Спорт – өмірдің ажырамас бөлігі

Өткен бейсенбі күні Тәуелсіздік алаңында Спорт күніне арналған салтанатты шара болып, онда облыс әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар спортшылар мен спорт саласының ардагерлерін марапаттады.

– Дәл бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Дара» таланттарын қолдау қорының бастамасымен Көкшетау қаласында үлкен спорттық шара – «Тартл фэст» (Тartyl fest) турникте тартылу бойынша фестивалі өткізілуі – біз үшін үлкен қуаныш, – деген өңір басшысы, спорт қауымдастығын кәсіби мерекемен құттықтап, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана облыс спортшыларының республикалық және халықаралық жарыстарда 917 медаль жеңіп алғанын, Ұлттық құрама командалар құрамында 449 ақмолалық тәрбиеленуші барын еске салды.

–Біздің спортшыларымыздың жетістіктерінің арқасында әлемдік аренада Қазақстанның туы бір емес, бірнеше рет көтерілгенін ерекше атап өткім келеді, – деп атап өткен өңір басшысы барлық спортшыларға, бапкерлер мен ардагерлерге Ақмола облысында спортты дамыту жолындағы жемісті еңбектері үшін шынайы алғысын білдіріп, кәсіби мерекеде зор денсаулық пен жаңа жеңістер тіледі.

Сондай-ақ, биылғы жылы жетекші спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда табысты өнерлерін әрі жалғастырды. Давид Дегтярев Оңтүстік Кореяда өткен Азия және Океания ашық чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алып, өзінің жоғары деңгейін тағы растаған. Түркияда бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Дина Жоламан мен Карина Ибрагимова қола жүлдегер атанды. Әйелдер күресінен Азия чемпионатында (Қырғызстан) Ирина Кузнецова чемпион атанса, Эллада Махяддинова мен Александра Зайцева қола жүлдеге ие болды.

Тәжікстанда өткен Азия чемпионатында Евгений Гидич командалық жарыста алтын жеңіп алды. Елизавета Гринберг жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында трек жарысында күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Андрей Чугай Үндістанда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бүгінде біз халықаралық ареналарда өзін жақсы жағынан көрсете білген жас спортшыларға үміт артып отырмыз. Мамыр айында Францияда өткен Бүкіләлемдік 19-шы жазғы гимназияға облыстың төрт спортшысы ұлттық құрама сапында алғаш рет қатысып, бокс, бадминтон, еркін күрес, садақ ату бойынша жарыс көрігін қыздырды.

Өңірімізде халықтың бос уақытта демалысын ұйымдастыру үшін заманауи спорт алаңдарын  орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндай объектілердің құрылысына жергілікті бюджетпен қатар шаруашылық субъектілерінің де қаржылары бөлінуде.  Облыс бойынша өткен жылы 34, биылғы жылы 50 спорт алаңы жабдықталған.

Сонымен, спорт күніне арналған салтанатты шарада дене шынықтыру мен спортты салауатты өмір салтына айналдырған адамдар ерекше алғыс пен ризашылық сезімдеріне бөленді. Спорт саласындағы еңбегінің нәтижесіне қол жеткізген жоғары жетістіктері үшін 25 спортшы  «Құрметті спорт қызметкері» және «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілеріне, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі мен Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Салтанатты шара 300-ге жуық спортшы қатысқан Республикалық Tartyl Fest спорттық фестивалімен жалғасты. Онда ең жас қатысушы бес жасар Валерия Дмитриева, ал, ең үлкені 80 жастағы Владислав Изюмский болды. Мұндай жарыс Street Workout бойынша әлемнің және Қазақстанның бірнеше дүркін рекордшысы Айтым Жақыповтың ұйымдастыруымен еліміздің 14 қаласында өткізілуде.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың денсаулығын нығайтуға және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға  баса назар аударып отыр. Осыған орай, Ақмола өңірінде де дене шынықтырумен және спортпен айналысатындар саны жылдан-жылға артып келеді, олардың саны бүгінде 262 707 адамға жеткен. Өңіріміз бұл көрсеткіш бойынша республикада үшінші орында тұр.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар