Салынып және жөнделіп жатқан жол сапасына бақылау тетігі қажет

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңының кезекті қонағы Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков болды. Ол «2022 жылы Ақмола облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын  салу және жөндеу жобаларының барысы туралы» баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Өңірдің автомобиль жолдары 8 мың шақырымға жуық. Оның 2,3 мың шақырымы республикалық дәрежедегі, 2,7 шақырымы облыстық және аудандық дәрежедегі жолдар.

Ағымдағы жылы жергілікті жердегі жол құрылысын жүргізу және жолдарды жөндеу мақсатына 60 303,3 миллион теңге бөлінген. Осы қаражатқа 217 жоба жүзеге асырылуға тиіс. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына таяу орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кешенді жоспары, облыстық дәрежедегі автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеуі, «Ауыл –ел бесігі» арнайы жобасы, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспары, өңірді, шағын қалаларды дамыту жоспарлары бар.

Осылай дей келе Владимир Кулаков одан әрі әрбір жобаға тоқталып, оған жұмсалатын қаражат, атқарылатын жұмыстар ауқымын баян етті. Мәселен, Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылының ішкі жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге 500 миллион теңге бөлінген. Жұмысты атқарушы  «Компания Энергодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шортанды ауданындағы Ключи ауылына кіреберіс  жолдың күрделі жөндеуіне 202,2 миллион теңге қарастырылған. Оны «Титан Север» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындамақ.

–Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қолданылатын шикізаттардың сапасы, оның технологиялық орындалуы барысына баса назар аударудамыз. Өйткені, ол жол сапасына әсер етпек. Ол үшін бес деңгейлі қадағалау қолданылып, техникалық және авторлық бақылау, мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалауы, Ақмола облыстық жол сапасы активі Ұлттық орталығы,зертханалар қатыстырылып, асфальтбетон, қиыршық тас, тағы басқа пайдаланылатын материалдар сапасы тексеріледі, – деді ол.

–Карьерлер бар өңірлерде жаңа салынған жолдар, төселген асфальт жолдар үстімен 40 және 60 тонналық ауыр жүк машиналарының жүруі тоқталмай келеді. Сондықтан, салынған жолдың бүлінуі туралы тұрғындардың дабыл қағуы орынды. Негізі, ол жолдармен тек 10 тоннадан аспайтын көліктер ғана жүруі керек. Біз осы мәселеге қатысы бар барлық мекемелерге хат жолдадық. Бірақ, әзір еш нәтиже болмай тұр, – деп жауап берді журналист сұрағына Владимир Кулаков. Сондай-ақ, брифинг қонағы «Қоғамдық ұйымдар, белсенділер, блогерлер құрылысшылар жұмысына бөгет болмай ма?», «Жол құрылысына қажетті материалдар жеткілікті ме?» деген сұрақтарына да жауап қайтарды. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, қоғам белсенділері көтеретін мәселелер істің сапалы орындалуына игі әсер етпек. Ал, жол құрылысына қажет қиыршық тас біздің өңірде жеткілікті. Өздерінде жоқ болған соң  Солтүстік Қазақстан облысы оны бізден тасымалдауда. Тек, битум еліміз бойынша Павлодар, Шымкент, Ақтау қалаларында ғана шығарылады. Әзірге одан да тапшылық жоқ.

Сөйтіп, қорыта айтқанда, құрылысшылар жол құрылысын тоқтаусыз жүргізіп, сапасына баса назар аударуды мақсат етіп отыр.

                                                                                                                               «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар