Есімі ел есінде қалса игі

Уақыт емші дейтін ұғым бар. Бәлкім уақыт шымылдық іспетті болар. Өткеннің өрелі ісін де, келбеті кемел, ісі өнеге бейнені де, тұтас дәуірдің тынысын да тұмшалайтын қарымы бар. Бәлкім содан болар, өз уағында жалпақ жұрт тамсана айтысқан, ел сүйсінген үлкенді-кішілі оқиғалар да ұмыт болуы әбден мүмкін.

Бізге салса ұмытылмағаны жөн. Дархан табиғат тұла бойына өжеттік пен өршілдікті, қайтпас қайсар мінезді сыйлағандықтан табанды тұлғалардың қиын-қыстау кезде қайтпас қайсар мінез танытуы жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақ ұшін мазмұнды мысал, өміршең өнеге іспетті. Бәлкім олар да алдынғы буын ағалардың шыбын жанын шүберекке түйіп көрсеткен ерлік істерінен үлгі алып, көкіректеріне елжандылықтың, отансүйгіштіктің дәні мен нәрін сіңірер. Бүгінгі ер мінез азайып, ерлік самарқау тартқан тұста керек-ақ қасиет. Алдында темір қазық нысана тәрізді мен мұндалап жол сілтер тәрбие-тәліміне селкеу түссе сезім қалай шиыршық атпақ.

Бүгінгі ел есіндегі естелік іспетті дүние Жұмабек Әбілмәжінов туралы. Әне бір жылдары облыс орталығындағы полиция ғимаратында оқыс оқиға орын алып, от жалынға оранған тұста құжаттарды тілсіз жаудың жалынынан аман алып қаламын деп басын бәйгеге тігіп жүріп опат болды. Кейбіреуге кішкентай ғана оқиға боп көрінгенімен түпкі мәніне бойлап, түбегейлі ой түйіндеп, зерек көңілдің зердесіне салып, көңіл таразысымен безбендесеңіз осы бір істің астарында Жұмабек Чужанұлы азаматтық ажарын, кісілік келбетін, кесек бітімді өр мінезін айқын аңғаруға болады.

Сәтімен сөз сабақтағанда, кейіпкеріміздің 1970 жылы 23 қаңтарда Ресей федерациясының Түмен облысына қарасты Сладков ауданының Алексеевка ауылында туғандығын айта кеткендігіміз артық болмас. Өмір жолына көз жүгіртіп қарасаңыз 1987 жылы осы аудандағы Лопазновск орта мектебін бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққандығын көруге болады. 1993 жылы Омбы қаласындағы Сібір автомобиль жол институтын инженер-механик мамандығы бойынша аяқтаған.

Алда ұзақ та мазмұнды болашақ жолы көсіліп жатыр. Кейін жігері жалын атқан жас жігіттің тәртібі қатал, талабы жоғары әскери қызметке көңілі ауғандығын байқауға болады. Бәлкім нағыз ерлердің иығына түсетін кәтепті қара нарға жүк болар ауыр салмақ осындай болуы керек деп пайымдады ма екен кім білсін. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Айтпақшы 1988 жылдың маусымынан бастап 1989 жылдың тамыз айына дейін Қарулы Күштер қатарында әскери міндетін өтеді. «Тез қасында қисық ағаш жатпас»,–дегендей әскери өмірдің қағидаларын үйреніп, заңдылықтарын бойына сіңірді.

Еңбек жолын Көкшетаудағы автокөлік кәсіпорнында инженер болып бастады. Бұл жерде де қолынан іс келетін тындырымды жігіт өз бойындағы жұмысқа деген ықылас-ұмтылысымен танылды. Ең бастысы таңғы шықтай мөлдіреп тұратын арлы адамгершіліктің асыл қасиеттері менмұндалап тұратын. Аз уақыттың ішінде өзіне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқарып, еңбектес әріптестерімен тіл табыса білген Жұмабек Чужанұлы үлкен ұжымға тастай батып, судай сіңді. Мұның барлығы тұла бойындағы адами қасиеттердің молдығынан еді.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 1994 жылдың сәуір айында Көкшетау ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі ретінде бастады. Оңай оспақ шаруа емес. Осы бір қиын да жауапты жұмыста жан жүрегімен қалап алған, кісіге қылдай қиянат етпейтін, бар шаруасын ар сүзгісімен сүзіп, кісіліктің кемел безбенімен өлшейтін адам ғана ұшпаққа шықпақ. Осы арада табаны күректей он сегіз жыл бойы жедел-тергеу құрылымдарында қызмет еткендігін ерекше бір ілтипатпен айта кетуге болады.

Әр саланың өзіне тән қиындығы болады емес пе? Ал, бұл арада не қилы қылмысты ізін суытпай аша білумен қатар қылдан таймайтын, нақақ жанның жүрегін жараламайтын әділдік керек! Бәлкім ең бастысы да сол шығар. Жұмабек Чужанұлы осы уақыт аралығында тындырымды тергеуші ғана емес, ақиқаттың ақ туын көтеретін адал жанды, арлы азамат ретінде танылды. Кез-келген істің оң терісін, ақ қарасын жаза баспай танып, жар жағалай жанталаса қызмет еткен жампоз жігіттің жақсы ісі ауызға ілініп, құрметпен атала бастады.

Сол еңбегінің арқасында 2004 жылдың қыркүйек айында қияндағы Жарқайың аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығына тағайындалды. Жауапкершілік жүгі де еселеп арта түсті. Есесіне ішкі істер бөлімінің табанды жұмысының арқасында қылмыстың кейбір түрлері мейлінше азайып, ауыр қылмыстар іле-шала ашылып, айыптылар жазасын тарта бастады. Бөлім басшысы мехнатты шаруаны іскерлікпен ұйымдастырып, әріптестерін ел үшін атқарылатын еңселі шаруаға бір адамдай жұмылдыра білді. Қай тарапта да жақсылықтың көбеюі, жақсы істің бүр жаруы басшыға байланысты емес пе?

Бұл қызметті жоғарыдағылар да көрмей қалған жоқ. Көрген соң, пайым-парасаты мол, саланың бар шаруасының жілігін шағып, майын ішкен іскер жігіт Жұмабек Әбілмәжінов 2008 жылдың қазан айынан бастап 2010 жылдың сәуіріне дейін Сандықтау аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Табиғаты тамылжыған осы өлкеде он сан ұлттың өкілі тіршілік етуде. Ел болған соң қазақ бұзар тентектің де, оңай олжаны напақа санайтын суық қолдылардың болуы заңды. Одан басқа да ши шығаратын тұстар аз емес. Жұмабек Чижанұлына салсаңыз мұндайға жол берілмеуі керек.

Сондықтан тәжірибесі толысқан іскер басшы алдымен қылмыстың алдын алу жұмыстарына көбірек көңіл бөлді. Шынтуайтында жалпақ жұртты елеңдеткен шулы қылмыстарда орын алып, жедел ашылып жатты. Саланың бар тынысын көңіл елегінен өткізіп, айта қаларлықтай мол тәжірибе жинаған Жұмабек Чужанұлы жас қызметкерлерге өз бойындағы іскерлік қабілетімен үлгі бола білді. Үлгі ғана емес, ақыл-кеңесін аямайтын, тығырықтан шығарар тура жолды тамыршыдай тап басып айта білетін, ең бастысы арлы адамгершілік пен мұнтаздай таза арлылықтың бірінші орында тұру керек екендігін жас жүректеріне сіңіріп, көкіректеріне жинады. Осындай оңынан оңғарылған шаруасы үшін 2004 жылы бірінші сыныпты маман тәлімгер біліктілігі берілді. 2010 жылы Астарахан аудандық ішкі істер бөлімінде басшылық жасады.

Шынтуайтында өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша қалтқысыз қызмет еткен кезде полиция полковнигі Жұмабек Чужанұлы өзін жан-жақты сауатты басшы, білімді де білікті ұйымдастырушы әрі міндет жүгін абыроймен арқалай білетін қызметкер ретінде танытты. Ішкі істер министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерін терең бойлап, түйсінетін еді. Өзі тәрбиелеген жастардан да дәл осындай қабілет-қарымды көргісі келді. Жалғыз ықылас қана емес қатаң талап қоятындығы да сондықтан еді.

Кейіпкеріміздің бітім-болмысы айқындалуы үшін бірнеше медальдармен үздік қызметін айғақтайтын құрмет грамоталарымен марапатталғандығын айта кетуіміз керек. Оның барлығы, яғни, еліне еткен еңбегі, халқына сіңірген еңбегі үшін берілген баға.

2012 жылдың 12 сәуірі күні ет-жақын ағайын-туыстың ғана емес, Жұмабек Чижанұлын, оның еңбегі мен адалдығын танып білген барша жұрттың отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қаусатқан оқыс оқиға орын алды. Сол кездегі М.Горький көшесінің 52 үйінде өрт орын алды. Өрттен қызметкерлерді және құжаттарды құтқару кезінде полиция полковнигі Жұмабек Әбілмәжінов қаза тапты. Оқиға орнында болған әріптестерінің айтуына қарағанда қарақан басының қамын ойлап, жан сауғаласа аман қалуы да әбден мүмкін екен. Бірақ, өр мінезбен тұла бойындағы тұма бұлақтай буырқанған жігер ондай жасықтыққа жол бермеген. Өн бойындағы өршіл рух қаумалай қаптап, лапылдаған өртпен жекпе-жекке түскен. Тілсіз жаудың тегеуріні мықты, ал, арлы азаматтың бойындағы асыл адами қасиет одан да мықты. Өзі опат болғанымен бар бітім-болмысы, кісілік келбеті, пайымды-парасаты, ай нұрлы адамгершілік ажары ел есінде қалды.

Енді осындай ерен ердің есімі ұмыт қалмаса дейсің. Болашақ қоғамның жалынды жастары ақиқат жолына адаспай түсуі үшін. Батыр тұлғалы баһадүр ұлдың саналы ісі осыны меңзеп тұрған жоқ па? Демек, ел болып, жұрт болып Жұмабек Әбілмәженовтің асқақ бейнесі келер ұрпақтың көкірегіне сәуле құйып тұруы үшін атқарылар бар шаруа бүгінгі қауымның қарызы мен парызы деуіміз керек.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар