Өңірде 2025 жылға дейін ауыз су мәселесі толық шешілмекші

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сумен жабдықтау және су бұру объектілерін салу және пайдалану бөлімінің басшысы Игорь Макаров «Ақмола облысының халқын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету» туралы брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Мемлекет басшысы «Мықты өңірлер – еліміз дамуының іргетасы» ұлттық жобасының аясында бүкіл елімізді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді міндет еткен  болатын. Бүгінгі таңда Ақмола облысы қалаларының тұрғындары 95,1 пайыз таза сумен қамтылған. Ал, ауыл тұрғындарының қамтылуы 89,3 пайыз.

2022 жылы қалалар бойынша бұл көрсеткішті ұлғайту жоспары 95,3 пайызды құраса, оған 3,6 миллиард теңгенің 3 жобасын жүзеге асыру арқылы қол жетпекші. Аталған жобаларды аяқтау үшін биылғы жылы республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінген.

Ауылдық жерлердегі елді мекендердің сумен қамтамасыз етілуінің жоспарлы көрсеткіші 89,7 пайыз. Ол жоспарды орындау үшін 4,4 миллиард теңге тұратын 10 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың аяқталуы үшін 2 миллиард теңге бөлінген.

2025 жылдың аяғына дейін 68 ауылға су желісі тартылмақшы. 30 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. 72 ауылғакешенді блок-модулдер орнатылмақ. 37 тұрғыны аз ауылда сүзгілі ұңғы қазып, су тарату пункттері ашылмақ.

Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында тағы 13 жобалық-сметалық құжаттар жасақталу үстінде. Облыс бойынша барлығы 34,6 миллиард теңгеге 44 жоба қазірдің өзінде дайындалған.18 елді мекенде бүгінгі таңда жер асты суларын іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 370,2 миллион теңге қаражат бөлінген.

2022 жылдың бюджетінде  барлығы 17 миллиард теңгенің 63 жобасы қарастырылған. Жыл аяғына дейін 330 шақырым су желісі салынып немесе қайта құрылып, 6,5 мың облыс тұрғыны орталық су жүйесіне қосылмақшы. Қорыта айтқанда, 2025 жылға дейін  облыс тұрғындарын 100 пайыз сумен қамту көзделуде.

                                                                                                                                   «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар