Ұлының ұлағаты

 1.Әке сенімі

Әке де балапанын мыңға балар,

Қыран құс мекен жайын шыңға салар.

Ақынның қара сөзі, өлең жырдан,

Бір емес, күллі әлем тәлім алар.

 

Құнанбай дінін күткен, молда ұстап,

Ғабитхан дәріс берген жата қыстап.

Баласы үш-төрт жылдай білім алып,

Байқатты зеректігін шоққа ұқсап.

 

Әкесі бала қамын қолға алып,

Оқуын жалғастыртты Семей барып.

Поэзия, есеп, тарих, философтан,

Бойына қуат алды шабыттанып.

 

Оқыды көп елдердің өлең-жырын,

Танысып көрмеген ед бұдан бұрын.

Азия, Иран, Араб ғұламасы,

Өмірдің ашып берді талай сырын.

 

Төрт жылдай шыңдап берді мұзбалағын,

Жас өрен қолға алды қыл қаламын.

Ел-жұртқа үлгі болар өлең жазып,

Ұсынды асыл сөздің жыр жамалын.

 

Он үшке жаңа толған кезең еді,

Әкесі ел ісіне жетеледі.

Шежіре, әнші-күйші, ақын жырау,

Толғаулар ұзақ таңға кетер еді.

 

Үнемі өз жанынан тастамады,

(Келешек елді осы басқарады).

Тарихы туған елдің сүйсіндіріп,

Ел іші қызықтырды жас баланы.

 

Жүрген жер  дау-жанжалсыз болған емес,

Ұшқыннан өрт шығады түрлі егес.

Шешендік, ұстамдылық басты міндет,

Дерексіз айғай салу опа бермес.

 

Табиғат тұнған байлық сай-саласы,

Мадақтап жыр жазбайды қай баласы?!

Ақынның көпке қояр шарты мынау,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

 

Қор болмас Абайменен тыныстасаң,

Талап, еңбек, терең ой сырын тапсаң.

Өтірік, өсек, мақтаншақ, малды шашу,

Еріншек –  бес дұшпаның содан қашсаң.

 

Желсіз түнде жарық ай, жаз бен көктем,

Аңшыны қан сонарда аяз өпкен.

Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,

Қағазға жылқы жайлы жырын төккен.

 

Сенімін әке жанның ақтағаны,

Үздіксіз білім іздеп жатпағаны –

Ел ішінен алтынды теріп алып,

Ұрпаққа мұрағат қып сақтағаны.

 

  1. Әлемнің Абайы

Көп ел бар айналада жақын, алыс,

Солармен оқып біліп, болған таныс.

Артық білім кітапта – деген ақын,

Халқына жауһар шашып, етті табыс.

 

Шет елдік ақындардың өлең-жырын,

Танытты ел-жұртына талай қырын.

Крылов, Лермонтов, Пушкин, тағы басқа,

Аударып паш етіп ед даналығын.

 

Ұлыны күллі әлем таныды нақ,

Бұл деген қазақ үшін жанған шырақ.

Ақынды мұхит деген Мұхтар алып,

Әлі де таныта берер толығырақ.

 

Әлем де Абайменен тыныстады,

Ашылып жан сарайдың құрыштары.

Ақынды ардақтаған көп елдерде,

Халқымның бастау алып жұмыстары.

 

Әлемнің Абайы боп қалыптасты,

Қиядан жол салғандай жарып тасты.

Қазақ пен әлем үшін алтын көпір,

Аударып зерттеп жатыр, таусылмас-ты.

 

Асқақ ой ақын жайлы қозғағаны,

Тілегін ЮНЕСКО-ның қолдағаны.

Жырымен сусындаған көп елдерде,

Көше беріп, ескерткіш орнағаны.

 

Жалғасар, болған емес тойдың  арты,

Әлемнің Абайы деп қазақ халқы.

Ширек ғасыр бұрын да тойлаған жұрт,

Жақсыны мақтан тұту елдің салты.

 

Ұлының ардақталып ұлағаты,

Әлемді шарлап кетті жазған хаты.

Тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі,

Әлі де тие берер шарапаты.

3.Кәкітайдың қадамы

Түргендей шымылдығын табиғаттың,

Бағасын төлемекке алған заттың.

Ақынның жазғандарын бастырмақшы,

Қарамай шығынына қаражаттың.

 

Іздеген зерделісін қауымдағы,

Молда бар Мүрсейіт деген ауылдағы.

Жазғанын атасының көшірттірді,

Шәкірттің солай жаны жалындады.

 

Немере тамаша бір еңбек етті,

Жаздырып бәрін түгел реттетті.

Тексеріп көріп шығып ұнаған соң,

Ақшасын келіскендей төлеп кетті.

 

Таласпас ешбір адам енді бұған,

Жөн болар ақиқаттың түбін қуған.

Кәкітай Ысқақ шалдың бір баласы,

Ысқақ пен Абай ата бірге туған.

 

Тәлім мен тәрбиеге арналған жыр,

Ағаш та баптамаса жаймайды бүр.

Ақынның жазбаларын бастырмаққа,

Атқан таң, батқан күнмен таласып жүр.

 

Тұратын көз алдында Жидебайы,

Кіріспе қосып жазды ақын жайлы.

Әжесі кеңес айтар ұзақ таңға,

Ақылман ана еді ақ самайлы.

 

Мақсат бар алға қойған тамырланған,

Жігітті жетелейді талай арман.

Кітап қып бастырмаққа жазбаларды,

Ізденіп Семей, Омбы, Қазан барған.

 

Бәрінде жолы болмай қиналғаны,

Сапарға Санкт-Петербург жиналғаны,

Баспагер келіскені, қол алысып,

Ақынның алтын басын сыйлағаны.

 

Кәкітай жаны таза, ары мықты,

Кезіккен қиындықтың бәрін жықты.

Ойшылдың еңбектерін жұртқа жайып,

Атадан бес жылдан соң кітап шықты.

 

Сусындар өлең-жырмен күллі ғалам,

Шет тілге аударады талай адам.

Зерттесін, зерделесін сөз патшасын,

Кәкітай бастап берген құнды қадам!

Әдебиет Байдолдаұлы.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар