Жаздың қолайлы мүмкіндіктері қолдан сусып барады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен департаменттер, басқармалар басшыларының, аудандық әкімдіктер өкілдерінің қатысуымен Бурабай курортты аймағының бүгінгі тыныс-тіршілігі талқыланған жұмыс отырысы болып өтті.

Облыс басшылығы еліміздің басты туристік аймақтарының бірін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы бағытта тұрақты түрде кеңестер, кездесулер және басқа да іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бірегей табиғи-мәдени мұрасы мол Щучинск-Бурабай курорттық аймағы тек өңірдің ғана емес, сондай-ақ, еліміздің әсем келбеті болып табылады. Биыл өз еліміз бен Ресей Федерациясы басқа да алыс және жақын шетелдерден келген қонақтардың туристер ағыны айтарлықтай өскен. Ағымдағы жылдың жеті айында Бурабай ұлттық паркіне келушілер саны шамамен 550 мың адамды (2021 жылы 300 мың) құраған.

– Ауданда туристер көп келетін жазғы кезеңде бірқатар проблемалар бар, олар Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағын қамтитын инфрақұрылымды дамыту мәселелері, түзетуді қажет ететін көптеген тоқтатылған жобалар. Жосықсыз мердігерлер де жоқ емес. Осыған байланысты күн тәртібіндегі басты мәселе – Бурабай ауданының дамуы, – деп атап өтті өңір басшысы өз кіріспе сөзінде.

Сондай-ақ, игерілмеген ақша республикалық бюджетке қайтарылатынын, ол жобаларға қаржы екінші рет бөлінбейтінін де жеткізді. Оған қоса, аудан тұрғындары ауыз су, кәріз, тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді қашанға дейін күтеді? – деп ауданға жауапты тиісті мамандарға қарата айтса, қоқыс, көліктерге арналған тұрақтардың жоқтығы, қызмет көрсетудің нашарлығы туралы туристерден тағы қанша жағымсыз пікірлер естиміз деген тұрғыда реніш-пікірлерді де баса айтты.

Көрші мемлекеттер арасындағы шекара карантиндік шектеулерден кейін ашылды және болжам бойынша жыл соңына дейін кемінде бір миллион турист келеді деп күтілуде. Бұл туристердің ішкі ағынының өсуін есептемегенде. Рекреациялық жұмыс көлемі барынша арта түсуде. Бұл бірегей табиғатқа жағымсыз әсерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін және сонымен бірге, тұрғындар мен дем алушылар үшін қолайлы жағдай туғызатын инфрақұрылым сенімді, дамуы керек дегенді білдіреді. Бұл мақсаттарға республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Бірақ, оларды пайдалану, өкінішке орай, тиімді және уақтылы жүргізілмейтіні байқалады.

Кеңесте энергетика, тұрғын үй шаруашылығы саласындағы жағдай туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев есеп берді. Оның айтуынша, Ақмола облысының Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшінші кезеңін іске асыру мақсатында аудан бойынша сумен жабдықтаудың және су бұрудың 7 жобасын іске асыру қолға алынуда.

– Бурабай кентінде тазарту құрылыстарын салу бойынша жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталды. Щучинскіде жаңбыр кәрізінің, Бурабай кентінде коллектордың су бұру желілерінің үшінші кезегінің және кәріздік сорғы станциясының, Қатаркөл көлі ауданында орналасқан БСО су құбырларының құрылысы жүргізілуде.  Щучинск қаласының магистральды су құбыры желілерінің төртінші кезегін реконструкциялау және салу, су бұру желілері мен объектілерін реконструкциялау және Қатаркөл ауылының су бұру желілері мен объектілерін салу, сондай-ақ, Шортан көлінің айналасында орналасқан шипажайларды сумен жабдықтау және су бұру бойынша жұмыстар тоқтатылды. Ауылдық сумен жабдықтау бойынша Наурызбай батыр, Веденовка, Ұрымқай, Николаевка ауылдарын қамтитын 4 жоба әзірленді,  – деп хабарлады басқарма басшысы.

Сонымен қатар, қазандықты кеңейту бойынша жоба аяқталған жоқ, Бурабай кентінде электр желілерін салу бойынша жұмыстар басталған жоқ.  Сондай-ақ, жол құрылысы мен жөндеу, аудан орталығының шағын аудандарын автобус қатынасымен қамтамасыз ету, үйлер салу және тұрғын үймен, кезекте тұрғандарды жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша проблемалық мәселелер айтылды. Кеңес қорытындысында:

– Келісімдер мамыр айында жасалуы керек еді. Қазір көптеген жобалар аяқталған кезде, сіз енді ғана бастайсыз. Өзім Бурабайға барған жұмыс сапарымда тақа ештеңе істелмегенінің куәсі болдым. Қаншама уақыт босқа кетті  –  деген ренішін білдірген өңір басшысы, осы іске қатысты жауапты орындаушылар мен жоспарлы жұмыстың жоқтығын атап өтіп, тиісті орындарға жақын арада жағдайды дереу түзетуді тапсырды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар