаққа қажетті құндылықтардың бірі – отбасылық тәрбие. Бұл тұрғыда Құнанбайдың әуелден-ақ Абайдың әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Әке мен бала арасындағы қай заманда да болатын мәселені шешу осы Абай мен Құнанбай диалогындағы сөздермен-ақ  ұғындыруға болатыны сөзсіз.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы  –  халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі  –  қазақтың бойтұмары. Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай, Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы  заңдылық.  Абай  –  ұлы ұстаз, кемеңгер. Абай тақырыбы  –  мәңгілік тақырып.  Абай тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз.

Қорыта айтқанда, Абай мұрасы  – адамды адам етіп тәрбиелеудің қайнар бұлағы.  Абай айтқан «толық адам» тұлғасын қалыптастыруда жас ұрпаққа ұстаным ретінде Абай шығармаларының идеясын негізге алу – өркениетті елге бастар бір жол болмақ.

Шаттық ҚАРАСАРТОВА,
М.Ғабдуллин атындағы №3 мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар