Осал топтарға баланы мектепке дайындауға көмек беріледі

Қазіргі таңда үйінде оқушы балалары бар отбасылар үшін ең маңызды шаруаның бірі – баласын мектепке дайындау мәселесі. Жасыратыны жоқ, күн сайын өзгеріп тұрған базардағы тұрақсыз бағаның әсері, әсіресе, көпбалалы отбасыларға қиындық туғызып жатқаны бар. 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жарияланған Балалар жылында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 Қаулысына өзгерістер енгізген болатын. Осы Қаулы негізінде Ақмола облысында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 15877 оқушы балаға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Осы және жаңа оқу жылына басқа да дайындық мәселелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова тарқатып айтып берді.

– Егер бұрын бөлінген сома жергілікті бюджетке байланысты 15 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтыса, биылғы жылы Оқу-ағарту министрлігінің өтініші бойынша Үкіметтің №64 Қаулысына өзгерістер енгізіліп, көмек көрсету сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 37389 теңгеден төмен болмауы тиістігі, өйткені, ол жергілікті бюджет есебінен көрсетілетіндігі атап өтілген. Яғни, ағымдағы жылы Ақмола облысында  бұл сома 40 мың теңгеге тең, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Материалдық көмек Қағидалардың 1-тармағында көрсетілген санаттарға жатқызылған білім алушылар мен тәрбиеленушілерге беріледі. Атап айтсақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек оны алуға құқығы бар балаларға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Бөлінген қаражат ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Яғни, ата-аналар балаларын мектепке дайындау үшін қажетті заттарды өздері сатып алады. Тек сатып алғанын растайтын негіздер болуы керек.

Ата-аналарға жалған ақпарат пен дәйексіз (жасанды) құжаттар бергені үшін жауапкершілік туралы ескертілді, яғни, бұл қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады дейді мамандар.Бір атап өтерлігі, мұндайда баламен суретке түсуге қатаң тыйым салынады, ата-анасының рұқсатынсыз баланы суретке түсіру сот арқылы жазаланатын көрінеді. Материалдық көмек алу үшін ата-аналар әлеуметтік педагогке өтініш жазады, тізімдерді әр мектептің әлеуметтік педагогы жасайды.

– Жоғарыда аталған бес санатқа да жатпайтын  балаларға қазір «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр, осы акция арқылы мұқтаж адамдарға демеушілік көмек көрсетуге болады. Қалада немесе ауылда тұрудың айырмашылығы жоқ, заң барлығына бірдей, әр балаға, тіпті отбасында 3 немесе одан да көп бала бар болса да, көмек беріледі.Егер сіз оқу құралдары мен киім-кешектерді базардан сатып алсаңыз, онда әр кәсіпкердің салық кодексіне сәйкес, тауардың тізімін жасап, мөр қоя алатын касса аппараты немесе шот-фактурасы болады, – дейді спикер.

Қазіргі таңда облыс бойынша материалдық көмек алған балалардың жалпы саны 6726 (42,4 пайыз), оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 5284 (33,3 пайыз) оқушы 214305,0 мың теңгеге  бюджеттен тыс қаражат есебінен көмек алды. 1442 (9 пайыз) оқушы 11795,0 мың теңгегекөмек алса, көрсетілген материалдық көмектің жалпы сомасы 226100,0 мың теңгені құрады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар