Бей-берекет қоқыс үйінділері қоршаған ортаға зардабын тигізуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаев «2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша экологиялық заңнаманың сақталуына жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы» баяндады.

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі тарапынан алдын алу бағытында жеті, жоспардан тыс он тексеру шаралары жүргізілген. Сонымен, профилактикалық бақылау бойынша жаңа Экологиялық кодекстің енуіне байланысты Кәсіпкерлік кодексіне де өзгерістер енгізілген. Осыған орай енді профилактикалық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласында бірінші санаттағы нысандарда заң бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалатын болады.

Тексерулерге жеке тоқталған хабарламашының айтуынша, «Көкшетау Су Арнасы» шаруашылығы жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қатысты профилактикалық бақылау жүргізіліп, келесідей бұзушылықтар байқалған.  Мәселен, Краснояр ауылындағы су жинағыш тоғанында сарқынды суларды рұқсатсыз ағызу фактісі және төгінділердің нормативтерінің асып кетуі,  өндірістік экологиялық бақылаудың толық емес деректерін ұсыну, кәсіпорын көгалдандыру бөлігінде табиғат қорғау жоспарын толық көлемде орындамауы, сарқынды суларды жинақтау орнында төгінділер нормативтерінің асып кетуі анықталған.

– Аталған кемшіліктер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, кәсіпорынға екі миллионға жуық айыппұл салынып, кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді. Сонымен қатар, облыс аумағындағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – бей-берекет қоқыс үйінділері. Ағымдағы жылы облыс аумағында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының жүргізген ғарыштық түсірілімдері бойынша 674 стихиялық қоқыс үйінділері анықталды. Ол үйінділерінің басым бөлігі Целиноград, Аршалы, Біржан сал, Бурабай, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласы аумағында орналасқан. Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі аталған қоқыс үйінділерін зерделеп геопорталға енгізді. Жергілікі атқарушы органдармен бірлесе отырып, бүгінгі таңда аталған қоқыс үйінділерінің 615-і жойылды. Стихиялық қоқыс орындарын жою бойынша тиісті деңгейде жұмыстар жүргізбегені үшін Аршалы, Целиноград, Біржан сал аудандарының осы салаға жауапты тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Стихиялық қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстар одан әрі жалғастырыла беретін болады, – дейді хабарламашы Қадырхан Қиықбайұлы.

«Өркен» серіктестігі «Өркен – Атансор» өкілдігі тарапынан автокөлік шығарындыларының нормадан асып кетуі, кәсіпорын және қойма аумағында өндіріс және тұтыну қалдықтарымен ластану сияқты кемшіліктер анықталып, оны жою бойынша кәсіпорынға нұсқама беріліп, айыппұл салынған. Ал, «Алтынтау – Көкшетау» акционерлік қоғамына қатысты профилактикалық бақылау мен қатар Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру барысында мемлекеттік экологиялық сараптама қортындысының шарттарын сақтамау, сондай-ақ, әртүрлі қауіпті қалдықтарды өндіріс  процесінде оларды өзара араластыруға тыйым салуды сақтамау, қалдықтарды орналастыру нормативтерінің қолданыстағы жобасында тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары оның ішінде кенеусіз (кондициялы емес) кендерді орналастыру фактісі көрсетілмеген. Бұл бұзушылықтар өрескел бұзушылықтар қатарына жатады. Аталған бұзушылықтар бойынша үш әкімшілік хаттама толтырылып, қазіргі кезде Зеренді аудандық сотында қарастырылуда. Жоспардан тыс тексеру бойынша ағымдағы жылдың жартыжылдығында департамент тарапынан он тексеру жүргізілген.

Сонымен қатар, Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы негізінде «Макинск Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына және «Макинск завод теплоизоляция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру барысында прокуратура талабында көрсетілген бұзушылықтар дәлелденіп, «Макинск Жылу» мекемесіне, «Макинск завод теплоизоляция» ЖШС-іне айыппұл салынған. Жалпы, аталған кемшіліктерді жою бойынша кәсіпорындарға нақты уақыттарын көрсете отырып нұсқамалар берілген. Нұсқамалардың орындалуы мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің үздіксіз бақылауында болмақшы.

Ағымдағы жылдың жарты жылдығында департамент тарапынан жүргізілген барлық тексерулер қорытындысы бойынша 27 әкімшілік айыппұл салынып, оның ішінде 26 айыппұл бойынша 23 865 175 теңге өндіріліп, бір айыппұл мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сот орындаушыларына жіберілген.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар