Бізге жұмбақ әлемнің елшісі – Әліпбайдың дуанасы

Ғаламды ғылым билеп тұрса да, адамзат баласының бойына біткен қайсыбір құпиялардың әлі де шешусіз жатқанын білеміз. Тіпті солай мәңгілікке шешілместен кететін шығар. Заман азып, пенде баласынан парық кеткен бүгінгі шақта «сондай бір кісілер болған екен» деп біреулерді сендіре қою да қиын. Бәрі ертегі секілді. Осыдан жарым ғасыр бұрын ғана дүниеден өткен қайсыбір адамдар жайлы әңгімелер бүгінге аңыз болып жетіп отыр. Ескіден әңгіме қозғайтын көнекөздер де таусылып біткен. Өткеннен түйіп қалған төрт ауыз сөзі бар адам болса, оған тыңдаушы табу тағы қиын. Тиын сауып, табыс қуған мына заманда сенің әулиең мен әнбиең кімге қажет.

Күні кеше ғана Баянаула жерінде жасап өткен Әліпбайдың Ыбырайы жөнінде әңгімелемек болғанда, әуелі осыны ойладық. Күнделікті баспасөзде бақсы-балгерлер, емші-домшылар жайлы жазылып жүргенімен, диуаналар (дуана) жөнінде көп айтыла бермейді. Сосын отырып, осы диуана деген кім екен деген ойға қаласыз. Сиқыршы ма, әлде көзбайлаушы гипнозшы ма, болмаса Алланың ықыласы түсіп, ерекше жаратылған жан иесі ме? Бұрынырақта өткен диуаналар жайлы бүгінге жеткен әңгімелерге құлақ түрсек, бұлар пенделік дүниеауи тірліктен ада, жан дүниесі сәбидей таза, хақтың жолымен ғана жүретін ерекше жаратылған пенделер секілді. Бақсы-құшынаштар секілді кісі емдеп, кәсіп қылмаған. Қожа-моллалар сияқты дұғасын сатып, тоқты-торым алмаған. Бөркінің төбесіне үкі қадап, қолына сылдырмақты асатаяқ ұстап, қара жолдың шаңын бұрқыратып «Алла хақ!» деп жаяулап ел кезіп өткен диуаналар біз білмейтін құпия бір әлемнің елшілері тәріздес.

Менің атым – диуана,

Жын-шайтанды қуала.

Алтын-күміс дүниеге,

Көз салмаймын қуана, – деп тегін айтылмаса керек.

Баяндағы Қаржас елінен шыққан Әбжәләп диуана жайлы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазады. Қаңтардың қақаған аязында омбы қарды бұрқыратып жалаңаяқ жүреді екен. Бір жазда Мәшһүр өзіне сәлем бере келген Әбжалаптың үстіндегі өрім-өрім болған киімін зорлағандай етіп шешіндіріп алып, жаңадан көйлек-дамбал кигізіпті. Сонда диуана жарықтық: «Ойбай, мына Мәшһүр мені тонап жатыр!» – деп байбаламдайды екен. Бірақ Мәшһүрдің еңбегі еш болып, Әбжалап диуана бір қыр асқасын-ақ оның берген киімінің бәрін сыпырып тастап, өзінің ескі-құсқысын қайта киіп алып, әрі қарай жөнеп беріпті. Кейін өзінің қолында қайтыс болған Әбжәләпты Мәшекең арулап жуып, кебіндеп, сабан орауышқа орап, бір топ кісімен зират басына алып барады. Енді қабірге салайын десе, Әбжалаптың денесі кебіннің ішінде жоқ. Тұрған адамдар айран-асыр. Қайда ұшып кеткенін ешкім білмейді. Сонда Мәшекең әулие: «Әбжалаптың денесі көрде жатпас, Мәшһүрдің денесі қырық жыл жер астында жатса да бүлінбес» – деп қарқ-қарқ күлген екен дейді. Осыны көзі көрген адамдар жазып, бүгінге жеткізіп отыр.

Диуана дегенде, Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілегіндегі» Ескендір диуананың бейнесі есімізге түседі. Романда Ақбілек пен Ескендір диуананың кездесетін оқиғасы екі бетке толар-толмас қана суреттелген. Әйтседе, диуана бейнесі өзінің сөйлеген сөзімен, іс-әрекетімен  біржола жадыңда жатталып қалады. Ескендірдің бейнесінің нанымды суреттелгені соншалық, Жүсекең оны жазарда Баянаула жерінде өзінің көзі көрген Әбжалап секілді диуаналардың сипатын мысалға алған ба деп ойлайсың…

Енді әңгімемізге өзек болып отырған Әліпбайдың диуанасына оралайық. Ол кісінің азан шақырып қойған аты Ыбырай болғанымен, ел іші «Әліпбайдың Дуанасы» деп атап кеткен екен. Бар ғұмыры диуаналықпен өткен Ыбекең жарықтық жаңа өкімет орнап жатқанда, «Алланың ғана тілін алам» – деп, колхозға мүше болып кірмеген көрінеді. Дегенмен Ұлы Отан соғысы басталғасын, қоғам тірлігінен оқшау жүретін Ыбырай дуана ауыл советтің төрағасына келіп: «Басқа шаруаңа жарамаспын, елге қылған көмегім сол болсын, маған пошта тасуды бер, көлігіңнің қажеті жоқ, өзім-ақ жеткізіп тұрам» – депті. Күш-көлік пен адам қолы жетіспей жатқан уақытта бұл үлкен қолғабыс, төраға қуана келіседі. Сөйтіп Ыбекең пошта тасуға шығады.

Баянауылдың Күркелісіндегі шежіреші-өлкетанушы Нығмет Жәмінұлы ақсақал бұл жөнінде былай деп әңгімелейді:

-Әліпбайдың Ыбырайының сүйегі – Сары қыз Қозған, Тоқтас батырдың ұрпағы, атақты Күреңбай сыншылармен аталас болып келеді. Өздері бір әкеден 10 ұл, бір қыз болатын. Ыбырай дуана отбасылы болған адам, үш қызы бар еді, қазір екі қызынан ұрпақ қалған. Соғыстың жүріп жатқан уағында біздің әкей жасы келіп қалған кісі болатын, бірақ ер-азаматтың жоқтығынан Белағаш колхозына басқарма қылып сайлап, сол жерге көшіп келдік. Ол кезде Белағаш пен «Бірінші май» – екі колхозға бір ауылдық совет. Және соғыс уағының заңы қатал, пошта ауылға күнбе-күн жетіп тұруы керек. Белағаштан шығып, «Бірінші майды» басып жүргенде, аудан орталығы Баянауылға дейін 100 шақырым жер. Міне, сол уақытта таңғы намазын оқып, ауылдан жаяулап шығып кеткен дуана сәске түс болмай аудан орталығы Баянға жетіп, ол жерден поштасын алып, түс ауа Белағашқа қайтып оралады. Күніне 200 шақырым жер жүру деген белі берік мақтаулы атыңның өзіне сын. Осыған таң болған ауыл адамдары, әсіресе өзінің туыс-туғандарының балалары кей уақта дуананың соңынан аңдып бірге шығады екен. Аса таяғын ұстап, қоржынын иығына асқан дуана «Алла хақ!» деп қойып, ақырын бүлкектеп қырдан асып кете барады. Соңынан іле шыққандар жаңағы дөңге көтерілсе, дуана ізім-қайым жоқ. Аспанға ұшып кетті ме, жер жұтты ма, оны ешкім білмейді. Қыстың күндері де соңынан бірге шығып аңдып көріпті, сонда ақ қардың үстінде әр жерден бір түскен табанының ізін ғана көрінеді екен.

Ол кезде ойын баласымыз, әлі есімде, жаз болса ақ көйлек-дамбал, қыста шекпен киетін дуана қыр асып аудан жақтан келе жатқанда, бір топ бала «уралап» алдынан шығамыз. Ол заманда ас тұзы қат болатын. Әйелдер жағы Баянға кеткен Ыбекеңе ас тұзын, басқадай керек-жарағын қосып жатады. Соның бәрін ерінбей жинап-теріп алып келетін, – деп еске алады бүгінде Нығмет ақсақал.

Сол кезден жеткен бір әңгіме: Бірде «Бірінші май» колхозының басқармасы Иманбеков Хамзе деген адам ауданға кетіп бара жатқан дуанаға: «Ыбеке,Баянға өзіңізбен жарты қап сұлы ала кетіңізші сырқаты бар бір туысыма бұлауға түсуге қажет еді» – депті. «Жарайды, қарағым» – деп сөзге келмеген дуана қапты иығына салып алып, жортып жүре береді. Дегенмен ол қыр асып кеткесін Хамзе әрі-бері ойланып, «қой, жаяу жүрген адамға сұлы арқалатқаным дұрыс болмас, өзім жеткізіп берейін» деп, Топайкөк деген өзінің мақтаулы атына мініп, соңынан қуа шығады. Қырға көтерілсе, дуана көрінбейді. Жарты жолға барады – жоқ. Осы кісі адасып кеткен жоқ па деп, артына бұрылып та қарайды, көрінбейді. Ақыры сол жүргеннен ерінбей сәске түске қарай Баянға жетіп,  туысының үйіне барса, Ыбырай дуана сол жерден шайын ішіп болып, шығып келеді екен. Жарты қап сұлының шамамен 20-25 кило салмағы бар десек, ол жаяу адамға аз жүк емес. Сонда Ыбырай дуана оны 100 шақырым жерге бірер сағаттың ішінде қалай жеткізді, аспанмен ұшып барды ма, жер басып жүрді ме, оны қолдап жүрген қандай белгісіз күш, ол жағы бізге жұмбақ.

Белгілі баянауылдық өлкетанушы Алтынбек Құрманов өз әкесі Жұмат ақсақалдан естіген мына бір әңгімені айтып еді.

-Бұл бертін, алпысыншы жылдары болған оқиға. Біздің үйде «Құрманның қара аты» дейтін жүйрік қара ат болды. Әкем Қарқаралының «Қоянды» совхозында тұратын бір ағайындардың халін білмекке, осы қара атты мініп жолға шығады. Маяжонның тұсынан өте бергенде, мойнына асқан қоржыны бар, ақ көйлек-дамбал киген бір қария қуып жетіпті. Амандасқасын: «Апырмай, қарағым, атың тым тәуір екен, әрең қуып жеттім» – дейді. Қара ат әлгі адамға жақындағысы келмей, қорс-қорс үрікеді дейді. Әрі-бері жөн сұрасқасын, атам оның Әліпбайдың дуанасы екенін біліп: «Ақсақал, атқа сіз мініңіз, мен жетектейін, тым болмаса мінгесіңіз» – депті. «Жоқ, шырағым, рахмет, Алла сәтін салса, аяңдап өзім де жетем ғой, жолың болсын, жүре бер» – дейді. Сөйтіп төрт-бес қыр асып кеткен әкей сусын ішпек болып Тоқтықыстау деген қыстаққа бұрылады. Барса қойларына қасқыр шапқан екі қойшы тас-талқан болып төбелесіп жатыр да, қашан жеткені белгісіз, Ыбырай дуана әлгі екеуін арашалап жүр екен. Бұл жерден сусын болмасын білген әкей әрі қарай жүре береді. Біраздан соң дуана тағы қуып жетіпті. «Апырмай, мыналар бір Құдайдан безгендер екен, арашалаймын ба деп едім, өзімді төмпештеп тастай жаздады» – деп жаңағы екі қойшыға кейіп жүр дейді. Әкей дуанамен қоштасып әрі кетіп, жолдағы ауылда атамның танысы, ақсақ Әйткен деген кісінің үйін соқса, Ыбыкең сол жерде шайын ішіп, жайбарақат отыр екен. Қашан, қалай жеткені белгісіз.

Әліпбайдың Ыбырайы жайлы осы естелікті жазуға себеп болған адамның бірі – кезінде күрестен КСРО чемпионы болған, өңірге танымал азамат марқұм Зейнолла Сыздықов ағамыз еді. Былай деп әңгімелейді.

-Ол кезде Екібастұздың дүркіреп қайта ашылып жатқан кезі. Өндірісте қазақ жұмыскерлері аз. Көбісі келімсектер, сотталып жазасын өтеп жүргендер. Әлі есімде, Баянауылдан Екібастұзға қоныс аударып келген 48 үй болатынбыз. Қай жақтан қалай жететіні белгісіз, кей уақта ағайынның амандығын білмекке Әліпбайдың дуанасы соғып кететін еді. Қолында сылдырмақы асатаяғы, бас киімінде үкісі болады, аяғында кебіс-мәсі. Ондайды көрмеген ел-жұрт таң қалып қарайтын. Бір топ бала шуылдасып соңында жүреміз. Мені алдына салып алып, үй-үйді аралап шығады. Бірақ бір жерді байыздап отырып, тамақ ішпейді. Дастарханнан бірдеңе татқан болады да, «Алла хақ!» деп шығып жүре береді. Бір ғажабы, бұл кісі темір жол мен паровоздан қатты қорқушы еді. Парововозды көргенде: «Астапыралла, сайтан келе жатыр!» – деп, жанын қоярға жер таппайтын. Сосын Баянға қарай қайтарда жетектеп, темір жолдан өткізіп жіберем, одан кейін көзден ғайып боп жүре береді. Тағы бір ғажабы, бұл кісі жүргенде, аяғы көзге көрінбейтін секілді болатын. Дуана атамыз жайлы ел ішінде түрлі әңгіме көп, оны қайсы бірін айта бересің, – дейді Зейнолла аға.

Осы Ыбырай дуана жөнінде Баянауылдан шыққан белгілі ғалым-геолог Қалкен Жәмінов деген ағамыз сонау бір жылдары «Жұлдыз» журналына «Желаяқ хат тасушы» деген атаумен мақала берген екен. Ол уақытта дуананың көзін көрген адамдар әлі бар кезі, Қалекеңе біраз әңгіме айтыпты. Солардан бірер мысал келтіре кеткенді жөн көрдік.

Соғыс уағында жүз шақырым жерге күнбе-күн жаяу қатынайды деген дуананың әңгімесі Баян еліне тез тарайды. Бұндайды қалт жібермейтін аудандық милиция осы шал елді алдап жүрген шығар, тексерейік деп, бірде пошта алып ауылға қарай шыққан Ыбырай дуананың соңына түседі. Бірақ қалың ағаштың ішінен өте бере, көз жазып қалыпты. Әрі-бері қарап таба алмағасын, бұл бізден тығылып қалған екен, не де болса ауылына барып тосып алайық деп, тартып кетеді. Түс ауа аттарын қан-сорпа қылып Белағашқа келсе, дуана қолында құманы, дәрет алып жүр дейді. Өзін қуып келген милицияларды көріп: «Қарақтарым, аттан түсіңдер, сендерге шай дайындатып қойдым, шөлдеріңді басыңдар» – деп жік-жапар болады. Дуананың жай адам емес екеніне милицияның сосын барып көзі жеткен екен.

Қалекең ағамыз өз мақаласында кезінде Төртқұдық кенішінде тұрған, кенттік кеңестің төрағасы болған Төлеуов Қияш ақсақалдың әңгімесін келтіреді.

–Соғыс аяқталған жыл еді, – депті Қиекең. – Аудандық партия комитетінде нұсқаушымын. Астымда мақтаулы жүйрік атым бар. Қазіргі «Бірлік» ауылынан түстеніп, Майқайыңды бетке алып шығып, бір қырдың басында атымды шалдырып тұр едім, «Бірлік» жақтан шыққан шаңды көрдім. Шапқан аттың шаңынан гөрі қоюлау, бірақ шаңдатып келе жатқан ат емес, одан гөрі қарасы шағындау. Ол кезде мотоцикл, машина деген атымен жоқ кезі. Апырмай, бұл не шаң болды екен деп қарап тұрмын. Сөйтсем, шаңдатып келе жатқан жаяу адам екен. Әбден жақындағанда таныдым, Әліпбайдың дуанасы. Оң қолында асатаяқ, сол қолында жай таяқ, аяқ киімін мойнына асып алыпты. Амандасып, жөн сұрасқасын дуана маған қарап:

–Ал, балам, менімен жарысасың ба? – деп сұрады.

–Ой, аға, мінгенім жаман шобыр, сізге жете алам ба? – деп қалжыңдап едім,

–Е, бүгінгі жастар атының бір терін де аяйды, – деп риза болмаған кейіппен жүре берді. Екі қолында екі таяқ, құдды шаңғы тепкен адам секілді. Мен де намысым қозып, атыма міне салып қамшы бастым. Бірақ дуана артына будақ-будақ шаң қалдырып, көзден ғайып болды, – деген әңгімені айтқан екен Қияш ақсақал.

Сөйткен Ыбырай – Әліпбайдың дуанасы соғыс біткен күні ауылдық советтің төрағасына келіп: «Ал, қарағым, соғысың аяқталды, менің де жұмысым бітті, енді поштаңа өзің ие бол» – деп қоржынын тапсырып, шығып кетіпті.

Қалкең өз мақаласында Ыбырай дуананың ағасының баласы Иманжұпардың естелігін де келтіреді.

–Күнбе-күн Керекуге барып келетін Ыбырай әкеміз жасы келген соң кеудесі қысып, жатып қала беретін болды. Ауылдан ұзап ешқайда шықпайды. Сөйтіп жүргенде, бір күні жоқ боп кетті. Екі-үш күн оралмағасын, астыма әлді ат мініп, азық алып, іздеп шықтым. Бірнеше күн өтті, бірақ көрдім-білдім деген бір адам жоқ. Ақыры шаршап, бір зираттың етегінде демалып жатыр едім, молалардың ішінде жүрген әкейді көріп қалдым. Қасына барам дегенше, көзден ғайып болды. Содан сол маңайға түнеп, ертесінде ол кісіні қорымның ішінде ұйықтап жатқан жерінен таптым. Өзі әбден жүдеген.

–Әке-ау, қайда жүрсіз, сізді іздеп бармаған жерім жоқ, – деп едім,

–Мен Алланың тапсырмасын орындап жүрмін, оны саған білудің қажеті жоқ, – деді де қойды. Оның бір апта бойы қайда жүрген, не істегені солай жұмбақ күйінде қалды, – деген әңгіме айтыпты Иманжұпар марқұм.

Ыбекең секілді ерекше қасиетке ие адамдарды ел іші ерте уақыттан«оның иесі бар, кісісі бар» деп жатады. Яғни бұл адамдардың басқа бір параллельді әлеммен байланысы бар, оларды сол әлеммен жалғастыратын бізге белгісіз бір күш бар деген сөз. Олар кімдер? Жын-перілер ме? Жындардың да мұсылманы, кәпірі болады деп жатамыз. Сол «мұсылман» жындар ма? Осыған нанбайын десең, мына бір оқиға еріксіз иландырады.

Бүгінде Белағаш ауылында Ыбырай дуананың қызынан туған Торғай деген әпкеміз тұрып жатыр. Бұл кісі сәби шағынан Ыбекеңнің бауырында өскен екен. «Атамның иесі бізді әлі айналдырып жүр, – дейді өз әңгімесінде Торғай апай. -Бірақ мына заманда оған ие болып ұстатайтын кім бар? Өз басымнан өткен мына бір оқиғаны айтайын. Ана бір жылы Баянауылдың аудандық емханасында жатып, біраз күн ем алдым. Жаз мезгілі еді. Бірде кешқұрымы төсекке қисайғасын, терезеге көзім түсіп кеткендей болды. Біреу қарап тұрған секілді көрінді. Одан кейінгісі есімде жоқ. Емханадан шығып кетіппін, үстімде халат, аяғымда үйге киетін сүйретпе. Менің қалай шығып кеткенімді дәрігерлерде көрмеген. Осылай екі күн жоғалыппын. Есімді жисам, бір зираттың қасында жатырмын. Күн жауын екен, аздап тоңыппын. Бірақ үстім құрғақ. Анадай жерде қызыл машина мінген бір бала көл жағасында балық аулап отыр екен, әлгігебарып, үйіме жеткізіп салшы деп едім, сөзге келген жоқ. Үйге келсем, жан-жақтағы балаларым, туыс-туғандар жиналған,  у-шу, келген, менің қайда кеткенімді білмей естері шығып жатыр екен. Мен келгесін дереу бір қойларын салып алып, Мәшһүр Жүсіп атамыздың басына алып барып, түнетті. Содан кейін тынышпын» – дейді Торғай апай.

Сонымен сөз аяғын түйіндесек, кешегі кеңес заманында адамның ақылы жете бермейтін небір ғаламаттар жасап, ел-жұртты таң қылған Әліпбайдың Ыбырайы секілді адамдарды дәріптеп жазуға мүмкіндік болмады. Одан кейінгі ондаған жылдар ішінде ескі көздер таусылып, іздеушісі болмағасын, біржола ұмытылуға айналды. Бүгінде осындай адамдар жайлы там-тұмдап дерек жинап, шама келгенше жарыққа шығарып жатырмыз. Бұндағы мақсатымыз, Баянаула-Белағаш жерінде Әліпбайдың Ыбырай (дуанасы) секілді жұмбақ адамының жасап өткенін бүгінгі ұрпақ біле жүрсін деген ой.

Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар