Еліміздің келешегін кемел етуге ниетті болсақ, бірігейік!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы осы бір ойларға жетелеп отыр.

Қоғамдық өміріміздің бар саласын дамытудың жолдарыжан-жақты   қамтылған бұл Жолдау еліміздің жаңа бағытпен дамырына зор серпін береріне күмән жоқ.  Көңілімізден шықты. Әлем бүгін мазасыз. Жанталасқан  төрткүл дүние өз тіршілігін сақтап қалу үшін қарекет етіп жатқандай. Дүбірлі дүниенің  Ұлы көшінен  қазақ елі, біз де қалып қоймауымыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта өз Жодауында Қазақстанның дамуының негізгі бағыттарын нақтылы айқындап беріп отыр. Егер де біз осы айтылған міндеттерді ойдағыдай орындайтын болсақ, сөз жоқ дамимыз, қуатты елге айналамыз.

«Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс»,-деген Қасым-Жомарт Кемелұлының  саяси жаңғыруды енді экономикалық жаңғыруға ұластыру ойы әбден орынды.   Санамен салмақтай қарап, тереңірек ой жүгіртсеңіз, саяси жаңғырулардың еліміздің тыныс-тіршілігіне, бағыт-бағдарына өзгеріс әкеліп, үміт отын тұтатқандығын қадап айтуымыз керек.

Қазақ елі үшін қазіргідей күрделі кезеңде   Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дара да дана, кемел де көреген саясаткер екендігін жалпақ әлемге  танытып жүр. Саясаты мен қадамы жұрттың көкейінен шығып отырғандығын айтуымыз керек. Өз басым ел тағдыры мен болашағын  ел Президентімен бірге байланыстырғым келеді. Міне, қолымызда жаңа заманның талабына сай Жолдауымыз, бағыт-бағдарымыз бар.

Алдымен экономика туралы өз ойымызды айтатын болсақ, әлі де шешімін күтіп тұрған  проблемалардың бар екендігін Президент те жасырып отырған жоқ. «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз, еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар!

Президент осыны айта отырып,сол түйткілді проблемаларды шешу үшін Үкіметке де, жергілікті атқарушы билік орындарына да нақтылы тапсврмалар жүктеді. Тіпті кейбірінің орындалу мерзімін де атады. Ал, енді осы айтылғандардың пайымына, әр сөздің астарына тереңірек үңілетін болсақ,   салмақпен саралап қарасақ, шикізатқа тәуелді екеніміз, өзіміздің әзірге көп нәрсені ұқсата алмай отырғанымыз да бар емес пе?! Ол ешкімге жасырын  емес қой. Рас, Қазақстан табиғи байлығы ұшан-теңіз, өзіміздің ішкі қажеттілігімізге жетіп артылады. Ендігі арада шикізатқа иек арта бермей, өнім өндіру жағына, барды ұқсата білуге ұмтылсақ қана дамырымыз анық.

Дүниеде дүрбелең басталғалы ауыл шаруашылығына, оның өнімдеріне деген айтарлықтай салмақ түсті, сұраныс артты. Биыл мемлекет облыстық ауыл шаруашылығына субсидия түрінде зор көмек көрсетіп отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия 48,1 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл мол ақша емес пе?! Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдары мемлекеттің осындай демеуімен жұмыс істеп отыр. Әлемдегі қырғиқабақ соғыстың салқынынан ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қосалқы бөлшектердің үш-төрт есе қымбаттап кеткендігін айтып жүр. Мен бұл сөздерді неге айтып отырмын. Мұның барлығы өз елімізде техниканың, оның қосалқы бөлшектерінің шықпайтындығынан болып отыр. Осы жағын да жетілдіруміз керек.

Алдағы уақытта ел еңсесін көтеріп,  ырысымыз толар. Ол үшін бізге қазір жұдырықтай жұмылған тас-түйін бірлік керек. Ынтымақты елдің ғана ырысы молайып, көсегесі көгермекші. Бізді осындай шырқау биікке шығаратын ел ұйытқысы Қасым-Жомарт Тоқаев деп айтар едім. Сынау оңай. Меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел билігінің тізгінің тигені осы биылғы қаңтар оқиғасынан кейін ғой деп ойлаймын. Ең бастысы Президентіміздің бойында әлемдегі ахуалды тамыршыдай тап басып болжай білетін келісті кемеңгерлік бар. Оған білімі де, тәжірибесі де  жетіп жатыр. Сыртқы саясаттың жілігін шағып, майын ішкен, дипломатиялық қызметтің данасы ел ішіндегі ахуалды да мейлінше жақсы біледі. Мына қолымыздағы Жолдауда бұған дейін  айтылмаған  тың ойлар да, белгілі бір нәтиже шығара алмаған тап-тауырын  мәселелер де қамтылғанын айтқым келеді.

Жолдаудағы жұртты елең еткізген бір дүние, мезгілінен бұрын Президент сайлауы өткізілетіндігі болды. Бұл жолғы сайлау ерекше маңызды. Өйткені, ел тағдыры таразыға тартылмақшы. Сондықтан, әрқайсымыз егер елімізге, жұртымызға жанымыз ашып, келешегін кемел етуге ниетті болсақ, бірігейік!

Бірлікте береке бар. Бірлікте кең тынысты, келісті тірлік бар. Алдымызда болашақ атты асқар асу тұр. Сол асқарға тар жол тайғақ кешумен шығаратын жалғыз ғана ел үміті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Сондықтан, алабұртқан көңілдегі сезімді орнықтырып, арайлы күндердің шұғыласына бөлену үшін, тәуелсіздігімізді баянды ету үшін бір ауызды болсақ қана басымыздан бақ таймайды, еліміз нығайады. Осы жай әрқайсымыздың жадымызда болсын!

Қайыргелді ӘКІМБЕКОВ,
 қоғам қайраткері. 

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар