Ерболаттың дүние жайлы ойы мен сөзі

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы, әдебиеттанушы Ерболат Баяттың «ДОС» (Дүние. Ой. Сөз.) атты жаңа кітабы жайлы бір ауыз сөз.

Әуелден өз басым талантты қаламгер, білімді әдебиеттанушы Ерболат Баяттың жазған дүниелерін, жырлары, әңгімелері мен ой толғамдары болсын, кез-келгенін бірін де көзден таса қалдырмай оқып отырамын. Өйткені6 Ерболат не жазбасын және нені жазбасын қаламынан шыққан әр дүниесінің дәні бар. Қаламынан шыққан емес-ау, жүрегінен шыққан өлеңдері болсын, одан қалды әр жазғандары ойлы болып келеді. Әйтеуір, жаза салайыншы дегендіктен емес, Ерболат өзінің жандүниесін толғанысқа салған, ет жүрегін шынайы бір таза сезімге бөлеген, болмаса күрсіндіріп, қапаландырған сәттерді ойлы шығармаға айналдырып жатады. Ерболаттың шығармаларында дән бар деуімнің бір жөні осы. Ол дән – ой!

Қаламгердің жаңа кітабы «ДОС» (Дүние. Ой. Сөз.) бізге осы ойлы дүниелерімен қымбат әрі құнды болмақшы. Кітаптың «Дүние» атты алғашқы бөліміндегі Ерболат Баятұлының әңгімелері мен новеллалары әдебиеттің осы бір жанрларына жаңаша жан беріп, жаңаша бір леп әкелгендей. «Бальзактың алғашқы махаббаты» деген Ерболат Баятұлының әңгімесінде «Адам комедиясы» романын жазып қалдырған Бальзактың ғұмыр бойы ғашық болып өткен Евалинамен небәрі некеде төрт ай бірге тұрған махаббатты кезеңінің тағдырларын жазушы өте әсерлі суреттейді. Өмірде жар қылуға қолың жетпесе де, сол сүйген жаның үшін тек жүрек сезімін ғана емес, бар саналы ғұмырыңды сарп етудің азабының өзінен ләззатты өмір  таба білер сүйген жүректің сол құдіретін тануға болар еді. Және де Ерболат Баятұлының төл әдебиетімізбен бірге, әлемдік әдебиеттің тарихын да жақсы білетіндігін  айғақтайды. Ендігі бір, «Қаған мен Хазірет» атты әңгімесі де сол мол білімдарлықтың қаламынан шыққан әсерлі дүние екендігін айтқан абзал.

Соңғы жылдары Ерболат Баятұлы  ортаға ой тастап жүр. Және де ол ойлары бүгінгі адами да, заманауи тіршіліктің бүгінгі мінезі мен қалыптасып отырған бүгінгі жағдаятты арқау етеді. Ерболаттың әр ойлы сөзі ол тек жай бір сөз құрастырып, ой жиыстырып айта салайын деген мәнсіз де мағынасыз емес, оның сол ойлы сөздерінің арқауында үлкен бір кемелділік пен парасаттылықтың жүрегі соғып тұр дер едім! Ол жүрек – Ерболаттың жүрегі! Мына қараңыз, Ерболат Баятұлы былай қамығады: «Көбіміз қу тірліктің көлеңкесінде қалып барамыз. Салқынбыз. Жатпыз. Жай емеурін ғана. Сенбейміз. Алдамшымыз. Адамдар неге суынып кетті? Неге алыстап барады? Жасыл жағалаудан жырақтап барамыз».

Рас сөз! Ақиқат сөз! Адамы мен заманының, болмаса заманы мен адамының қаскөйленген қарама-қайшылығынан жүрегі тілім-тілім ақын  әрі ойшыл Ерболат Баятұлы бүгінгі адами қарым-қатынастың арасына бақай есепке құрылған адамдықтың дендеп бара жатқандығын аңдаған да, соны жан айқайының ащы сөзіне салып отыр.

«Қазақ айтады: «Жаны саудың – тәні сау!». Жанның саулығы оның қуатына байланысты болмақ дүр. Жанның саулығы мен-жанның сұлулығы. Жаны сұлу адамнан жақсылық күт. Ар тазалығы – жан тазалығы», – деген Ерболат Баятұлының осы бір ойлы сөзінің түп көзінде де әуелі талантты да дарынды қаламгерден бұрын адами қасиеті мол жаны сұлу жанның айтары жатқандығын аңдадым. Әйтпесе, талай таланттардың да  не айтар ойында, не айтар сөзінде бәтуа жоқтығын да көріп жүрміз емес пе? Соны ойласам, Ерболаттың мен үшін ең басты қасиеті – адамилығы мен арлылығы, жан  мен ар тазалығы бәрінен де биік тұрары бар.

«Дүниенің сүйіспеншілігі мен қадірі обалдан тұрады!»,  «Ар жоғалған жерде адам жоқ», «Ұят кісіліктің өлшемі».  «Жүрегі тазаның бәрі иманды». Бұл Ерболат Баятұлының «Дүние». Ой. Сөз» кітабынан теріп алынған дүниеуаи ойлы сөздер. Әлі де көңілден шыға берер Ерболаттың терең ойлы сөздерін тере беруге де болар еді. Мақсат – ол емес! Мақсат – Ерболат Баятұлының ойшыл екендігін және сол ойлы сөздерінің дәні мен дәмі бар екендігін айту болды. Менің Ерболаттың әр жазған дүниесінің дәні бар деуімнің екінші бір парасы осыған келіп саяды.

Жалпы, Ерболат Баятұлының дүние жайлы ойы мен сөзі көкірегінде сәулесі бар ойлы да және де сөз түсінер әркімді өз құпиясына тарта түсері анық.Тұшымды әңгімелері мен тереңнен тартқан ойлары мен сыры да, құпиясы да мол сөздері бүгінгінің адамының санасына сәуле түсірсем деп ынтығып тұрған дүниелер. Ал, хош сонымен Ерболаттың дүние жайлы ойы мен сөзі оқырманын ойлантып, талант алдында бас иер талайларды сүйсіндіре берері хақ. Өйткені6 ол дүние сөзін айтып отыр!..

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар