Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова: Жігіттеріміздің жарқын жеңістері мені қатты тебірентті!

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының тарихы оқырманға жақсы таныс. Сол 1996 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, алғашқы еңбек жолдарын осы театрда бастаған жастардың жұмысқа жалындап кірісіп, көрерменге талай қол соққызғаны рас.

Режиссерлер, басқа театр мамандары өз алдына, мен де тәжірибелі сахнагер ретінде оларға жанашыр болып, білгенімді айтып, қанаттарын қатайтуға тырысқанмын. Әрқашан олардың сахнадағы қадамдарына жіті назар аударып, жетістіктеріне қол соғып, сәл-пәл қателессе мұңайып отырамын. Жаңа спектакльдерден кейін пікірімді, ойымды айтып, оларды шыңдай түсуге тырысамын. Олардың өздері де сомдаған жаңа бейнелері туралы шүйіркелесіп, талдап, қайткенде оны жетілдіре түсу үшін жұмыс істеп жатады. Міне, сол өрімдей жастар қазір майталман өнерпаздарға айналып, ел танитын дәрежеге жетті. Мен олар үшін өте қуаныштымын.

Театрымызда биыл ерекше оқиғалар болып жатыр. Сол келген жастардың бірі – үздік өнерімен көрермен көзайымына айналған, көптеген киноларға түскен Жарас Қалдаров театр директоры болып тағайындалды. Ал, Қайрат Мырзаболатов еліміз театрлары қатысқан «Еңлік гүл» республикалық фестивалінің жеңімпазы атанып, «Гран Приін» жеңіп алды!  Қазір үлкен сахналардан жиі көрінетін тағы бір талантты актер Сафуан Шаймерденов осы күндері театрымызға келіп, «Баянсыз бақыт» атты спектакльге режиссер болып, сахнаға дайындау үстінде. Бұл да үлкен қуаныш!

Осы ретте ерекше тоқталып, айтқым келіп отырған келесі бір мәселе, Төлеубек Көңбайдың халқымыздың батыр ұлы Жұмабек Тәшенов туралы шыққан «Тәшенов. Тайталас» атты телехикаяға түсіп, басты рөлді сомдауы. Қазақтың тағдыры бөлек, елге ерен еңбегі сіңген ерек тұлғасының рөлін ойнау қай актер үшін болсын, үлкен бақыт дер едім. Міне, осындай тұлғаны біздің Төлеубек, менің ойымша, экранда өте тамаша ойнады. Ол образды алып шығуына жиырма алты жыл бойғы театрда жинаған тәжірибесі көмек болғаны сөзсіз.

Режиссер Төлеубекті бұл рөлге бекер шақырмаса керек. Алдымен, оның кескіні, түр-келбеті, фактурасы келіп тұр. Сосын, актер образға «кірген». Оның жан дүниесін, ой-мақсатын жақсы түсінген. Халық сүйетін тұлғаны қалай-болса солай ойнай салуға болмайды. Онда сынға ұшырайсың. Төлеубек осы талапты да ұғынып, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қараған. Қалай десек те, Т.Көңбай Жұмабек Тәшенов рөлін тамаша орындап шықты. Міне, Төлеубектің, Қайраттың, Сафуан мен Жарастың осындай табыстары мені өте қатты тебірентіп, қуантып, қолыма қалам алғызды.

Алда да өнерлерің өрге баса берсін! Халыққа шын ынта-ниеттеріңмен қалтқысыз қызмет ете беріңдер!

Суретте: белгілі актер Төлеубек Көңбай мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің рөлінде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар