Техникалық маман даярлаудың жаңа мүмкіндігі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Корея елінің өкілдері өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Осы келісімге сай  Оңтүстік Кореяның 60 үздік университеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылатын болады.

Екі жақ та білімге инвестиция салу арқылы білім беруді, ғылыми және техникалық ынтымақтастықты дамыту аясында техникалық кадр даярлаумен бірге бизнесті басқару, инжиниринг және менеджмент саласында білім беруді дамытуға ынталы болып отыр.

Оңтүстік Кореяның «WOOSONG» білім беру қоры делегациясының мүшелері өздерінің байтақ Қазақстанның кеңдігі мен көз тартар көріктілігіне таңқалғандарын жасыра алмады.

Қазақстанның қашанда толеранттылығымен және достығымен танымал болғанына тоқталған Ермек Боранбайұлы өзінің құттықтау сөзінде бір ғана біздің облыста жүзден астам этнос өкілдері тұратындығын, оның ішінде бір жарым мыңға жуық кәрістер бар екенін атап өтті.

– Біздің елдерді әрқашан достық, сындарлы қарым-қатынастар байланыстырып келеді, – деген өңір басшысы  биыл  Дал Йонг Лидің қолдауымен Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледжінің 20 студенті үш айлық онлайн курстарын аяқтап, көшбасшылық, кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылықтың тиісті бағыттары бойынша сертификаттар алды. Бұл оқытулар «WOOSONG»  университеті мен SOLDBRIDGE халықаралық бизнес мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Алдағы уақытта да әріптесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Ермек Маржықпаев.

Оңтүстік кореялық «WOOSONG» колледжінің президенті Дал Йонг Ли, «WOOSONG»  университетінің халықаралық мектептерінің деканы Ю Тэк Ли  өздері басқаратын оқу орындары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, өңір басшысының қабылдауына алғыс айтып, «WOOSONG» көрмесіне шақырды.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев пен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаевқа аталмыш университеттердегі қазіргі академиялық ұтқырлық жүйесі, оның аясында студенттер белгілі бір уақыт аралығында білім алып, оқытушылар шетелдік жоғары оқу орындарында біліктіліктерін арттыратыны туралы ақпараттар берді.

Көкшетаудағы жоғары оқу орындары  оңтүстік кореялық оқытушыларды қабылдауға, олардың жұмыс істеуіне және өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға ынталы болып отыр. Корей оқу орындарының өкілдері көкшетаулық ғалымдарды белгілі бір бағыттар бойынша дәріс оқуға шақырды.

Кездесу соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен Оңтүстік Кореяның «WOOSONG» президенті Дал Йонг Ли ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

 Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Нина МИТЧИНОВА.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар