Конституция күні лайықты аталып өтеді

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірімізде  Конституция күнін мерекелеу аясында Ақмола облысында 100-ден астам түрлі форматтағы  іс-шаралар өткізу жоспарланғанын баяндады. 

– Оның 10-нан астамы негізгі іс-шаралар боылп табылады. Атап айтқанда, заңгерлер, құқықтанушылар, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйымдар мен сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Конституция және қоғам мен мемлекетті жаңғырту» ғылыми-практикалық конференциясы, Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты жаңа саяси реформалардың перспективаларын талқылау бойынша «Ата Заң – айбыным» деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны, «Үздік балалар» облыстық байқауы, «Туған жерім» облыстық эссе байқауы, жас суретшілердің «Бояулар құпиясы» облыстық байқауы ұйымдастырылады.

Өзге іс-шаралар аясында «Ата заң – тәуелсіздіктің негізі» мұражай сабақтары, «Конституция – келешек кепілі», «Сәлем саған, туған жер!» патриоттық әндер байқауы, «Ата заң – адам құқығының тірегі» атты ақпараттық көрмелер, көшелік викториналар, челендждер, әлеуметтік желілердегі экспресс- сауалнамалар, конкурстар, өңірлік жастар ресурстық орталықтарының алаңдары базасында зияткерлік конкурстар өткізіледі, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, бұл күндері ұлттық дәстүрді насихаттау мақсатында Аршалы, Целиноград, Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Біржан сал, Бурабай, Зеренді аудандарында «Арқа жері – сал-серілер елі» тақырыбында экспедиция басталды.

Күні кеше ғана облыс орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Жиын барысында елге еңбегі сіңген бірқатар жандарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етіліп, «Еңбек жолы», «Ақмола облысының үздік еріктісі» атты облыстық байқаулардың және «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Осындай іс-шаралар өңірлердің бірінші басшыларының қатысуымен облыстың барлық аудандары мен қалаларында өткізілді.

Осы күндері Бурабай кентінде қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен Open air «Бурабай – 2022» шарасы өткізілуде. Сонымен қатар, еңбек ұжымдарында Конституция күнін мерекелеудің  мән-маңызын, азаматтардың құқықтарына  Конституциялық кепілдіктерді түсіндіру мақсатында кездесулер өткізілді.

–  Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Қосшы қаласында  1200 орындық жалпы білім беретін мектеп және бір ауысымда  100 адам қабылдайтын емхана, Қорғалжын ауданының Сабынды ауылындағы  жекеменшік балабақша, (күрделі жөндеуден кейін) Астрахан ауданының Лозовое ауылындағы мектеп, Жақсы ауданының Жақсы ауылындағы 18 пәтерлік тұрғын үй, Жарқайың ауданының Державинск қаласындағы Н.Крупская атындағы мектеп жанынан инклюзивтік білім берудің ресурстық орталығы, Ерейментау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Алтынай Байқадамқызы.

Сонымен  қатар, елді мекендерде тақырыптық көрнекі-визуалды безендіру  бойынша жұмыс жүргізіледі деп жоспарланғаны айтылды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар