Ұстаздар ұясы

Жас ұрпаққа берік білім, тәлімді тәрбие берумен аты шыққан Құдабаевтар әулетінің еңбек өтілін есептегенде 348 жыл болады екен. Бір әулеттің осыншама уақыт бойы білім саласына еңбек сіңіруі айта қаларлықтай дүние.

Мынау жарық әлемде білмекке құмар, білімге ынтызар ұрпақ тәрбиелеудің соқпағы Қажыбай Құдабайұлынан бастау алады. Зерлі Зеренді өңірінің зерделі азаматы ұстаздық ұлы жолдың балғын бастауын 1935 жылдың сұрапыл жылдарында бастаған екен. 1937 жылы педагогикалық училищені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Алаш аспанындағы қара түнекті білімнің сәулелі шуағымен жарық етуді мұрат тұтып, Зеренді ауданындағы бастауыш мектептен алғашқы еңбек жолын бастайды. Бұл кезең шынтуайтында білім түгіл бас қайғы болып жатқан уақыт. Алтайдан Атырауға дейінгі кең-байтақ қазақ даласын аштықтың адамды аяуды білмес алапат лебі есіп тұрған. Қажыбай Құдабайұлы болса ел басына төнген нәубетті, кәтепті қара нар көтере алмас ауыртпалықты қазақ баласы біліммен ғана жеңіп, білікпен ғана еңсереді деп түйсінген. 1939-1941 жылдары шоқ жұлдыздай шағын ғана Жолдыбай ауылында алғашқы жеті жылдық мектептің ашылуына ұйытқы болды. Көкшетау төңірегіндегі алғашқы мектептердің бірі. Айта қаларлықтай жаңалық. Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, шағындау болып көрінгенімен, сол жылдардағы ауыртпалықты ақыл таразысына салып безбендейтін болсақ, шағын ауылда жеті жылдық мектептің ашылуы айта қаларлықтай жаңалық болатын.

Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға ұмтылған Қажыбай Құдабайұлы 1939 жылы фин соғысына қатысып, қан майданда ерлігімен танылған жауынгер. Туған жерге деген перзенттік махаббатының молдығынан болар, Ұлы Отан соғысына да өзі сұранып, аттанған. Бұл да зиялы азаматтың жүрегіндегі елге, жерге деген патриоттық сезімнің молдығының көрінісі. Майдан даласында жараланып, елге оралады. Оралған соң жарақатының жан қинайтын зардабына қарамастан, әуел баста ізгі жүректің қалауымен қапысыз таңдап алған ұстаздық еңбегін жалғастырады. Майдангер ұстаздың білім саласындағы мол еңбегі заманында жоғары бағаланған. Кеңес Одағы мұғалімдер съезіне делегат болып сайланып, Мәскеу қаласында М.И.Калининнің қолынан «Еңбектегі ерекшелігі үшін» медалін алады.

–Қазіргі Жолдыбай ауылы ол заманда «Амангелді» ұжымшары атанатын. Бұл ұжымшардың іргетасы сонау 1934 жылы қаланған. Келер жылы ел ішіндегі балаларға алғашқы білім беру мекемесі ашылды. Мектеп те емес, кішкентай үйдегі білім ошағы. 1936 жылы әуелі төрт жылдық, кейін арада үш жыл өткен соң жеті жылдық мектеп ашылды. Осы мектептің ашылуына айрықша үлес қосқан ардақты азамат, ұлағатты ұстаз Қажыбай Құдабайұлы болатын. Өз қолымен құрған білім ошағына 1939-1941 жылдары басшылық жасады, – дейді Жолдыбай негізгі мектебінің директоры Ардақ Болатұлы, – жалғыз біздің ғана мектебіміз емес, жалпы білім саласына қосқан үлесі өте зор.

Ұстаздар әулетінің тағы бір тамаша өкілі Айнұр Ахметжанқызы 1939 жылы туған. Кеңөткел ауылдық мектебінде балғындарға берік білім, тәлім-тәрбие беретін ұлағатты ұстаз ретінде тұп-тура 38 жыл мағыналы әрі мазмұнды еңбек еткен. Бала жанының бағбаны жас шәкірттердің көкірегіне  білім нәрін құюмен қатар, мынау жарық дүниеге он перзент әкеліп, өсіріп өндірген. Шағын ауылдың ортасындағы білім ошағында еңбек ете жүріп, бар ғұмырын ізденумен, өз білімін жетілдірумен айналысқан. Сол тамаша еңбегінің арқасында ұлағатты ұстаз деген аты шығып, лайықты абыройға бөленген. Жоғарыда біз еселі еңбегін толайым толық болмаса да, ішінара айтып өткен Қажыбай атамыздың ұлы Кенесары өз қызметін 1970 жылы бастапты. Он жыл мұғалім болып істеген Кенесары Қажыбайұлының келіні Анар Құдабаева облыс орталығындағы №16 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі  болып 16 жыл еңбек еткен. Қызы Мүслима Қажыбайқызы 1969 жылы ұстаздық жолын Зеренді ауданына қарасты Октябрь ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастап 26 жыл жұмыс істеген. Жай ғана еңбек емес, жас ұрпақтың тәрбиесіне тұла бойындағы білімі мен білігін сарп етіп, келер күндердің көкжиегін кеңейтуге, шәкірттерінің дүние-танымын берік қалыптастырып, ой-өрісінің кеңеюі жолындағы ерлікке пара-пар еңбек. Ұстаздардың өрісі жайылған ұлағатты ұяның тағы бір тармағы – жиендері Майра Жанайдарқызымен жалғасады. Көкшетау қаласындағы №14 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі ретінде білім беру саласына айта қаларлықтай 22 жыл бойы еңбек сіңірген.

Ілкі заманнан бері айтылып келе жатқан «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөз бар. білім шуағы шалқыған шаңырақтың әдемі сәулесіне әр беріп, өз бойындағы ұстаздыққа деген ынтызарлықпен жалғастырған Айтжан Қажыбайұлы болса еңбек жолын Өндіріс ауылындағы білім ошағындағы орыс тілінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Шағалалы агробизнес колледжінде агрономия пәнінің оқушысы болып еңбек еткен.

–Мектеп бітіргеннен кейін білім алуға ұмтылдық, – дейді Айтжан Қажыбайұлы, – Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумын қызыл дипломмен бітірдім. Кейін Мәскеудегі Тимирязев академиясын да қызыл дипломмен аяқтадым. Әуел баста ауыл шаруашылығының маманы болғым келгені де рас, бірақ, тіршіліктің соқпағы ұстаздық әлемге алып келді. Осы салада 34 жыл қызмет істедім. Негізі жас ұрпақты тәрбиелеуге, шынайы білікті, білімді маман тәрбиелеуге үлес қоса білгенге не жетсін?! Жұбайым Лена Нұрсәлімқызы да әуелі екі жыл балабақшада жұмыс істегеннен кейін Шағалалы агробизнес колледжінде мұғалім болып қызмет етті. Жалпы еңбек өтілі 37 жыл.

Өз еңбектерімен білім саласының көкөрім көшеттеріне нәр құйған қос ұстаз бүгінде зейнет демалысында. Әйтсе де, өкшелерін басып келе жатқан бауырларына өздерінің тәлімді тәрбиелерін, сан жылдар бойы көкіректеріне жинаған бай мұрасын үлгі-өнеге қылып айтып отырады. Алдыңғы буынның абыройлы жолын жалғастыратын кейінгі ұрпақ та баршылық. Мәселен, келіндері Ирина Құдабаева он екі жыл жас құрақтай желкілдеген жас ұрпаққа заман талабына сай тәлім-тәрбие беруде. Тағы бір келіндері Нұржан Құдабаева облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте психология пәнінің оқытушысы, еңбек өтілі 36 жылды құрап отыр.

Білім нұры шалқыған осы әулеттің жалпы жұртқа танымал, көрнекті өкілдерінің бірі Манар Қажыбайқызы. Ол 1977 жылы ұстаздық еңбек жолын Кеңөткел ауылындағы мектептен бастаған болатын. Кейін Көкшетау қаласындағы №18 мектептің директоры болып қызмет етті. Білім саласындағы еңбек өтілі тура 37 жыл. Қазір бауыр еті балаларынан тараған немерелерін тәрбиелеп, солардың қызық-қуанышына бөленіп отыр. Қажыбай ағамыздың тағы бір ұлы Оразбек болса қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы №18 мектепте технология пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етуде. Оның да еңбек өтілі 32 жылды құрайды. Айтбай Қажыбайұлы Целиноград қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде 11 жыл жұмыс істеген. Осы әулеттің бір өкілі Баян Сәттібайқызы Көкшетау қаласындағы №15 «Әсел» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етіп жүр. Сөз арасында Баян Сәттібайқызының өз ісінің білікті маманы екенін айта кеткеніміз жөн. Қалалық білім беру бөлімінің Құрмет граммотасымен марапатталған.

Міне, бір әулеттің білмекке құштар, білімге ынтызар ұрпағының білім беру саласындағы мол да мазмұнды еңбек өтілін тілге тиек еттік. Іс-тәжірибелерін, озық өнегесін кеңейтіп жазса, көл-көсір дүние. Ең бастысы, өзгеге үлгі болар өзіндік берік бекем, анық байлауы бар. Алдарында темірқазықтай нұрын шашып қияға жетелейтін әдемі сәуле себезгілейді. Ол сәуле бар адамзат ынтызар болып келе жатқан білім сәулесі. Әлем ажарын әдемі ететін де осы күш емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар