Қыстың қамы үшін қауырт қимыл

Осы күндері облыс бойынша шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Қолда бар техника, адам күші осы мақсатқа жұмылдырылған. Жауынды жылы дала-қырда, сай-салада шөп бар. Рас, биыл жаңбыр уақытында жаумағандықтан, әрі былтыр күзде ылғал аз болғандықтан,  шөп көп жерлерде селдір. Дегенмен, ел алдағы мал қыстату науқанына, оның жеткілікті қорын жасап алуға жұмылған. Атбасар ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары, шаруаны күйттеген тұрғындары да осы ауқымды науқанның бел ортасында.

Атбасар ауданына биылғы қыстатылатын мал үшін  80,0 мың тонна шөп керек. Күні кешегі мәлімет бойынша қазір 68 мың тонна шөп дайындалып үлгерілген. Бұл – барлық қажетті  мал азығының 85 пайызы. «Полтавка-2», «Бастау», «Сепе-2012», «Аграрное», «Шуйское 21»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты ұжымдар науқанды аяқтап та тастады. Бұл олардың осы шаруаға мұқият дайындалып, жауапкершілікпен келгендерін көрсетеді. Оның үстіне жұмысты алдын ала жоспарлап, дұрыс ұйымдастыра білген.

Жалпы, аудан бойынша бұл науқанға 25 шөп шабу бригадалары құрылып, жасыл азықты тасымалдау үшін 100-ден астам тіркемелі тракторлар жұмылдырылған. Міне, осындай дайындықтың нәтижесінде қысқы мал азығын дайындау науқаны жоғары деңгейде өтіп, қажетті қор толық жасақталатынына сенім мол. Қарқын алған жұмыс одан әрі жалғасуда.

Биылғы егін орағы жайына келсек, ағымдағы жылы ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне егін орағын 414 797 гектар алаңда өткізу жоспарланған. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 375 523,7 гектар жерге егілсе, оның ішінде бидай 311 327,7 гектар, арпа 56921 гектар, жасымық 1224 гектар, бұршақ 728 гектарға егілген. Майлы дақылдар 20 777,0 гектар болса, оның ішінде күнбағыс 4 683,2 гектар, зығыр 13 586 гектар, мақсары 2300 гектар жерге себілген. Азықтық дақылдар 17 641 гектар, оның ішінде біржылдық шөптер 14313,8 гектар, көпжылдық шөптер 2 289 гектар, сүрлемге арналған жүгері 858 гектар. Сондай-ақ, картоп 830 гектарға, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 74,5 гектар, көкөністер 109,5 гектар, оның ішінде ауылшаруашылығы құрылымдарында 1,5 гектар.

Биылғы көктемде тағы бір мәселенің көтерілгені де белгілі. Ол –киіктер. Киік тұяғына тапталуына байланысты егін жинау алаңы 20,0 мың гектарға қысқарды. Оның ішінде дәнді дақылдар 18, 0 мың гектар, майлы дақылдар 2,0 мың гектар.

Егінді алқаптың агротехникалық жұмыстары кезең-кезеңімен, дер уақытында өткізіліп келеді. Соның арқасында ылғалдылық сақталып, егілген дән кедергісіз өсті. Тыңайтқыштар себіліп, арамшөптің қаулап кетуінің жолы кесілді, түрлі кеселдердің алды алынды. Жиі болмаса да жаңбыр жауып тұр. Демек, шаруалардың күзгі жиын-терін ойдағыдай болуынан үміті бар.

Алдағы егін орағына техникалық парк 100 пайыз дайын. Оған 571 астық жинайтын комбайн қатыспақ. Олардың 186-сы шет елдік алымды техника. Сол сияқты, 215 жүк көліктері, 293 трактор тіркемелері бар. Барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, атбасарлықтар егін жинау науқанын 28 жұмыс күні ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Мұндай шұғыл жұмыс ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп есептелуде.

Орылған дәнді пайдаға асырудың одан арғы процестері де қарастырылған. Астықты қабылдап, оны өңдеуді қамтамасыз ететін, 19 622 тонна жалпы тәуліктік өнімділігімен 35 механикаландырылған қырман дайындалған. Аудандағы 14 лицензиялық элеватордың жалпы сыйымдылығы 760 мың тонна және олар қазір астық қабылдауға дайын.

Астық жинау жұмыстары басталғаннан бері сапалы тұқым сақтауға да ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы науқанға 47 000 мың тонна тұқым құйып алу жоспарланып отыр.

Біз Атбасар ауданының қысқы мал азығын дайындау, күзгі орақ науқанына қамдану барысын қысқаша шолып өттік. Келтірілген сандар артында диқандардың, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ерен еңбегі тұрғаны белгілі. Олар бел шешпей еңбек еткенде ғана егін мен шөптің уақытында және шығынсыз жиналатынын жақсы біледі. Ендеше, еңбек көрігін қыздырған атбасарлықтарға тек қана сәттілік тілейміз!

                                                     Серік Сапарұлы,
                                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар